«Алтай інжулері»

9 Қыркүйек 2018, 13:31 10300

Қазақстан туризмі

Еліміздегі туризм саласын дамыту бойынша көптеген жобалар  қолға алынып, шаруалар атқарылып жатыр. Солардың бірі – 2023 жылға дейінгі туристік саланы дамыту бойынша бекітілген тұжырымдама. Оған сәйкес, елімізде алты мәдени-туристік кластерлер құрылды. Атап айтар болсақ, «Acтaнa – Eypaзия жүpeгi», «Aлмaты – Қaзaқcтaнның epкiн мәдeниeт aймaғы», «Aлтaй iнжyлepi», «Ұлы Жiбeк жoлын жaндaндыpy», «Kacпий қaқпacы» және «Taбиғaт пeн көшпeлi мәдeниeттiң бipтұтacтығы».

Біз осы кластерлердің ішіндегі «Aлтaй iнжyлерiне» тоқталып өтпекпіз. Шығыс Қазақстан облысының солтүстік пен шығыс бөліктерінен тұратын аймаққа жалпы сегіз туристік орын кіреді. Келешекте бұлардың саны өсуі ықтимал. Бұл өңірдегі көрнекі орындар мен тамаша табиғат бөліктері туристерді өзіне тартуға қауқарлы.

Берел қорымы

Берел – ШҚО, Қатонқарағай ауданы, Берел ауылынан әрірек жеті шақырым жерде орын тепкен. Қорымның солтүстігінде Берел мен Бұқтырма өзендерінің түйіскен жері, оңтүстігінде Қансу өзені, күнбатысы мен шығысында тау бөктері алып жатыр. Бұқтырманың оң жағалауында орналасқан қорған өзеннен 40-45 метр биіктікте шоғырланған. Сақ пен түрік қағанаттарына жатқызылатын 70-тен аса обалардың алып жатқан аумағы – 4 мың х 1 мың м2.  Бұл қорымдағы ғұрыптық ескерткіштер мен обалар оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа қарай созылған көптеген тізбектен тұрады. Ол тізбектердің әрбірінде біздің заманымызға дейінгі І мыңжылдықтың ІІ-жартысындағы тайпа одақтарының мүшелері жерленген дейді зерттеушілер. Сол секілді тізбектердің көлемі үлкенді-кішілі болуы сол дәуірден-ақ әлеуметтік жіктің орын алғанынан хабардар етеді. Берелдегі ең көне обалардың мерзімделуі – б.з.д ІІІ – ІV ғасырлар, ал кейінгі түркі заманындағылар  VІІ – VІІІ ғасырларға жатқызылады. Жиырма жылдан бері мұндағы ескерткіштердің 20-сы ғана зерттеліп, 4,9,10,11 нөмерлі обаларындағы қабірлер apшылды. Берелдің атын әлем ақсүйектердің және скиф-сібір аң стиліндегі заттары арқылы таныды. Әлгінде аршылған обалардың да тарихқа қосқан үлесі орасан. Мұндағы жерленген заттар табиғатпен оба бетіне үйілген құрылыс материалдардың үйлесім табуының арқасында осы күнге дейін жетіп, сыны кетпей сақталған екен. Бізге жеткен заттардың ішінде ат әбзелдері, түрлі ағаш пен тері, киізден жасалған бұйымдарды ерекше айта кетуге болады. Қорымнан табылған заттарды зерттеу барысында жаратылыстану ғылымының әдістері қолданылды. Бұл әдістерді пайдаланудағы мақсаты – ертедегі көшпелі халықтың ДНК-сын анықтау. Сондай-ақ, Берел қорымы орналасқан аумақтан палеоэкология, палеозоология мен антропология бойынша тарихи маңызға ие ақпараттар алу.

Бұқтырма су қоймасы

Шығыс Қазақстан аймағынан ағатын Бұқтырма өзені Ертістің оңтүстік саласының бірі болып табылады. Өзенде дүние жүзіндегі ең үлкен жасанды су қоймалардың бірі орын тепкен. Су қойма Ертіспен жүретін су көліктеріне жағдай жасап, балық шаруашылығының кең дамуына ықпал етіп отыр. Бұқтырма су қоймасының етегінде Өскеменнен жүз шақырым қашықтықта Алтай тауының оңтүстік беткейінде Жаңа Бұқтырма бар. Ол осы облысқа қарасты Зырян ауданының аумағында жатыр. Бұқтырманың оң мен солтүстік жағалауына келетін туристер саны жыл санап артып келеді. Әсіресе, оңтүстігі белсенді демалысты қалайтындарға әбден лайықталған. Су көлемі жағынан әлемде төртінші, суының сыйымдылығы бойынша 24-орынға жайғасқан Бұқтырманың көлемі – 5 жарым мың км2 құрайды. Ені – 40 км, ең терең жері 80 метрге жетеқабыл. Мұнда жалпы 50-ге жуық текше шақырым су жиналады.

Ертіс өзені – Зайсан көлі

Дүние жүзіндегі ең ірі алаптардың қатарына кіретін Ертіс алабы 1600 шаршы метрді құрайды. Оның 97 %-і біздің еліміз бен Батыс Сібір аумағында орналасқан. Қалғаны көрші Қытай жерінен өтеді. Қазақстанда өзеннің орналасуы – оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа қарай бағытталады. Сол жағында Обь өзені, оңтүстігінде Балқаш-Алакөл көлдерімен шектеледі. Қазақстандағы Ертіс өзенінің алабында жалпы 1400-ге тарта өзен бар. Ал олардың 16-сының ұзындығы 200-500 шақырымға дейін жетеді. Өзеннің бастау алатын жері биіктігі 2 жарым мың болатын Алтай тауы, ол бөлікті Қара Ертіс деп атайды. Ертіс еліміздің шекарасына жеткен тұста Алкөбек пен Қалжыр өзендері келіп құйса, өзі 150 шақырымнан соң Зайсан көліне барып құяды. Зайсан көлінде бүгінгі уақытта өзіміз ілгеріде жазып кеткен Бұқтырма су қоймасы орналасқан. Ертіс суын Қарағандыға жеткізу мақсатында 1962 мен 1974 жылдар аралағында канал салынған болатын. Оның бастауы Ақсу қаласы болса, шегі Қарағандыға жақын маңға келіп аяқталады. Жалпы ұзындығы – 458 шақырымды құрайды. Ертіс суының Сарыарқаға келуі мұндағы тың жерлерді игеруді одан әрі жалғастырып, жасанды канал арқылы жаңа кеңшарлар мен көптеген шаруашылықтар құрылып, суармалы алқаптардан мол өнім түсіп келеді. Ертіс-Қарағанды су магистралы еліміздегі үлкен индустриялы орталықтардың еңбекшілерін ауыл шаруашылыққа жұмылдыруға ықпал етіп жатыр.

Қатонқарағай ұлттық табиғи паркі

Қатонқарағай ұлттық табиғи паркі ШҚО, Қатонқарағай ауданының жерінде 2001 жылы құрылған саябақ. Жалпы ауданы – 643 мың гектар, оның 200 мың гектардан аса аумағы орманды алқап. Қорықтық аумақтың жері 151 мың гектарға созылып жатыр. Қатонқарағайдың 1/3 бөлігін жапырақты орман ландшафты қамтиды. Парк құрамына теңіз деңгейінен 4506 метр биіктегі Мұзтау шыңы, одан шыққан Қызылқарағай жоталы тізбек пен Бұқтырма, Берел таулары кіреді. Парктен сәл әріден Тарбағатай шыңы мен Сарымсақ жотасы анық көрініп тұр. Паркте бірнеше табиғат және мәдениет ескерткіштері орналасқан. Оның ішінде тархан геологиялық қимасы, Рахман бұлағы, Берел сақ қорғаны, Көккөл кеніші, Ұлы Жібек жолының солтүстік тармағын ерекше атап өтуге болады. Сонымен қатар, саябақта марал шаруашылығы оң жолға қойылған. Қатаонқарағайдың біршама бөлігін Бұқтырма өзенінің алабы мен оңтүстігін Қарақаба өзені алып жатыр. Келушілер үшін тағы бір табиғи көркем орын – сарқырамалар болып табылады (Көккөл, Арасан, қара Берел). Сол секілді саябақта өсімдіктер мен жануарлардың бірнеше түрлері кездеседі. Сүтқоректілердің жетпістен аса (марал, бұлан, аю, сілеусін және т.б.), құстардың 250-ден аса түрлері бар. Олардың біршамасы еліміздің қызыл кітабына енген. Сондай-ақ, жыл өте саны азайып келе жатқан қырықтан аса өсімдіктерді де осы саябақтың аумағынан табасыз. Оның қатарында алтын тамыр, алтай рауғашы, марал тамыр сынды түрлерін айтуға болады.

Семей қаласы

Семей – Қазақстанның шығыс бөлігіндегі ең ірі қалалардың бірі. Ол Ертіс өзінінің бойында орын тепкен. Негізі сонау 1718 жылы әскери бекініс салынғанда қаланған болатын. Бірақ, өзен суы арнасынан шыға берген соң, араға 60 жыл салып, әрірек 18 шақырымға көшірілген. Биылғы жылы Семей қаласына 300 жыл толып отыр. Қаланың жалпы аумағы 210 шаршы шақырымға жетеді. Түрксіб темір жол магистрал бойында тұрған қала еліміздің оңтүстігі мен шығысын көрші Ресеймен байланыстырып тұр. Сол сияқты мұнда ірі өзен порты бар. Қаланың аэродромында әскери авиация орналасқан. Семей өзінің жазықтығымен, табиғатының тым сұлулығымен ерекшеленеді. Сонымен қатар, Ертістің артезиан ұңғымаларындағы мөлдір су қала тұрғындарын таза сумен қамтамасыз етіп отыр. Қаладан 20 шақырымдай жерде қылқан жапырақты орманда да тап-таз су бұлағы кездеседі. Ондағы халық ормандағы бұлақтың емдік қасиеті ерекше екенін айтады. Осындай көрікті қаланың тарихында ядролық сынақтың зардабы әлі күнге дейін кездеседі. 1945 жылдан бастап, қырық жыл бойы жүргізілген ядролық сынақтар тәуелсіздік алған соң ғана, тыйылған болатын. Аймақтың табиғаты мен адамдардың денсаулығына орасан зиян әкелген апаттың тақырыбы тым ауыр. Қазірде ауыр күннен арылған қаланың инфрақұрылым дамып, жылдан-жылға көркейіп келеді. Семей бүгінде Қазақстанның мәдени және тарихи орталықтарының бірі болып отыр. Қалада ҚР баяғы өлкетану мұражайы, Абай мен Ф.Достоевский мұражайлары, Ф.Достоевский атындағы орыс драма театры мен Абай атындағы қазақ музыкалық драма театрлары бар. Ал Ертістің екі жағын жалғастыру мақсатында салынған көпір қалаға ерекше сән береді. Ол 2000 жылы толық салынып, қолданысқа берілген еді.

Абай (Жидебай) ауданы

Шығыс Қазақстан облысының оңтүстік-батысында орын тепкен әкімшілік бөлініс 1928 жылдың 3-қыркүйегінде құрылған. Орталығы ретінде –  Қарауыл ауылы бекітілген. Аудан қазақтың ұлы ақыны Абайдың өмірімен, шығармашылығымен тығыз байланыста. Мұнда Абай мен Мұхтар Әуезовтың мұражайлары бар. Сол секілді Абайдың анасы мен әжесі Зере мен Ұлжанға, қос әйелі мен ұлдарына арнайы мазарлар салынған. «Еңлік-Кебек» кесенесін де Абай ауданынан табасыз. Сол сияқты осы ауданда Абайдың атақты оқушылары Көкбай, Шәкәрімдер тұрған. Аудан аумағында ілгеріде жазған мұражайлармен қатар, Жидебай қорығы, Сарыкөл, Қоңырәулие үңгірі, Еңлік пен Кебектің қорымы орын тепкен. Табиғаты да ерекше ауданды бөліп-жарып «Алтай інжулерінің» қатарына қосып отырғаны көңіл қуантады.

(Фотосуреттер ашық ғаламтор көзінен алынды)

Сандуғаш Мамышқызы
Бөлісу: