Көпшілігіміз тері қартаюын жас ұлғаюымен байланыстырамыз, алайда дерматологтардың айтуынша, әжімдердің 90 пайызға жуығы табиғи қартаюдан емес, күн сәулесінің әсерінен пайда болады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Яғни, терінің көзге көрінетін өзгерістерінің басым бөлігі ультракүлгін сәулелердің зиянды әсерінен туындайды. Табиғи қартаю белгілері әдетте 40–50 жастан кейін байқалса, фотостарение деп аталатын күннің әсерінен болатын тері қартаюы 30 жастан бастап-ақ көрініс беруі мүмкін. Әсіресе күнге жиі қыздырынып, қорғанусыз жүретін адамдарда бұл өзгерістер ерте байқалады. Ресейлік косметолог-дәрігер Елизавета Шухманның айтуынша, фотостарение — бұл ультракүлгін сәулелердің тері жасушаларына терең енуі арқылы ДНҚ құрылымын бұзатын, коллаген мен эластин талшықтарын жоятын күрделі биологиялық процесс. Нәтижесінде тері серпімділігін, балғындығын жоғалтады және ерте әжімдене бастайды. Шухман фотостарение механизмі жақсы зерттелгенін айтады: UVA типті ультракүлгін сәулелер терінің терең қабаттарына еніп, еркін радикалдардың түзілуіне себеп болады. Бұл белсенді молекулалар тотығу процесін қоздырып, жасуша мембраналары мен маңызды ақуыздарды зақымдайды. Сырттай қарағанда, фотостарение әдетте ерте әжімдердің пайда болуымен, тері түсінің біркелкі еместігімен, гиперпигментациямен, капиллярлардың көзге көрінуімен және бет сопақшасының анық еместігімен көрінеді.
Бұл өзгерістер ең алдымен бет, мойын, декольте және қол сияқты күнге жиі ашық болатын дене бөліктерінде байқалады, ал киіммен жабық тері әлдеқайда баяу қартаяды. Тағы бір қызықты дерек — қараторы теріге ие адамдарда меланин мөлшері жоғары болғандықтан, күн сәулесінің зиянды әсерінен табиғи түрде қорғаныс күштірек болады. Меланин – табиғи фильтр рөлін атқарып, ультракүлгін сәулелердің 50 пайызына дейін бөгет қоя алады. Дегенмен, ешбір тері фототипі фотоқартаюдан толықтай қорғалмаған. Фотостарениенің алдын алу үшін кешенді тәсіл қажет: күнделікті SPF30+ деңгейіндегі күннен қорғайтын кремдерді қолдану, бұлтты күндері де қорғануды ұмытпау, антиоксиданттарға бай дәрумендер (С және Е дәрумендері, ресвератрол) қабылдау және кәсіби косметологиялық күтім шараларын жүргізу маңызды. Заманауи күннен қорғайтын құралдарда екі түрлі фильтр қолданылады: физикалық және химиялық.
Физикалық фильтрлер — мырыш оксиді немесе титан диоксиді негізіндегі минералды заттар — тері бетінде шағылыстыратын қорғаныс қабатын түзеді. Ал химиялық фильтрлер — авобензон, октокрилен секілді заттар — ультракүлгін сәулелерді сіңіріп, оларды зиянсыз жылуға айналдырады. Алайда физикалық фильтрлер теріде ақ із қалдыруы немесе тері тесігін бітеп тастауы мүмкін, ал химиялық түрлері кей жағдайларда сезімтал теріде аллергиялық реакция тудыруы ықтимал. Осы себепті мамандар гибридті формулаларды – яғни екі түрлі фильтрдің артықшылықтарын біріктіретін өнімдерді таңдауға кеңес береді. Сонымен қатар, ең сапалы күннен қорғайтын кремнің өзі де екі сағат сайын және суға түскеннен кейін міндетті түрде қайта жағылуы керек екенін есте ұстаған жөн.
Бұған дейін фолий қышқылы жүкті әйелдерге не үшін керектігі туралы жазған едік.