«Әйелдер арасындағы GGG» туралы не білеміз?

26 Сәуір 2018, 17:02 41283

Аида Сатыбалдинова кәсіпқой боксқа өз есімін жазып қалдырғысы келеді

Кәсіпқой рингте алғашқы кездесуін былтыр 10 желтоқсанында өткізген жерлесіміз Аида Сатыбалдинова өзінің бокстасу мәнері мен рингтегі жойқын жұдырықтасуынан соң, бокс сүйер қауымның көңілінен шықты. Оны әлемдік спорт журналистері Геннадий Головкинмен теңестіріп жатты. Бұл әрине, спортшыға деген мұхиттың арғы жағындағы жұрттышылықтың қызығушылығын оятары белгілі. Сонымен, бокс әлеміне ерекше стильмен кіріп келген Аида Сатыбалдинова кім?

Әдемі төбелесуді армандаған қыз

 «Мен Көкшетаудың тумасымын. Ата-анам өмірден өткен соң, атамның қолында өстім. Ал бокспен 2013 жылдан бері айналысып келемін. Жекпе-жек спорт түрін ерекше ұнататын едім. Қызығушылығым жоғары болғандықтан, бұл тақырыптағы көптеген фильмдер қарадым. Арманым – әдемі жұдырықтасу болатын. Бұл арманыма да қол жеткіздім. 13 жасымнан бастап ауыр атлетикамен шұғылдандым. Неге ауыр атлетика? Себебі, ол секция тегін еді. 15 жасымнан Степногорск қаласында орналасқан дарынды балаларға арналған мектеп-интернатта оқыдым. Сонда жүріп Қазақстан спорт шебері нормативін орындадым. Бірнеше жарыстарда жүлдегер атандым. Бірақ, ол мектепті тәмәмдаған соң, атамның мойнында отыра бермей, жұмыс істеуім керек деп шештім де, Астанаға аттандым. Елордада жүріп, өзіме нақты не керегін білмей, көп уақытымды жоғалттым. Мені шақырған барлық жерлерге қатысып, ақыры құрбымның ақылымен бокс залына келдім. Өзімді өзім тапқан сәт осы болды. 

Бокста әлжуаздарға орын жоқ. Бұл керемет спорт түрі ми мен логиканы дамытуды қажет етеді. Сондай-ақ, мықты рух керек. Мен өзімді әрқашан рухы мықты, моральді түрде кез келген сынға төтеп беретін адам санаймын. Ешқашан рингке шығып жұдырықтасудан қорыққан емеспін».

Кәсіпқой боксқа қалай келді?

«Боксқа келіп, өзімді кәсіпқой рингте сынап көргім келді. Сол үшін АҚШ-қа аттануым керек деп шештім. Себебі, Америка – кәсіпқой бокстың Меккесі іспеттес. Арнайы демеушім болмаған соң, жұмыс істеп, ақша жинауым керек болды. Осылайша, 3 жерге жұмысқа тұрдым. Жұмысым қатаң график бойынша. Мәселен, таң ертеңгілік фитнес залда жаттықтырушы болсам, күндіз сіңліммен бірге автосақтандыру компаниясында жұмыс істедім. Ал кешкілік жеке жаттығулар өткізетінмін. Осыдан соң, билет сатып алдым да, шабаданымды жинап, АҚШ-қа жол тарттым. Қыз бала болсам да, өзіммен бірде бір көйлек алмадым. Тек боксты ойлап, осы спорт түрінің шыңына шығуды мақсат тұттым. Келгесін бірден Лос-Анджелеске тұрақтадым. Қазақстанда жүріп, танымал боксшы Бейбіт Шүменовтың проумотері болған Родни Круз-Хантпен байланысқан болатынмын. Келгеніме үш күн болған соң, маған спарринг ұйымдастырып берді. Спорттық дайындығымды көрген Ронди көмектесетінін айтты».

«Әйелдер арасындағы Головкин»

«Мені Генамен салыстырғанда, өзімді ыңғайсыз сезінгенімді мойындаймын. Себебі, оның жеткен жетістігі қайда жатыр, ал мен неге қол жеткіздім? Бұл аспан мен жер сияқты. Қазақстандағы достарым ақпарат құралдарында мен туралы жазып жатқан мәліметтерді жібергенде, өте қатты таңқалдым, бірақ бір жағынан қанаттандырады екен. Сосын мені «әйелдер арасындағы GGG» деп жатыр деп бапкерім мен командама көрсеттім. Әрине, мені әлемдегі ең үздік боксшыға теңеу – үлкен жауапкершілік артқанын білемін. Олар маған енді артқа қарай жол жоғын айтып, Гена секілді, уақытынан бұрын, әдемі жеңістермен қуанту керек деді. Головкинмен теңестіруге итермелеген жойқын соққыларым болса керек.

Бірақ, өзім үлгі тұтатын боксшым – Майк Тайсон. Оның боксты жүргізу мәнері маған дәлме-дәл келеді. Әрине, Гена да шабыттандырады, оның ешқандай қаражатсыз, өз күшімен бүгінгі күнге жеткеніне ризамын.

Еліміздің көк байрағын рингте әлі де көп рет көтеремін деп ойлаймын және оған барымды саламын. Әлемнің спорт сүйер қауымы Генаны жақсы біледі, бірақ Қазақстаннан шыққан ешқандай әйел боксшыны білмейді. Сол үшін мен төрткүл дүниеге біздегі нәзікжандылар ерлер секілді мықты екенін дәлелдегім келеді».

28 сәуір кезекті жекпе-жек

Бұған дейін боксшы еліміздегі бұаралық ақпарат құралдарының біріне 28 сәуірге әлі қарсылас таппағанын айтқан болатын. «Мен әлі қарсылас таппадым. Барлығы агрессивті бокстасу мәнеріме байланысты рингте қарсы тұрудан бас тартып жатыр. Тіпті, спаррингке шығуға да келісімдерін бермей жүр», – деген еді Аида.

Спортшының кезекті кездесуі Лос-Анджелесте 28 сәуір күні 18 жастағы американдық Кейлин Хансенге қарсы өтпек. Хансен үшін бұл кәсіпқой бокстағы алғашқы сынағы. Ал Аида беташар кездесуін Лиза Портерге қарсы өткізіп, тең нәтижеге қол жеткізген. Ал екінші кездесуі мексикандық Анете Пабельоге қарсы болып, кездесу Аиданың айқын жеңісімен аяқталған. Жерлесімізге сәттілік тілейміз!

Дереккөз: the-steppe.com,  vesti.kz, sports.kz

Мөлдір Дарханбаева
Бөлісу: