Instagram желісіндегі қазақстандық ең танымал паблик – «Kartop tv» жобасына 1 жыл. Аз уақыт ішінде өткір де, күлкілі әзілдерімен халық жүрегін жаулаған пабликтің парақшасына жазылушылардың саны бүгінде 500 мыңнан асты.
Жоба авторлары – Шәкәрім Абдоллаев пен Әділет Темірұлы. 1996 жылы туған құрдастар М. Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясында теміржол мамандығында сырттай бөлімде оқиды. Шоу бизнестегі Тұрсынбек Қабатовтай болғысы келетінін айтқан олар жобаны әлі де дамыта түсеміз дейді.
Жоба туралы өздерінен білгіміз келіп, қоңырау шалғанда уақыты жоқ екенін айтқан Шәкәрімнен 10 минут ішінде майдан қыл суырғандай, апыл-ғұпыл осы ақпараттарды ғана біле алдық. Ал интернет желісінде бұл екі жігітті «әлден жұлдыз ауруына ұшырады» деп айыптап жатқандар бар. «Жұлдыз ауруы» туралы сұрағанымызда жігіттер сұрағымызды жауапсыз қалдырды.
«Әлеуметтік желілерде өзге тілдерде небір қызық топтар бар. Соларға қарап қазақ тілінде неге жүргізбеске деген ой келді. Бұл істің қолымыздан келетінін, танымал болатынымызды білдік. Күнде кешкі тоғызда міндетті түрде жаңа әзілдер саламыз. Негізгі мақсатымыз – ақша табу емес. Өткір, ой салатын әзілдерімізді халыққа ұсыну, жобамызды кеңінен таныстыру» дейді Шәкәрім Абдоллаев.
Еңбекқор жастар қысқа әзілдердің сценарийін өздері жазады, өздері түсіреді, өздері өңдеп, желіге салады. Төкен мен Алуа сияқты отбасылық кейіпкерлерді сомдап, күнделікті тұрмыстағы қазақ отбасының қызығы мен шыжығын әйгілейді. Танымал пабликке жарнама беру құны мен орташа табыс көзі қанша екенін сұрағанымызда «құпия болып қалсын» деп қысқа қайырды.
«Жасы үлкен ағаларымыз сауда өнімдерін "жарнамалап бер" деп қолқалап жатады. Ондайда қуана, тегін жарнамасын салып жатамыз. Табыс жағы құпия болып қала берсін» деді жоба жетекшісінің бірі Шәкерім Абдоллаев.
Құрметті оқырман, топтың таңдаулы әзілдерін бірге тамашалайық!