«Қазгидромет» мамандары 2025 жылдың 8 қыркүйегіне арналған ауа райы болжамын жариялады. Дүйсенбі күні Қазақстанның басым бөлігінде күн райы құбылмалы болып, жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Синоптиктердің дерегінше, солтүстік өңірлерде қатты нөсер күтіліп отыр. Ал солтүстік, шығыс және орталық аймақтарда бұршақ жауып, қатты желмен бірге шквал болуы ықтимал. Тек батыс облыстарда ғана жауын-шашынсыз күн райы сақталады.
Бұдан бөлек, еліміздің әр өңірінде қосымша қолайсыз құбылыстар болжанып отыр. Мамандардың айтуынша, республика аумағында жел күшейеді, оңтүстікте шаңды дауыл соғуы мүмкін. Ал солтүстік пен шығыста түнгі және таңғы уақытта тұман түседі.
Өрт қаупіне қатысты да ескерту жасалды. Жоғары өрт қаупі Алматы, Жетісу, Ақмола, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, сондай-ақ Қарағанды мен Ұлытаудың бірқатар аймақтарында сақталады.
Ал төтенше өрт қаупі Түркістан, Қызылорда, Маңғыстау, Жамбыл облыстарында, сонымен қатар Алматы облысының батысы мен солтүстігінде, Жетісудың орталығы мен оңтүстік-шығысында, Қостанайдың оңтүстік-батысында, Қарағандының оңтүстігінде, Ақтөбе мен Ұлытаудың шығыс бөлігінде байқалады.
Синоптиктер тұрғындарға ауа райына байланысты барынша сақ болып, қауіпсіздік шараларын ескеруді ұсынады.