«Астана» Дания чемпионын қапы қалдырды

3 Тамыз 2018, 09:45 3511

Чемпиондар лигасындағы жорық

«Мидтьюлланд» (Хернинг, Дания) – «Астана» (Қазақстан) – 0:0.

«Мидтьюлланд»: Й.Хансен, К.Хансен, Санне, Святченко (Окосун, 76), Мунксгаард, Поульсен, Спарв (Мабил, 59), даль Хенде, Огочукву (Дуеллунд, 71), Викхейм, Онуачу.

«Астана»: Эрич, Рукавина, Постников, Аничич, Шомко, Маевский, Кляйнхайслер (Логвиненко, 63), Томасов, Мұжықов, Педро Энрике (Муртазаев, 78), Кабананга (Щеткин, 62).

Астанада өткен ойынмен салыстырғанда қос команда негізгі құрамға тек бір-бірден өзгеріс жасауды жөн санапты. «Мидтьюлландта» жаңа инсайд Френк Огочукву пайда болды, ал бір жеті бұрын осы жұмысты  атқарған Окосун бапкер сенімінен шықпаса керек. Ал «Астана» сапында өткір шабуыл өтіне Жуниор Кабананга жіберілді. Ол Роман Григорчуктың осы ойынға әзірлеген бір «сыйлығы» болар.  

Алаң иелері алғашқы бес минуттықта ойынға деген жоспарларын анық көрсетті. Олар алда жүрген Онуачудің бой ұзындығын іске жаратып, оған әуелете пас жеткізуді қолға алғандай. Оны жабуға тиіс Постников пен Аничич бір қателікке бой алдырар, кім білсін? Алғашында Ненад жүйкемізге аздап ауырлық салардай ойын өрнегін көрсетті. Бір-екі рет қателесе жаздап, допты аутқа шығарып жіберді.

Жалпы, «Астана» бірінші ойындағыдай қауіптірек шабуылдар ұйымдастыра бастады. Кабананга ойынға кірігіп кеткені көрініп тұрды. Ол жартылай қорғаушылардан керемет пас алған соң, алда жүгіріп бара жатқан Энрикеге доп жеткізді. Ал біздің бразилиялық легионеріміздің соққысының жолында Мункстард дер кезінде тұра білді. Бірінші ойын бөлігінің 15-минуттығында Кабананга Хансен қақпасына кәдімгідей қауіп төндіре бастады. Томасов даль Хендені айналып өтіп, Жуниорға пас берді, ал форвард Педро Энрикенің көмегімен жерлете соққы жасады. Хансен оның жолына дер кезінде тосқауыл бола білді. Көп ұзамай, тағы да «Мидтьюлланд» қақпашысы өзінің шеберлігін көрсетуге мүмкіндік алды. Оның тектесі Киан Хансен допты алысқа жіберем деп ойлап, Энрикенің аяғын тапқан, ал Педродан кері серпілген доп Кабанангаға жетті. Кипермен бетпе-бет қалған Жуниор одан айласын асыра алмай, екінші рет қайта бағыттады. Хансен оған да жетіп барып, қақпадан алып шықты. Бірақ, доп қақпа сызығынан әрі асқандай көрінді. Ал испандық төреші оны көрмегендей сыңай танытты. VAR жүйесін еурокубок ойындарына қолданбайтыны көңілге өкініш ұялатады. Бұдан соң, бірінші ойынның бас жұлдызына айналған Кляйнхайслер орта дистанциядан керемет соққы жасаған. Біздің ойыншыға дәлдік жетіспеді, әйтпесе қақпашының тағы да кәсібилігін бір сынға алатын сәт еді. «Мидтьюлланд» жарты сағатты араға салып, шабуылдауға көшті. Орта қашықтықтан жұмсалған соққы діттеген жерге жетпеді, оң және сол қапталдан берілген бұрыштамалардан да нәтиже шыға қоймады. Десе де, «Астана» қорғаныста жанкүйерлерді алаңдартарлықтай жұмыс жасады.

Екінші таймда алаңдауға себеп көбірек болды. Сол қапталдан Хансеннің көтерген ауттары расында да қауіптірек шықты. Эрич допқа шығуда аздап қателіктерге бой алдырып жатқандай көрінді. Спарв Ненадпен таласа-тармаса баспен гол да салды. Бірақ, төреші ол соққы жасамай жатып ысқырығын шалған. Себеп – қақпашыға шабуыл. «Астаналықтар» бірден алға ұмтылды. Педро Энрикенің көзге түсуге мүмкіндігі болған. Алайда, ол спорттық снарядты нөлдік бұрыштан дәл бағыттай алмады. 

Педроның жасай алмаған әдісін Огочукву қайталап көруге тырысты. Викхейм мен даль Энде екеулеп Рукавинаны допсыз қалдырып, командаласына пас берген. Ол өз пайдасына асыра алмады. Бұл кездесудегі «Астана» қорғанысы алғаш рет сыр берген тұс осы шығар. Бірақ, қазақстандық команданың шабуылында біраз өткірлік басым болды. Ласло бір апта бұрынғы матчтағыдай допты ортадан қақпаға дейін алып келіп, өзі теппей Томасовқа пас берді. Ал Мариннің соққысын Санне күтіп алды. Бір сағаттық ойыннан соң, Григорчук шабуылшыны алмастыруды жөн санады. Белсенді ойын өрнегін көрсеткен Кабананганы Щеткин алмастырды. Алексей ойынға кірігем дегенше, «Мидтьюлланд» күшейе түсті. Ауттан келген допты дель Хенде маңдайшадан биіктеу жіберді. Содан кейін Аничич Святченконы шалып жығып, қақпаға жақындау тұстан қарсыластың айып добын ұруына себеп тауып берді. Оған қоса, сары қағазбен жазаланды. Біздің бағымызға орай, Поульсеннің тура бағыттауға шеберлігі жетпеді. Астаналықтар бірден жақсы шабуылмен жауап қатты. Щеткин Томасовты тауып, Мариннің тепкен добын Хансен қақпаға дарыта қоймады. Көмекке келген Кляйнхайслердің спорттық снаряды маңдайшадан биік кетті.

Бұдан кейінгі эпизод былай өрбіді: енді ғана шабуылға араласақан Шомко алға жүгіріп, Щеткин мен Мұжықов қатар тұрған аумаққа пас берді. Бірақ, қорғаушы Хансен қос астаналықтың алдын орап кетті. Әйтпесе, кипер үшін тағы бір ауыр жұмыс болары сөзсіз еді. Одан кейін Щеткин мен Томасов бір-біріне пас бермей, жақсы сәттерді тұншықтырып жатты. Хорват пен Қазақстан ұлттық құрамасының шабуылшысы арасындағы бұл түсініспеушіліктің қайдан пайда болғаны белгісіз? Алаң иелерінің сапында Онуачуда көзге түсетін азды-кем мүмкіндіктер болып жатты. Ол Ненад қақпасына тура соққы жасай алмай, жерді ұрды. Осыдан соң, «Астана» тамаша бір мүмкіндікті пайдаға асыра алмады (еурокубоктік ойындарда мұндай сәттерді пайдаланбаудың зардабы көп болады). 5/ 2 болған қарымта шабуылда Серікжан тура киперге қарсы тепті. Реакциясы жоғары Хансен стадионға жиылған он мың жанкүйердің жүрегін орнына түсірді.  Мұжықов, мұның қалай? «Мидтьюланд» бапкері Йесс Торуп қолынан келгеннің барлығын жасап, алаңға жылдам деген Мабилді жіберді. Ал қалжыраған Огочуквуды тың Дуеллунд алмастырды. Қос ойыншы да алаң иелерінің жүрмей жатқан шабуылына жан кіргізуі керек еді.

Даниялықтарға қауіп тудыратын, ортадағы шабуылшыларды жарылқаушы пастар жетіспеді. Мабилдің бір қиыс кеткен соққысы біздің алаңдауымызға себеп тауып берді. «Астана» қорғанысында аздап шикілік болса да, футболшылар барынша өз жұмысын қателіксіз атқаруға тырысып бақты. Ал алаң иелерінің кростары Эричтің қолынан табылып жатты. Ал «Астана» қос қарымта шабуылда бар мәселені шешіп тастаудың орнына, мүлт кетіп жатты. Томасов Рукавинадан пас алып, соққы жасамақ болған, бірақ Санне хорваттың бұл ойын оқып қойғандай. Одан кейін Марин Мұжықовтың аяғына доп салып бере алмады. Өз кезегінде Серікжан Хансенді қапы қалдыруға дайын тұрған. Өкінішті! Ал төреші қосқан қосымша уақытта «Мидтьюлланд» Эричтен айласын асыра алмай, әбден әбігерге түсті. Ненад Окосунаның шабуылынан соң, уақыт созу үшін де біраз көгалда жата тұруды дұрыс санағандай. Осы сәтте қызу қанды қос команданың ойыншылары арасында от жана жаздады. Испандық төреші екі клубтың да «белсенділерін» сары қағазбен «марапаттауды» жөн санады. Барлығы біздің қуанышымызға орай жақсы аяқталды. «Астана» қонақта тең ойнап, келесі кезеңге аяқ басса, даниялық команда ендігі ойынын Еуропа лигасында жалғастыратын болады. Біздің үшінші раундтағы қарсыласымыз загребтік «Динамо» болмақ. Хорваттық команда өткен жылы чемпиондар лигасының топтық турнирінде өнер көрсеткен. Әрине, алынбайтын қамал жоқ. Григорчук ойын өрнегін дұрыс таңдаса болғаны. Алғашқы ойын 7-тамызда Астана Аренада өтсе, қарымта матч бір жетіден соң, Загребте болады. Алға, «Астана»!

Сандуғаш Мамышқызы
Бөлісу: