«Абай әлемі – түпсіз тереңдік»

27 Қаңтар 2020, 12:30 4755

Абай дүниетанымындағы еңбек, надандық, «адам-әлем» қатынасы жайында

Философия ғылымдарының кандидаты, доцент Есбол Мұханбетқалиев он жылдан бері Абайтану әлеміне терең еніп, ұлы ойшылдың мұрасын зерттеп келеді. Монография мен бірнеше зерттеу мақалаларын жазған автор el.kz сайтына сұхбат берді.

Абай дүниетанымындағы «адам – әлем» қатынасы

Шын мәнінде адамдықты биік ұстау – Абайды қатты ойландырған, оның шығармашылығының өне-бойында болған дүние. Ойшыл адамдықтың ізгі мәселесі – адамгершілікте дегенге алып келеді. Ар-ұят, ұждан, адамның өмірдегі болмыс-бітімі, адамдығы әлеммен тікелей байланысты дейді. Адамдықтың белгісі болып табылатын қарапайымдылықтан ғалымдық деңгейге жетуі ақынның шығармашылығынан көрініс береді. Абай өз ортасындағы, өз заманындағы адамның бейнесін, кейбір кездерін, көңілін, мұңын, қайғысын, шерін, қуанышын, байлығын, өнерін, мәдениетін ғана зерттеп қойған жоқ, адам мен әлем арасындағы тұтастықтың байланысын шешуге тырысты. Меніңше, қазіргі уақытта Абайша  ойлап, Абай түсінігіне жету мәселесіне барынша көңіл аудару керек. Сонымен қатар, бүгінгі қоғаммен Абай қоғамының ерекшелігі боп есептелетін әлеуметтік мәселелердің адам болмысымен үйлесімділігі өткен ғасыр шеңберінде ғана қалып қоймай, бізге жетіп, тіпті еселеніп отыр. Абай әрбір ойы, сөзі арқылы адамды адамдыққа шақырады. Дұрыс жүруге, жақсы іс жасауға, ізгі ойларға тартады. Ақ пен қараның ара-жігін ажыратуға итермелейді. Абайдың негізгі ойы – адамды жетілдіру болған, яғни кемел адамға, толық адамға жеткізу еді. Ыстық қайрат пен нұрлы ақыл, жылы жүрек арқылы сол адамдықтың шыңына шығуға болады деп есептеген. Онысы өте орынды! Ақыл дегенді қазір біз біліммен байланыстырып қана қоямыз. Егер білсек, Абайдың ақылдылығы ол даналығында, ойшылдығында жатыр, әрине бұл жерде білімді де жоққа шығара алмаймыз. Ақынның айтып кеткен үш нәрсесі адамды адам ететін ең маңызды дүние...

Халықтық тәжірибелік педагогика – әлемді тану мәселесіне келіп тірелетіні ақиқат. Осы күнгі жасалып жатқан акциялар адам жүрегіне жылулық жеткізе алып жатыр ма деген сұрақ туындайды. Бұның барлығы Абай дүниетанымындағы адам мен әлем туралы қатынасына терең бойлауға шақырады. Адам – күрделі, жұмбақ дүние.  Қазіргі қоғамдағы, адамдар арасында болып жатқан мәселелерді Абай тікесінен қояды.

Абай шығармаларындағы надандық туралы

Бір қарағанда, надандық туралы айта салу жеңіл сияқты болуы мүмкін. Біздің түсінігімізде бұл – қара танымайтын, сауатсыз, түсінігі төмен, байыбына бара алмайтындарға бағытталған сөздей екені жасырын емес. Ал Абайда надандық пен түсінік бірге қол ұстасып жүреді. Ол үшін надандық – адам атын анықтамау, Алла Тағаланың адамға ғана сыйлаған ақыл-есін пайдаланбау. Надандық адамға сырттан келмейді, оған өзі барып ұшырасады. Сондықтан Абай надан болу – адамның өзінен туындайды дегенді алға тартады. «Адам бола тұрып, надан болуға болмайды» дегенді ескертеді.

Менсінбеуші ем наданды,
Ақылсыз деп қор тұтып.
Түзетпек едім заманды,
Өзімді тым-ақ зор тұтып.
Таппадым көмек өзіме,
Көп наданмен алысып.
Көнбеді ешкім сөзіме,
Әдетіне қарысып,
– деген жолдардан көп нәрсені байқауға болады. Надан болуға адамның қақысы жоқ, ол діни тұрғыдан алып қарағанда – үлкен күнә, ал философиялық тұрғыдан – қорлық дейді. Абайда надандық сауатсыздықтан шықпайды, істің мәнін, жайын қабылдамай, түсіністік көзқарастан аулақтықтан шығады. Әрбір мәселеге адами ойлау тұрғысынан келетін болсақ, біз надандықтан аулақ боламыз. Міне, ақынның айтпағы осы. Ол өз шығармаларында осыны ескертіп, барша жұртшылықты осындай қасиетсіздіктен сақтануға шақырды.

Шыны керек, қазір біз надан деген сөзді қолданыстан шығарып алдық. Біз үшін ол ұғым – көне, жат. Естіген адам үрпиіп қарайды. Мұның өзі ақынның айтып отырған түсіністігіне келетін секілді. Барлық сөздің мәніне терең бойлай білу бүгінгі жандардың барлығына жетіспей жүрген секілді.

Абайдың дүниетанымындағы рухани құндылықтар

Біз көптеген нәрсені рухани құндылыққа әкеп тіреп қоятынымыз рас. Бірақ соның ішінде, білім мен ғылымға ерекше көңіл аударуымыз керек.

«Ғылым таппай мақтанба, орын таппай баптанба» деп айтып кеткен Абайдың сөзі осы оқуға назар аудартады. Ақын көзқарасымен қарайтын болсақ, адамға жетпей тұрған нәрсе – білімнің нәрін барынша тауысып сарқып ішу, ғылымға ұмтылысты күшейту. Білім, ғылым дамымай біз рухани құндылықтарды игеру мүмкіндігінен айырыламыз. «Сырын түзер біреу жоқ сыртын түзеп» дейді Абай. Қазіргі уақытта, білімнің кейбір болып жатқан реформаларына дұрыс көзқараспен қарауымыз керек. Өйткені ХХІ ғасырда уақыт пен заманның талабы – біліктілікті талап етеді. Десе де, осы орайда біліктілікті өз білімімен қабыстырып жатқандар қанша деген сұрақ туындауы заңдылық. Абайдың айтып кеткеніндей, ғылымға талапты күшейткеніміз жөн-ақ.

Адам болам десеңіз,
Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рахым ойлап қой,
Бес асыл іс көнсеңіз, 
- деген жолдардағы әрбір сөздің орналасуына Абай ерекше мән бергенін түсінуге болады. Ғылымның қажеттілігі заманның талабынан туындап отыр. Гуманитарлық ғылымдардың рөлін, басымдығын қоғам жақсы қабылдауы қажет. Себебі, Абайдың даналығы өзінің ата-анасы мен әжесінен, шығыс, батыс ойшылдарынан қалыптасты.

Жалпы, ақыннан бізге қалған рухани құндылық – өлеңдері. Оның әрбір туындысы көп нәрсені ашып көрсетеді, түсіндіреді.

Күшік асырап ит еттім,
Ол балтырымды қанатты.
Біреуге мылтық үйреттім
Ол мерген болды, мені атты
, – дейді.

Бұған кім кнәлі? Ешқандай ұстаз өз шәкіртінен жамандық күтпейді. Абай бұл жерде осыны ескерте отырып, «балтырын қанатса да, өзін атса да» рухани құндылықтарды кейінгі ұрпаққа жеткізу туралы ой қозғап кететіндей.

Абай мұрасындағы еңбек мәселесі туралы

Әр адам еңбекпен ғана өседі. Еңбек – Абай әлеміндегі ең негізгі ұғымдардың бірі. «Аш қарын жұбана ма майлы ас жемей?» деген өлеңінде ол:

«Еңбек жоқ, қаракет жоқ, қазақ кедей,
Тамақ аңдып қайтеді тентіремей?
» – дей келе, тағы бір жолдарында:
«Жалға жүр, жат жерге кет, мал тауып кел.
Малың болса, сыйламай тұра алмас ел…
Есек көтін жусаң да, мал тауып кел,
Қолға жұқпас, еш адам кеміте ал­мас…
» – деп барлық адамды еңбек қылуға шақырады.

Оның шығармаларынан «әуелі өнер ізделік, қолдан келсе, ең болмаса еңбекпен мал табалық» немесе «тәуекелсіз, талапсыз мал таба алмаса, еңбек қылмас еріншек адам болмас» деген секілді адамды іске шақыратын жолдарды көптеп кездестіреміз.
«Болмағын кекшіл,
Болсайшы көпшіл,
Жан аямай кәсіп қыл!
Орынсыз ыржың,
Болымсыз қылжаң
Бола ма дәулет, кәсіп бұл»
– дейді. «Еңбек етсең, ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген сөзді бала кезден бәріміз жатқа білеміз. Бірақ сол сөздің шын мәнісінде байыбына жетіп жатырмыз ба? Қазір көбіміздің айтатынымыз «еңбек етіп келеміз, күнімізді көріп жатырмыз» деген сияқты жаттанды тіркестер. Яғни, еңбек тазалығына, еңбек арқылы жан ләззатына көңіл бөлу қалып баратындай. Еңбек – көп жетістікке жетелейтін негізгі ұғым.

«Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап,
Әуре етеді ішіне қулық сақтап,
Өзіңе сен өзіңді алып шығар,
Еңбегің мен ақылың екі жақтап»
– деген өлең жолдарын мән бере кетсек, Абай еңбек пен ақылды қатар алып жүру арқылы бос мақтандарға елірмей, әрмен қарай еңбектене түс дегенді айтқысы келеді.

Еңбек адамға қосымша күш береді, қосымша жақсылық сыйлайды. Ойшылдың сөздерінен «өмір бойы адам еңбектене беруі қажет, ғұмыр бойы іздене бергені жөн» дегенді ұғынамыз. Абай сол сияқты қанағат деген ұғымды да ұмытпауға шақырады. Ол үшін «қанағат қылу» адамның асыл қасиеті.

«Бар ма екен, жай жүрген жан қанағатпен,
Құдайдың өз бергенін жеп көрем бе деп»,
– дегені осының айғағы.

«Абай және ХХІ ғасыр Қазақстан» мақаласынан түйген ой

Қазақ елі бұл мақаланы қуанышпен қарсы алды. Бұл көптеген адамдардың ойында, көкейінде жүрген мәселелердің бірі болды. Өз мақаласында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Абай әлеміне «бірегей құбылыс» деп баға берді. Яғни, Абайдың шығармасында, артында қалдырған мұрасында өз ұлтымыздың жаны, тіршілігі, дүниетанымы, ділі барлығы да сонда жатыр деп сипаттаған. Бұл сөздері арқылы елбасшысы барлығымызға үлкен ой салды. Бірнеше ұсыныстар айтылып, көптеген мәселелер көтерілді. Біз Абайды ұлттық идея мен идеологияның негізгі көрінісі, айшығы ретінде қабылдауымыз керек.

Сұлтанмахмұт:
«Асыл сөзді іздесең,
Абайды оқы ерінбе,
Адамдықты көздесең,
Жаттап тоқы көңілге»,
 – деп айта кетеді. байқасақ, С.Торайғыровпен Қ.Тоқаев ойлары бір-бірімен үндестік табады. Абайдың терең қырларын ашып көрсету қиын екенін осы мақалада дәлелдегендей болды. Бұл – ақынның ойшылдығын, даналығын, тереңірек зерттеуге үлкен серпін бергендей.

А.Құнанбайұлы шығармаларынан «өзіңді тазарту керек» деген ой түйесің. Сондықтан болар, ақынды оқу қиынға түседі, өйткені өзіңді өзің тани түсесің, жиіркенесің, өзіңе сыни көзбен қарай бастайсың. Бернард Шоу «егер сен мысығыңды өздігінен жуыну керек десең, оның үстіне бір ожау жуындыны құя сал, ол амалсыздан үстіне жалап, тазарып шығады. Ал оны өне бойы өзің жуындыратын болсаң, өздігінен ешқашан жуынбайды» деген сөзді осы жерде айта кеткен абзал. Міне, осы тұстан қарайтын болсақ, Абай «өзіңменен күрес, өзіңменен ақылға кел» дейді. Ел Президенті осы ойларды бізге міндеттеп отыр.  Осы арқылы өзімізді түсінуге итермелейтіндей. Абайша көзқарас, Абайша ойлау деңгейіне білім, ғылым арқылы жетер едік дегенді алға тартады. Расымен солай...

Абайтанушы ғалымның өз ұсынысы бар

Алдымен, «Абай әлемі» деген үлкен бір ғимарат салынып, Абай зерттеушілерінің ғылыми материалдары мен ақынның өзі пайдаланған заттарын сол жерге әкеп, үлкен орталық жасаса деген ниет бар. Абайтанушы ғалымдардың басын біріктірер болса, қазақ қоғамының руханияты арта түседі деген ойдамын. Себебі, олар қазір әр тарапта жүр. Олардың кейбірі тіпті ғылымнан алыстап кеткен де болар. Бұл – оларға жаңа шабыт сыйлары хақ.  

Қазір Л.Гумелев атындағы Еуразия ұлттық униерситетінде "Абай академиясы" ғылыми-зерттеу институты құрылғаны көңіл қуантады. Енді, сол жерге абайтанушыларды көбірек тартса деймін. Абайды бірнеше ғылым саласы, жүздеген адамдар зерттеген. Бірақ, соның нәтижесі жоқ. Олай болу себебі – сол жұмыстардың басы бірікпегені. Біріксе, қазақ қоғамына тың серпіліс болар еді-ау. Абайды жан-жақты зерттелген дүниелер арқылы оны толық тануға мүмкіндік туады. Одан соң, біздің басқа да кемеңгер тұлғаларымызға назар аударыла бастайды.

(Сурет Е.Мұханбетқалиев мұрағатынан)


Мөлдір Дарханбаева
Бөлісу: