Елбасының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылғандай, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының басты мақсаты – цифрлық технологияларды пайдалану мен дамыту арқылы мемлекет экономикасының бәсекелестігін және халық өмірінің сапасын арттыру.
Қай сала болса да халыққа қызмет көрсетуді неғұрлым жеңілдету, қолайлы ету мақсатында біртіндеп сандық форматқа көшу үрдісі жүріп жатыр. Мәселен, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы сервистік қолдауды онлайн-форматқа көшіруді қолға алды. Сала мамандары берген мәліметке сенсек, осы жылдың алты айында 37 мың кәсіпкерге қызмет көрсетілген.
Қазақстан Республикасы Үкіметі отырысында сөз болған «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында бірқатар өзекті мәселелер айтылды. Бизнесті дамыту мен қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламаның орындалуы мен өзектілігі талқыға түсті. ҚР «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Басқарама Төрағасы Абылай Мырзахметов «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы аясында жүзеге асқан жобаларды жік-жігімен талдап берді.
Абылай Мырзахметов елімізде кәсіпкерлікке ден қойған азаматтардың саны өскендігін алға тартты. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы тарапынан қаржыландыру механизмдерінің жұмыс барысы мейілінше жетілдірілетінін сөз етіп, кәсіп бастаған немесе іс басындағы кәсіпкерлердің біліктілігін көтеру әлі де жалғаса беретінін мәлімдеді.
Абылай Мырзахметовтың айтуынша, 2014 жылдан бастап 4 жылдың ішінде 200 мыңнан астам жаңа кәсіп ашқан сондай-ақ іс басындағы кәсіпкерлерге қызмет көрсетілген. «Атамекен» ҰКП «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 4-ші бағыттың операторы ретінде мемлекеттік тапсырыс арқылы тағайындалғанын естеріңізге сала кеткен жөн.
2018 жыл басталғалы бері 37 мың кәсіпкер тегін сервистік қызметке жүгінген. 12 мың адам «Іскерлік байланыс» және «Бизнес-мектеп» жобасы бойынша білім алған. 11 шетелдік эксперт өндіріс орындарында консультациялар жүргізген.
Нақты деректерге назар салсақ, елімізде 7600 жаңа кәсіпорын ашылыпты. Осы 4-ші бағдарлама 11 мыңға жуық жобаның аяққа тұруына септескен. Жоғарыда атап өткеніміздей, алты ай ішінде 37 мың кәсіпкерге қызмет көрсетілген. Сала маманадарының айтуынша жылдық жоспарды жарты жылда орындап тастаған. Мұндай көрсеткіш аталмыш бағдарламаның кәсіпкерлерге аса қажет екендігін, потенциялының қуаттылығын аңғартады. Бизнес жоспар дайындау, маркетинг, салық, құқықтық сала бойынша кеңес беру, қолдау көрсету бойынша 61 тегін қызмет көрсетілген.
Ұлттық палата 2018 жылдан бастап Atameken Services онлайн-платформасы арқылы мемлекеттік қолдау шараларын, бизнес-процесті оңтайландыруды қолға алды. Тың жоба іске қосылғалы бері 1000-нан астам кәсіпкер онлайн жүйеде қызмет түрлеріне жүгініп, үйден немесе кеңседен шықпай-ақ қызығын көріп отыр.
–15 маусымнан бастап Астана толықтай автоматтандырылып, онлайнға көшті,- дейді Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарама Төрағасы Абылай Мырзахметов. – Бұған қоса біз аймақтарды да тыс қалдырмай, кәсіпкерлер қызмет түрлерін онлайн немесе интернет желісі арқылы ала алатындай мүмкіндіктер қарастырдық. Қазір барлық облыстар интернетпен қамтамасыз етіліп жатқандықтан күзден бастап облыс орталықтарындағы кәсіпкерлерге қолдау көрсету орталықтары онлайнға көшіріледі. Ал, 1 қаңтардан бастап аудан орталықтары мен моноқалалардағы 189 кәсіпкерлікті қолдау орталықтары интернет арқылы байланысқа шығатын болады.
Ұлттық палата мамандарының пікірінше, «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы нәтижелілігін көрсетіп отыр. Еліміздегі 12 мыңға жуық жеке кәсіп саласы осы бағдарлама арқылы қамтылып отыр.
Басқарма Төрағасы өз баяндамасында бағдарламаның жүзеге асуына қолбайлау болып отырған келелі мәселелерді де атап өткенді жөн көрді. Абылай Мырзахметовтің айтуынша еліміздің кейбір облыстарында сұраныстың көптігінен қаржы тапшылығы аңғарылып отыр. Атап айтқанда Ақмола, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарында кәсіпкерлерді несеиелендіру кешеуілдеп отыр. Елбасы өз жолдауында кәсіпкерлікті қолдау аясында несиелендіру жүйесіне көбірек көңіл бөлуді тапсырған болатын. Қаражат бөлу үш жылға арналған жоба негізінде жүзеге асуы тиіс еді. Осы мәселені ескеріп, несиелендіру бойынша кедергіге тап болған облыстардың әкімі осы жағдайды қаперлеріне алса екен деген тілегін жетікізді.
Үкімет отырысында Премьер-Министрдің орынбасары Ерболат Досаев «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы әлі де жетілдіріліп, алдағы уақытта жергілікті билік органдары сондай-ақ ҚР «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, ауқымды істер атқарылатынын айтты.
Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев кәсіпкерлікке мемлекет тарапынан қолдау көрсету мәселесін қорытындылай келе, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы еліміздегі бизнес ашуға ден қойған кәсіпкерлерді қолдайтын маңызды құралға айналғанын алға тартты.
Бақытжан Сағынтаевтың пікірінше, Елбасының тапсырмасына сай аталмыш бағдарлама – мемлекеттік дәреже алып, жаңа деңгейге көтерілді.