900 қазақстандық шетелде жазасын өтеп жатыр – Бас прокуратура

2 Қазан, 12:16 498

Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев 900 қазақстандық шетелде жазасын өтеп жатқанын айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Олардың басым бөлігі, яғни шамамен 650 адам Ресейде жазасын өтеуде. 1000-ға жуық шетелдік еліміздің түрмелерінде отыр. Олардың дені Өзбекстан азаматтары.

Балалары шетелде оқып жатқан ата-аналар, жұбайлары немесе туыстары шетелде жүрген азаматтарға маңызды үндеу тастағым келеді. Олар елден жырақта жүрген туғандарымен үнемі байланысты болып, хабардар болып отыруы керек. Сіздер бір мәселені түсінулеріңіз керек. Өкінішке қарай, біздің жастар оңай ақша табамыз деп шетелге барып ұрынып қалу, келеңсіз жағдайға түсіп қалу оқиғалары өте көп. Әсіресе есірткі тасымалдауға байланысты мәселелер бар. Шетелде болсын, бізде болсын есірткіге қарсы жаза өте ауыр. Мысалы, шетел түрмесінде жазаны өтеу қиын, себебі тілдік кедергі бар. Ол қарапайым нәрсені де сұрай алмайды, бұл қиын. Кейбір елдерде «мәжбүрлі еңбек» деген ұғым бар. Адам жұмыс істемеген жағдайда, оған тамақ берілмейді. Шетелде жүргенде абай болу керек. Барған елдің ережелерін сақтауымыз қажет, - деді Қойгелдиев.

Ғалымжан Қойгелдиевтің сөзінше, соңғы бес жылда Қазақстанға 160 отандасымыз қайтарылды. 190 шетелдік өз елдеріне жіберілді. Осы жылдың тоғыз айында жазасын өтеп жатқан 24 қазақстандық елге қайтарылды.

Миражан Махан
Бөлісу: