«Жүзеге асырар жобам жеткілікті»

15 Қаңтар 2020, 18:12 3999

«100 жаңа есім-2019» жобасының жеңімпазы Айжан Жүзбайдың жемісті жұмысы

Қытайда кең танымал қазақ дизайнері туралы көбіміз біле бермейтініміз анық. Сырт елде өз кәсібін домалатып отырған Айжан Жүзбай "100 жаңа есім" жобасы туралы өз ойын ашып айтты. 

 Сіз үшін «100 жаңа есім» қандай жоба?

– Мен үшін «100 жаңа есім» аты айтып тұрғанындай, ісімен мәлім, бірақ халыққа танымал емес 100 жаңа адамды халыққа таныстыру. Өйткені жобаға қатысқан азаматтар танысып, табысып, бірге жобалар жасауы мүмкін. Ойында жақсы жобалар тұрып, оны қалай жүзеге асырарын білмей, әр саладан өзіне керек адамдар іздеп жүргендерге «100 жаңа есім» жобасы таптырмас мүмкіндік. Жобаның ішіне кіріп қарасаң, қай саладан болмасын бір мықты маман шығады. Солармен ақылдасу немесе көмек сұрау арқылы, бірлесе жұмыс істеуге болады. Қысқасы, 100 жаңа мүмкіндік ашылады. 

 «Қазақстанның 100 жаңа есімі» болған қандай екен, қандай сезімдесіз?

– Әлі сезіне алған жоқпын. Дегенмен осы жобаға іріктелудің өзі мәртебе, еңбегіңнің бағаланғаны. Жоба қазіргіден де мықты жұмыс істеу керектігін көрсетеді. Жастар жылында қуанышты хабарды естіген кезде қатты қуандым. Бұл мен үшін үлкен жауапкершілік, осы топтың ішіне кіргенімнің өзі үлкен абырой. Болашақты нәтижелі жұмыс істеп, осы атқа лайық болу керек.

 Жобаның мән-маңызы неде деп білесіз?

– Айтып кеткенімдей жобаның мән-маңызы халыққа «100 жаңа есімді» таныстыру және де ауылдың түкпір-түкпірінде арман қуып, кешке жақын өмірім қандай болады, не істесем екен деп қиялдап отырған адамдар үшін, әсіресе, жастар үшін таптырмас мүмкіндік. Өйткені әр адамның тарихын, тағдырын оқып, осылай істеуге болады екен ғой деп ойлайды. Адамдарға мақсат қоюды үйретіп, мен де осы адамдар секілді «100 жаңа есімге» жетемін деген ынта, шабыт, жақсы өмірден үміт береді.

 Қазақстандық жастардың деңгейі қандай?

– Қазақстандық жастардың деңгейі әрқалай. Өйткені бұл – қоғам. Жалпылама түрден алғанда жастарымыздың деңгейі жоғары. Тәуелсіздіктен кейін туған жастар өте еркін, ойларын тік айтады, шығармашылыққа бейім және, кейде, шыдамсыз. Бұрынғыларға қарағанда бөлек жағдайда өскен соң, кейбірі ерке келеді. Дегенмен олар өте білімпаз, жан-жақты және халықаралық деңгейдегі жаңалықтарды біледі. Біз бейбіт өмір сүреміз, тамағымыз тоқ, киіміміз көк, сондықтан қазіргі жастар қай салада болса да озық. Егер экономика бұдан жақсы болса, Жапониядан да асып түсеміз деп ойлаймын. Өйткені қазақстандық сары даланың адамдары ақылынан бөлек, өте төзімді, алға қойған мақсатынан ешқашан таймайды. Бұл қазақтың қанында бар, ұлттық кодымыз осындай. Жастарға биліктен көп мүмкіндік берілсе, еліміз одан әрі дамиды деп білемін.  

 Жастар жылы несімен есте қалды?

 Мен жастар жылының ашылуында болып, дәл Елбасының артында отырдым. Алдын-ала олай ойламағандықтан қызық сезімде едім. Жастар сөйлеп, өздерін көрсетті. Сонда өзіме: «Мен осы жылы бұдан да көп жобалар жасап, қазіргіден де көп жақсы жаңалықтарға қол жеткізуім қажет» дедім. Ақпанның 7-сі күні өмірімде алғаш рет Парламенттің жиналысына қатыстым. Парламент мүшелері өз ісінде белсенді, елге танымал жастарды жиып, олардың елімізді көркейту үшін ұсынған тың идеяларын тыңдады. Сол отырысқа қатысқаным ерекше есімде қалды. Өйткені, бірінші рет қатыстым, екіншіден, бұрын жастарды шақырмайтын. Басшылардың жастарды шақырып, ойын тыңдағандарының өзі олардың жастарға көзқарасы түзу екендігін білдіреді. Жылдың аяғында «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты атандым. Осының барлығымен мен үшін Жастар жылы ерекше есте қалды.

 Инновациялық мата ойлап тапқаныңызды естідік. Сол туралы айта кетсеңіз.

– Магистратура бойынша «Нанотехнологияны зерттеу және өндіріске инновация ендіру» деген тақықырып аясында жұмыс істеп жатырмын. Бұл көбіне өндіріске арналған мата. Мәселен полиция қызметкерерінің, «ҚазМұнайГаз»-да жұмыс істейтін мұнайшылардың немесе «Қазақмыста» қызмет істейтін жұмыскерлерге арналған униформа. Кейде мынадай жағдай болып қалуы мүмкін: Шахтаның іші тас қараңғы. Адам алдында адам түрғанын білуі үшін киімдерге бірдей бір сызықтар, белгілер қойылуы керек. Ондай киімдер кір көтеріп, отқа жанбауы тиіс, су тисе кір жұпайтындай болуы қажет. Сол инновациялық матаны біз тек өндірістік мата ретінде емес, күнделікті, полиция қызметкері де кие алатындай етіп жасағымыз келеді. Арасына қарасора (конопля) қосылатын мата бар. Ол тоқымасы жағынан өте мықты, кір көтереді және көпке шыдамды. Баллистикалық бронды кеудешелер сияқты қорған болатын маталар бар. Оларға темір жұқпайды, 80 пайызға табиғи, синтетика болмайды. Неғұрлым табиғи мата болса, соғұрлым денсаулыққа жақсы. Сондай матаны ойлап шығарудамыз. Әлі толық аяқталған жоқ, бұл жоба аясында жұмыс істеп жатқан 6 ғылыми жетекшім бар. Олар әр елдерден. 1-2 жылдың ішінде дүние жүзіне көрсетеміз деп ойлаймын.

– Токиода өтетін олимпиадаға қатысты спортшыларымыздың киімдерін тігетін байқауға қатысып жатқаныңыз рас па? Толығырақ айтып өтсеңіз.

 – Ұлттық Олимпиада комитеті байқау жариялап, қатыстым. Барлығы 20 дизайнер. Әлі кімнің киімі киілетіні нақты емес. «Алтын қыран» деп аталатын сары түсті киімдер шығардым. Киімді ойлап тапқандағы түпкі ойым: Кенесары ханның, қазақтың рухын көрсету болды. Қырғыздар Кенесары ханды өлтіргелі жатқанда ол: «Қазір өліп бара жатсам да, сендер менің астымда, мен биікте тұрмын», - деген екен. Біріншіден, Кенесарыны қазақтың соңғы ханы дейді. Алайда мен олай ойламаймын. Қазақ үшін жаны пида, қазірдің өзінде адал еңбек етіп жүргендердің барлығы қазақтың ханы. Екіншіден, осы киімді ойлап тапқан кезде бір аңыз іспетті шығармашылық ой келді. Кенесары ханның жаны ұшып, үлкен қыранға айналды. Қазақ елі тәуелсіздік алғанға дейін, 70 жыл бойы көкте қалықтап, осы далада жүріп, егемендікке қол жеткізгеннен соң біздің туымыздың қақ ортасына келіп тұра қалды. Кенесары хан нақты өлі адам болса да, біз үшін мәңгі тірі деп аңыз шығардым. Тарихи деректерді оқып, естігеннен кейін, киімді салып жатқан кезде үш манекеннің алдарына қазақтың үлкен туын жауып қойып, күнде қарап отырып ойлап таптым. Тудың шетінде қазақтың оюы, ортасында күн, астында қыран, көк аспан бар. 

Халқымыз әрдайым бейбіт өмір кешкен. Ешқашан ешкімге шапқыншылық жасамағанбыз, тигенді оңдырмағанбыз дегенді білдіреді. Сондықтан мен үшін Кенесары алтын хан, аңыз адам. Неге мен Ұлттық Олимпиада комитетіне осындай киім құрастырдым? Қыран құс көздегеніне жетеді. Спортшыларымыз Токиоға барғанда барлық алтынды алып келсін, қандай сайысқа түссе де табысты болсын деп киімдерінің артын қыран құстың қанатындай етіп келтірдім. Шапқан, ұшқан қанаттары әрқашан биік болып, тек олжалы қайтсын деген ниетпен жасадым.

Аружан Мырзатай, Ruh.kz

Фото - Джамиля Мурзабекова

Бөлісу: