Елімізде педагогтердің біліктілігін арттыруға арналған тегін курстар аяқталды. Биыл 80 мыңнан астам педагог пен білім беру ұйымдарының басшылары оқудан өтіп, біліктілігін арттырды, деп хабарлайды Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап El.kz ақпарат агенттігі.
Курсқа қатысушылардың жартысынан көбі ауыл мектептерінің мұғалімдері, олардың саны - 46 074 педагог. Сондай-ақ 62 мың педагог мемлекеттік тілде білім алды.
Оқыту 56 білім беру бағдарламасы бойынша жүргізілді. Олардың ішінде құндылыққа бағдарланған тәсілді қолдану, арт-педагогикалық технологиялар және пәндік құзыреттілікті дамыту бойынша бағдарламаларға ерекше назар аударылды. Біліктілікті арттыру курстарында мұғалімдер теориялық материалдармен ғана жұмыс жасамай, сондай-ақ практикалық тапсырмаларды да орындады. Курстарды аяқтағаннан кейін оларға курстан кейінгі қолдау көрсетіледі.
Білім сапасын арттыруда мұғалімдердің үздіксіз дамуы басты рөл атқарады. Заманауи әлем мұғалімдерден білім беруді ғана емес, сонымен бірге шабыттандыруды, бағыт беруді және өзгермелі жағдайларға бейімделуді талап етеді. Біздің орталықтың оқытушылары 3 160 курс өткізді, онда 81 803 педагог, оның ішінде мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту жүйесінің 11 965 педагогі, мектептердің 68 458 педагогі және колледждердің 1380 педагогі оқытылды, – деді «Өрлеу» басқарма төрағасы Айдана Шилибекова.
Еске салсақ, курстар биыл ақпан айында басталған болатын. Бұл іс-шара мұғалімдерді қолдау мақсатында жыл сайын өткізіліп келеді. Мұндай курстар білім сапасын арттырып, мұғалімдердің кәсіби өсуіне септігін тигізеді.