«Будан» атауларды білеміз бе?

9 Қыркүйек 2017, 19:26 27494

Қазіргі қазақ баспасөзінде будан атаулар аз емес

Бір бөлшегі төл сөзіміз, екінші жартысы кірме сөз немесе шетелдік терминбөлшек болып келетін атаулар тілімізде көп емес еді. Бұрын радиохабар, телехабар деген сияқты аралас құрамды сөздер аз ұшырасатын болса, бүгінгі уақытта олардың саны күрт өсті. Бұл ерекше назар аударатын құбылыс. Будан атаулар санының бірден артуының лингвистикалық, экстралингвистикалық себептерін анықтап, олардың жасалу жолдарын, мағыналық және құрылымдық ерекшеліктерін көрсету өте маңызды іс. Мұндай жұмыстарды атқарып, тиісті талдау жасау үшін алдымен оларды түрлі салалардан жинақтап, жүйелеп алу қажет. Ғылым салаларында да будан атаулар саны артып келеді. Оларды да сала-сала бойынша жинап, терминжасамдағы үлесін, жасалу ерекшеліктерін анықтау керек. Қазіргі қазақ баспасөзінде мына төмендегідей будан атаулар қолданылып жүр: авиатасымал, автоапат, автобекет, автожол, автожарық, автожүргізуші, автомектеп, автомотокөлік, автотұрақ, автоұшқыш, автошеру, агроқалашық, агросаясат, антидағдарыс, аудиокітап, әуебилет, әуевокзал, әуекеросин, бейнекамера, бейнекамера, бейнеклип, бейнемагнитофон, бейнефильм, биоотын, биотөлқұжат, веложарыс, велеошабандоз, геосаясат, геосаяси, дендробақ, еуроаймақ, еуроодақ, зообақ, инфрақұрылым, киноөндіріс, кинотаспа, ксерокөшірме, макроөңір, метеожабдық, микродеңгей, мультинәтиже, санэпидқадағалау, субқоржын, телеайтыс, телеарна, теледидар, тележүздесу, тележүргізуші, телекөрермен, телеөнер, телеойын, телетілші, телехабар, трансұлттық, фотоайғақ, фотобайқау, фотокөрме, фотокөшірме, фотоқадағалау, фотоқондырғы, фотоқұжат, фототілші, экожоба, экоорталық, этносаясат т.б.

Келтірілген мысалдар көрсетіп отырғанындай, қазіргі баспасөзде қолданылып жүрген будан атаулар аз емес екен. Оның себебін ізін бастасақ, бұл ең алдымен, біздің «халықаралық» деп аталып жүрген немесе кең тараған терминбөлшектерді аудармай қабылдау дәстүрін орнықтырумызбен байланысты. Қазақ тілінің жетпіс жылға жуық мерзімге созылған кеңестік терминжасам тәжірибесінде, термин қабылдау қағидаттарында халықаралық терминдер мен негізінен латын, грек тілдеріне тән кең тараған терминбөлшектерді орыс тіліндегі жазылу үлгісіне сай өзгеріссіз қабылдау берік орнықты. Қазақ тілінде термин жасау қарқын ала бастаған тәуелсіздік кезеңінде де осы дәстүр көп бұзылған жоқ. Жекелеген терминбөлшектердің қатысуымен жасалған терминдер аударылып алынғанымен, оларды жаппай аудару құбылысы көрініс берді дуге болмайды. Мысалы, аэро, видео терминбөлшектері әуе, бейне түрінде қазақшаға аударылып алынып жүргендігін жоғарыдағы мысалдардан көруге болады. Сондай-ақ, «телеграмма» атауының «жеделхат» түрінде аударылып, жиі қолданылатын атауға айналғаны белгілі.

Ал жалпы алғанда кең тараған шет тілдік терминбөлшектердің қатысуымен жасалған жүздеген атаулар сол қалпында қолданылып келеді немесе солардың бір бөлігі аударылып будан атаулар жасала бастады. Баспасөз материалдары авиа, авто, агро, анти, аудио, био, вело, гео, дендро, еуро, зоо, инфра, кино, ксеро, макро, метео, микро, мульти, суб, теле, транс, фото, эко, этно сынды кең тараған терминбөлшектердің қатысуымен жасалған көптеген атаулардың екінші бөлігі ғана аударылып жүргендігін көрсетеді. Тағы бір назар аударатын нәрсе – жаңа пайда болған будан атаулардың қазақшаға аударылып алынған екінші сыңарларының көпшілігі орыс сөздері екендігі. Мысалы, авиатасымал (перевозка) автожол (дорого), автожорық (поход), автомотокөлік (транспорт), автотұрақ (стоянка), агроқалашық (городок), аудиокітап (книга), веложарыс (гонка), велошабандоз (гонщик), еуроодақ (союз), инфрақұрылым (структура), киноөндіріс (производства), ксерокөшірме (копия), метеожабдық (оборудование), микродеңгей (уровень), мультинәтиже (результат), тележүргізуші (ведущий), тележүздесу (встреча), телекөрермен (зритель), телеойын (игра), фотоайғақ (докозательство), фотокөрме (выставка), фотокөшірме (копия), фотоқондырғы (установка), экожоба (проект), экоорталық (центр).

Тағы бір назар аударатын будан атаулардың түрі «мәжілісмен» және «газетхана» сияқты жаңа қолданыстар. Мұның бірішісі «мәжіліс» сөзіне ағылшын тіліндегі «адам» деген мағынаны білдіретін «man» сөзін қосу арқылы жасалған. Бұрын сөз алмасуда негізгі көз орыс тілі болып келгені белгілі. «Мәжілісмен» сияқты сөздердің туындауы енді ағылшын тілінен тікелей сөзалмасу құбылысының пайда бола бастағандығының бір көрінісі. Қазақ сөзіне ағылшын сөзін қосып будан атау жасау бұрын байқала бермейтін мейлінше жаңа тәсіл деуге болады. Ал екінішісі қытай қазақтарының тілінде қолданылатын атау. «Газет» тілімізде көптен бері қолданылып жүрген кірме сөз екені мәлім. Оған жалғанып тұрған «хана» қосымшасы тілімізге негізінен өткен ғасыр басында иран тілінен енген, бастапқыда «үй» деген мағынаны білдіретін дербес мағыналы сөз болғанымен, қазір кірмелігі ұмытылып төл жұрнақтарымыздай қолданылатын дәрежеге жеткен.

Калькалау тәсілімен жасалған жаңа атаулар

Жаңадан жасалған терминдер мен жалпы тілдегі атаулар қазіргі термин шығармашылығында, сөзжасам үдерісінде калька тәсілі өте өнімділік танытып отырғаны байқалады. Мына төмендегі атауларға назар аударып көрелік:

Ашық есік күні (день открытых дверей), ашық қоғам (открытое общество), Бір терезе (одного окно), сауда нүктесі (торговая точка), сенім телефоны (телефон доверия), үлкен сегіздік (большая восьмерка), айлық есептік көрсеткіш (месячный рассчетный показатель), әлжуаз жіктер (уязвимые слои) ғаламдық жылыну (всемирное потепление), дыбысжазғыш құрылғы (звукозаписывающее устройство), дыбыш күшейткіш (звукоусилитель), елтаным (страноведение), жол-көлік оқиғасы (дорожно-транспортное проишествие), жүйеқұраушы (системообразующий), зымырантасығыш (ракетаноситель), көлік құралы (транспортное средство), қауіпсіздік белдігі (ремень безопасности), өмірсүйгіш (жизнелюб), тауарөндіруші (товаропроизводитель), төлқұжат үстелі (паспортный стол), ұлтүстілік (сверхнациональный), ұшу-қону жолы/ұшу-қону жолтабаны (взлетно-посадочная полоса), шаруа қожалығы (крестьянское хозяйство) т.б.

Осы күрделі атаулардың барлығы да орыс тілінен калькалау тәсілімен жасалған толық калькалар. Келтірілген мысалдағы калька атаулар бұл тәсілдің қазіргі таңда қандай өнімді тәсілге айналып отырғанын анық көрсетеді. Бұған жартылай калька мен семантикалық калькаларды қосар болсақ, бұл тәсілмен жасалған атаулар саны тағы да арта түспек. Қазіргі баспасөзде кездеспегенімен, арнаулы салалардың өзінде қолданылып жүрген калька тәсілімен жасалған терминдер үлесі тіпті үлкен. Жалпы бұл жеке әңгімеге арқау етіп алып, арнайы зерттеу нысаны ретінде қарастырылуы тиіс мәселе. Дәлірек айтқанда, бұл тақырып кандидаттық диссертация дәрежесінде зерттелу үстінде. Бізде көп жағдайда калькалау тәсілімен жасалған терминдерге қатысты біржақты пікірлер айтылып жатады. Оның басты себептерінің бірі калька тәсілімен жасалған атаулар табиғатының жан-жақты зерттелмеуі екендігін айту керек. Сол себепті тіліміздегі терминжасамның өнімді тәсілдерінің біріне айналып отырған калькалаудың табиғатына тереңірек үңіліп, оның тиімді-тиімсіз қырларын көрсетіп, ғылым тіліндегі калька терминдердің алатын орнын, үлес-салмағын, жетістігі мен кемшіліктерін анықтау міндет.

Бөлісу: