Бейне мен мәтінді үйлестірген суретші

9 Наурыз 2017, 12:55 13673

Аниме жанрында сурет салатын бойжеткен Рикерия Боқаевамен сұхбат

Аниме – жапондықтар ойлап тапқан анимация. Оны сурет салу өнерінің ерекше бір түрі деуге болады. Көпшілік мультфильмдер арқылы танып-біліп жататын бұл жанрға қызығушылық танытатын жастар көп. Солардың бірі – 17 жасар суретші қыз Боқаева Рикерия.

– Рикерия, ең әуелі жалпыға түсінікті болу үшін аниме жанрының өзіне тән ерекшеліктері жөнінде айтып берші.

– Аниме стилінде сурет салу үшін ең бірінші кейіпкерлердің ішкі эмоциясын айқын жеткізе білу шарт. Мұнда көзге ерекше мән беріледі. Тұңғиық үлкен көздер арқылы кейіпкердің мінезін, ойын, сезімін жеткізе білу – басты талаптардың бірі. Мұрын мен ауызға аса мән берілмейді. Кейде оларды кішкене сызық арқылы да бейнелеуге болады. Өзге дене мүшелерін де қиялыңның жетегіне еріп сала бересің. Жалпы менің бір түсінгенім бұл стильде сурет салуға бекінген адам оны тастап кете алмайды.  

– Сурет салуға деген әуестік қалай пайда болды?

– Бала кезімізде ағам сіңілім екеумізге түрлі-түсті бояулар алып беріп, ертегілердегі сан түрлі кейіпкерлердің суретін салуды үйрететін. Мені бейнелеу өнеріне баулыған да сол кісі. Біздің балалық шағымызда теледидардан көрсетіп жататын мультфильмдердегі кейіпкерлердің бірін қалдырмай қағаз бетіне түсіретінмін. Әсіресе аниме стиліндегі бейнелерді көрсеткен тұста теледидарды үзіліс режиміне қойып, қағаз бен қарындашыма жүгіретінмін. Міне сол кезден бері сурет салу менің сүйікті ісіме айналған.

– Естуімше қаржы мамандығы бойынша білім алудасың. Сонда сен үшін сурет өнері тек хобби күйінде қала ма? Болашағыңды қай саламен байланыстырғың келеді?

– Бұл сұрақты маған айналамдағы достарым мен жақындарым да жиі қояды. Абай атамыз: «Екі кеме құйрығын, Ұста, жетсін бұйрығың!» деген екен. Мен екі саланы да қатар алып жүруге тырысамын. Математиканы жетік меңгеріп, есепке мықты болғандықтан ата-анам қаржы саласын таңдағанымды жөн көрді. Мен де қарсылық танытпадым. Ал сурет өнері ол – менің жанымның бір бөлшегі. Сондықтан болашақта екі бағытты үйлестіре отырып қызмет етемін деп ойлаймын.  

– Өз туындыларыңды арнайы бір конкурстарға ұсынып көрдің бе?

– Иә, әрине. Бүгінге дейін біршама сайыстарға қатысып, бағымды сынап, дәрежемді байқап көрдім. Дегенмен республикалық деңгейде өткізілетін ауқымы кең жарыстарға қатыспадым. Жалпы мен өзім белсенді адамдар қатарынан емеспін. Сондықтан да сайыстарға көп қатыса бермеймін. Кейде ғаламтор беттерінен өзімнің жұмыстарымды байқап жатамын. Алайда оның авторы мен екенімді көпшілік біле бермейді.

 Туындыларыңды жұртқа таныстыру мақсатында көрме ұйымдастыру жосапарда жоқ па?  

– Менің бір кемшілігім жасаған жұмыстарымды өтініп сұраған адамға сыйға тарта саламын. Сондықтан да суреттерімнің көбін таратып жібердім. Бүгінде суретті сандық жүйеде планшетке салуға көштім. Әрине әуелі қарандашпен қағаз бетіне салып аламын, кейін оны сканер арқылы сандық жүйеге қосамын. Ал көрме мәселесіне келер болсақ, ол алдағы күннің еншісінде. Ол үшін әлі біраз еңбек етуім керек.

– Байқағанымдай, комикс жанрында салған біршама суреттерің бар екен. Осы бір жанр жөнінде айтып өтші. Оны қолдану идеясы қайдан келді?

– Жалпы, комикс дегеніміз – шағын мәтіні бар суреттер. Яғни бұл сурет пен әңгімені үйлестіру дегенді білдіреді. Ол көбінесе күлкілі жағдайларға негізделеді. Мен әсіресе комикстерді мультфильмдердің кейіпкерлері арқылы жасағанды жақсы көремін. Яғни қоғамда болып жатқан белгілі бір жайттарға деген ойымды аниме стиліне комикс жанрын қолдану арқылы жеткізуге тырысамын.

 

 Жалпы біздің елімізде аниме стиліне деген сұраныс бар ма? Жапон елінен келген сурет өнерінің бұл түрін көпшілік қалай қабылдайды?

– Сұраныс жайлы айтар болсақ, маған жиі жазушылар тарапынан ұсыныс келіп түседі. Мысалы мен бүгінде ресейлік бір қаламгердің шығармаларына аниме суреттер әзірлеудемін. Осы арқылы аниме бағытына деген қызығушылықты байқауға болады. Жалпы мен болашағымды мультипликация саласымен байланыстырғым келеді. Бүгінде елімізде жақсы, сапалы мультфильмдер жоқ емес, бар. Алайда мен балалардың назарын бірден жаулап алатын бояуы қанық, ерекше бейнедегі кейіпкерлері бар мультфильмдер шығаруды армандаймын. Сол арманымды ой елегінен өткізіп, жоспарлап та қойдым. Бәлкім бұл қадамымды бәз біреулер өзге елдің өнерін дәріптеу деп қабылдайтын болар, енді біреулер плагиат жасаудың не қажеті бар деп ойлауы мүмкін. Бірақ, мен мақсатымнан таймаймын. Аниме стилінде мультипликациялық ойын жасап шығару көп мақсаттарымның бірі. Сол үшін шетелде білімімді жетілдіріп келуді жоспарлап отырмын.

– Әңгімеңе рахмет! Армандарыңның орындалуына тілектеспін!

Жазира Берғалиева
Бөлісу: