"100 жаңа есім" жобасы жеңімпаздарынан мотивациялық сұхбат

19 Наурыз 2018, 16:56 11489

Беркін Тұрқұлов, Серік Есматов, Дана Башибаева

Беркін Тұрқұлов: «Бүгінге дейін 400 операция жасадым»

Мен Алматы қаласында балалар кардиохирургы болып қызмет етемін. Ашық жүрекке операция жасаймын. Әрине, бұл дәрежеге жету жолым оңай болмады. Әріден бастасам. Көпбалалы отбасында, кішігірім ауылда дүниеге келдім. Ол жерде заманауи стандартқа сәйкес келетін мектеп болған жоқ, сол себепті алыс Мәскеуге барып оқысам дейтінмін. Одан үлкен қаланы білген жоқпын, білсем де мұхит асып Америкаға бару мүмкін емес деп есептесем керек. Бірінші арманым – елші болғым келді. Ауылда ат ерттеп, көкпарға түсіп, асық ойнап жүргенімде сабақ үлгерімім нашарлап кеткен соң, анам мен әкем ортаға алып: «Сен ауылда қалғың келе ме? Әлде маман болғың келе ме?» – деді. Осы сұрақ мені шын толғантты.

Сол күннен бастап, алға ұмтылып, сабаққа шындап кірістім. Мәскеуге бірден барып түсудің мүмкіндігі жоғын біліп, дәрігерлікке оқуға тапсырып, Астана қаласында білім алдым. Ал бала күндегі арманым – Мәскеу қаласына аттанып, дәріс алу да бұйырды. Бұл бірінші кезек, «Болашақ» бағдарламасының арқасы. Онда ұстазым: «Жүректен басқа әдемі жаратылысты көрмедім, жүрек соншалықты синхронды үйлескен орган» – дейтін еді.

Қазіргі таңда 400-ден астам операция жасадым. Кардиохирургия – командалық жұмыс, мұнда менің ғана еңбегім емес. Сол сияқты барлық азамматтар бірлессе, біздің қоғамамызға да пайдалы «операциялар» жасауға болады деп ойлаймын.  

Серік Есматов: «Қос аяғымнан айырылғаныммен, өзіме деген сенімім жоғалмады»

Неден бастасам екен, 2011 жылы қос аяғымнан айырылғаныммен, өзіме деген сенімімді жоғалтпадым. Бұл менің басты қаруым! Мен адамдарға өмірде бәрі мүмкін екенін айтқым келеді. Жалпы, өмірде кім екенің, қай жерде туылғаның маңызды емес. «Кім болып өмір сүріп жатсың? Қандай пайдалы істер жасадың?» – маңыздысы осы.  Менің кемшілігім – менің көмекшім. Біздегі әрбір кемшілік – ол мүмкін физикалық, мүмкін рухани болсын, сіздерді кері тартпауы керек. Ол алға ұмтылуға жәрдемші болсын! Егер сіздер өз кемшілігіңізді, не ақылыңызды, не жүрегіңізді дұрыс пайдалана білсеңіз, сіз алатын асу да, сіз жететін жетістік те көп болмақ.

Мен өмірімде көптеген адамдарға көмек қолымды созып, мотивация беруге ат салысып келемін. Мәселен, онкология орталығына барсаңыз, адамдар өмірден үмітін үзіп, жігері құм болып, жанарының оты өшіп отырады. Мен олардың алдында бұл кемшілігімді көрсетпеуге тырысамын, олар өздерінің проблемаларын айтып, маған дес қоя бастағанда, протезімді көрсетемін. «Сен аяғыңнан айырылдың ба? Не бопты?». Мен осы сәтте өз презентациямды ашып, қандай нәрсеге қол жеткізгенімді айтамын. Менің мақсатым – әрбір үміті үзіліп бара жатқан жандарға дем беру, жігерлендіру.  

Дана Башибаева: «Бала күнгі арманым орындалды»

Мен онколог-маммолог дәрігермін. Айтайын дегенім, мен жер бетіндегі ең бақытты адамдардың бірімін, себебі, өзімнің сүйікті ісіммен айналысамын. Сонау бала кезімнен дәрігер болуды, ота жасауды армандап өстім. Отбасымда әкем де, анам да, тіпті ата-әжем де дәрігер емес. Сонымен, кішкентайымнан дәрі-дәрімекке деген қызығушылығым жоғары болды, оның үстіне екпе қабылдағанда мені дәріден, дәрігерден қорықпауға үйретті. Осылайша, бала күнгі арманым орындалып, медицина университетін тәмәмдап шықтым.

Қазіргі кезде рак, адамның иммун тапшылығы вирусы секілді аурулармен әлем күресіп жатқанын бәріміз білеміз. Сол сияқты аналық без обыры да басты назарда. Көптеген аналарымыз, әпкелеріміз алғашқы белгілері мен қай жерге барып көрінуді білмегендіктен, уақытты босқа өткізіп жатады. Мен бүгінде әлеуметтік желі арқылы осы дертпен күресудің, алдын алудың жолдарын түсіндіретін жұмыстар жүргізіп жатырмын. Тексерілуден өтіп, басқа да жандарды тексерілуге шақырыңыз, сіздің бұл ісіңіз басқаларға да сабақ болсын демекпін!

Мөлдір Дарханбаева
Бөлісу: