«Қазгидромет» РМК мамандарының болжамына сәйкес, 2025 жылғы 9 қараша, жексенбі күні Қазақстан аумағына Атлант мұхитынан келген белсенді циклон әсер етеді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Синоптиктердің мәліметінше, елдің басым бөлігінде жаңбыр мен қар түрінде жауын-шашын жауады.
Солтүстік пен солтүстік-батыс өңірлерде жауын-шашын кей жерлерде күшті болады. Бұл аймақтарда, сондай-ақ шығыс және орталық өңірлерде көктайғақ пен боран болуы мүмкін, – делінген «Қазгидромет» хабарламасында.
Оңтүстік және оңтүстік-шығыс облыстарда антициклонның әсерінен ауа райы ашық, жауын-шашынсыз өтеді.
Сонымен қатар синоптиктер елдің барлық өңірінде тұман түсіп, желдің күшеюі ықтимал екенін ескертеді.