8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында ер азаматтардың көбі сыйлық іздеп әлек болады. Бірі гүл алып, тәтті таңдаса, ал кейбірі жақын жандарын қуантатын ерекше сыйлық іздейді. Сіз де қандай сыйлық аларыңызды білмей жүрсіз бе? Онда біз жинақтаған сыйлықтарға көз жүгіртіп көріңіз.
Анаңызға
Ана – әр адамның өміріндегі ең қымбат жан. Сондықтан бұл күні оған ерекше көңіл бөлген дұрыс. Көп жағдайда аналар өзіне күтім жасауға уақыт таба бермейді. Сол себепті сұлулық салонына, массажға немесе косметологқа баратын сертификат жақсы сыйлық болуы мүмкін. Есесіне анаңыз демалып, өзіне уақыт арнауға мүмкіндік табады.
Сонымен қатар тұрмысты жеңілдететін шағын техника да пайдалы сыйлықтың қатарында. Мәселен, мультиварка, асүй комбайны, йогурт дайындайтын құрылғы, блендер немесе кофемашина. Егер анаңыз мәдени шараларды ұнатса, театрға, концертке, мұражайға немесе басқа да қызықты кешке билет сыйлау арқылы оған ерекше әсер сыйлай аласыз.
Иіссу да тамаша сыйлықтардың бірі. Жаңа хош иіс әйелдің көңіл-күйін көтеріп, өзін ерекше сезінуге көмектеседі. Ал кейде қарапайым, бірақ пайдалы заттар да үлкен қуаныш сыйлайды. Мысалы, сапалы төсек жабдығы, әдемі дастарқан немесе сәнді шарф, палантин мен әмиян да берсеңіз болады.
Сүйіктіңізге
Сүйіктіңізге сыйлық таңдау оңай емес. Дегенмен, оның қызығушылығына қарай бірнеше нұсқаны қарастыра аласыз. Мысалы, сұлулық салонына, массажға арналған сертификат беруге болады.
Сырт келбетіне мән беретін қыздарға шаш сәндеуге арналған стайлер, автоматты плойка немесе түрлі қондырмасы бар заманауи фен де ұнайтыны анық. Ал сәнденгенді жақсы көретін қыздарға сырға, сақина, моншақ, білезік секілді әдемі әшекей бұйым мен зергерлік қобдиша да пайдалы сыйлық болады.
Косметика – қыздар үшін әрдайым қажет дүние. Шаш күтіміне арналған құралдар, бет күтіміне арналған крем немесе сәнді косметика жиынтығы әрқашан сұраныста. Ал әлеуметтік желіде белсенді қыздарға штатив пен суретке түсуге арналған жарық түсіруші лампа таптырмас сыйлық болуы мүмкін.
Әйеліңізге
Жұбайыңызға сыйлық таңдағанда оның күнделікті өміріне қажет дүниелерді ескерген дұрыс. Мәселен, клатч, кең шоппер немесе күнделікті қолдануға арналған ыңғайлы сөмке берсеңіз, қуанып қалары анық.
Сондай-ақ заманауи гаджетті де қарастыруға болады. Мысалы, сапалы құлаққап, ауа ылғалдандырғыш, ақылды таразы, робот-шаңсорғыш немесе электрлі тіс щеткасы. Жібек матадан тігілген ұйқы киімі немесе нәзік пеньюар да әйелді қуантатын сыйлықтың бірі.
Егер жұбайыңыз бұрыннан фитнеске, биге, йогаға немесе вокал сабағына баруды армандап жүрсе, оған арнайы абонемент сыйлаңыз.
Сондай-ақ әйеліңізді романтикалық кешкі асқа шақырсаңыз да болады.
Әжеңізге
Әжеге сыйлық таңдағанда, ең алдымен, оның денсаулығы мен жайлылығын ойлаған жөн. Мысалы, электронды тонометр немесе ауа ылғалдандырғыш сияқты құрылғылар қарттарға өте пайдалы.
Үй шаруасын жеңілдететін робот-шаңсорғыш та жақсы көмекші бола алады. Сонымен қатар аяққа немесе арқаға арналған массаж құрылғылары әжеңізге демалып, шаршағанын басуға көмектеседі.
Егер әжеңіз қолөнерді жақсы көрсе, тоқуға немесе кесте тігуге арналған құралдар сыйлауға болады. Ал ас әзірлеуді ұнататын әжелер үшін тәтті пісіруге арналған жаңа қалып немесе ерекше дәмдеуіштер жиынтығы да қызықты сыйлық болмақ.
Сондай-ақ әдемі көйлек, жұмсақ жамылғы, ортопедиялық жастық, жылы үйге киетін аяқ киім де – әжеңізді қуантатын сыйлықтардың қатарында.
Әпкеңізге немесе сіңліңізге
Алдымен сыйлық таңдарда жасына мән беріңіз. Жас қыздарға косметикаға арналған органайзер, ерекше смартфон қабы немесе макияжға арналған қылқалам жиынтығы ұнауы мүмкін.
Ал ересек әпке-сіңліге тұрмыста қажет заттар сыйлауға болады. Мысалы, косметика, асүйге арналған техника немесе ыдыс-аяқ. Егер ол компьютерде көп жұмыс істесе, сусынды ұзақ жылы ұстап тұратын термос та пайдалы сыйлық болуы мүмкін.
Кез келген қызға әшекей бұйым таптырмас сыйлық. Әдемі сақина, білезік, сырға ұсынсаңыз, қуанып қалары анық.
Ал сыйлық таңдауда күмәндансаңыз, сапалы иіссу ұсынсаңыз болады.
Құрбыңызға
Құрбыңызға сыйлық таңдау қиын емес. Ең бастысы – оның талғамын ескергеніңіз жөн. Мысалы, ерекше дизайндағы блокнот, жоспар дәптері секілді ұсақ, бірақ пайдалы сыйлықтар әрдайым қажет.
Сондай-ақ әмиян, сөмке, визиткаға арналған қап секілді аксессуар да – жақсы сый. Сапалы косметика немесе күтім құралдарын да берсеңіз болады.
Ең бастысы – сыйлықтың бағасы емес, оны қандай көңілмен бергеніңіз маңызды. Сондықтан қандай сыйлық берсеңіз де, оны жылы сөзбен, шынайы ықыласпен ұсыну – ең үлкен қуаныш.
Айта кетейік, бұған дейін Қосшыда қызғалдақ өсіретін ірі жылыжай жайлы жазған едік.