26.02.2026
15:15
466
8 наурызда 8 өңірде мыңдаған әйелге қаржылай сыйақы берілетін болды

8 наурызда 8 өңірде мыңдаған әйелге қаржылай сыйақы берілетін болды

Халықаралық әйелдер күні қарсаңында аналарды қолдау шаралары күшейеді. Елдің бірнеше өңірінде көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған әйелдерге біржолғы ақшалай сыйақы төлеу жоспарланған. Бұл қолдау жергілікті бюджет мүмкіндігіне қарай жүзеге асырылады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, қолданыстағы заңнамаға сәйкес қосымша әлеуметтік көмекті тағайындау жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне жатады. Яғни, әкімдіктер жергілікті бюджет есебінен төленетін көмектің мөлшерін және алушылар санатын өздері айқындайды. Әлеуметтік көмек көрсету қағидалары да жергілікті деңгейде әзірленіп, мәслихат шешімімен бекітіледі.

Сондықтан 8 наурыз мерекесіне орай төленетін қаражат көлемі мен алушылар тізімі әр өңірде әртүрлі. Бұл жергілікті бюджет мүмкіндігіне байланысты белгіленеді.

Астана қаласы

Жыл сайын елордада көпбалалы отбасылар мен аналарға қолдау қарастырылады. Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының бізге берген ақпараты бойынша, 8 наурыз халықаралық әйелдер күніне орай қаладағы көпбалалы отбасылар мен аналарға біржолғы әлеуметтік төлем беріледі.

Жалпы саны шамамен 37 мың азаматты құрайтын төлем мөлшері – 2,5 АЕК немесе 10 813 теңге. Бұл әлеуметтік көмек Астана қаласы мәслихатының 2023 жылғы 3 қазандағы шешімімен бекітілген «Астана қаласында мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерін белгілеу және айқындау қағидаларына» сәйкес жүзеге асырылады.

Төлем төмендегідей азаматтарға қолжетімді:

  • көпбалалы отбасылар мен аналар;
  • «Алтын алқа» және «Күміс алқа» төсбелгісіне ие көпбалалы аналар;
  • Астана қаласында тіркелген және тұрақты тұратын аз қамтылған аналар.

Төлемдер «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Әлеуметтік төлемдер орталығы ұсынған тізім негізінде жүзеге асырылады.

Ал 2025 жылы 8 наурыз қарсаңында шамамен 36 мың көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған анаға 2,5 АЕК мөлшерінде (9 830 теңге) біржолғы әлеуметтік көмек төленген.

Ұлытау облысы

Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, биыл Ұлытау облысында көпбалалы аналарды қолдауға 188 миллион теңгеге жуық қаражат бөлінген. Атап айтқанда, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған, бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған әйелдерге 20 000 теңге мөлшерінде төлем беріледі.

Өңірде аталған санатқа жататын аналардың саны – 9 375 адам. Қазіргі таңда Ұлытау облысында 110 928 әйел мен қыз-келіншек тұрады. Бұл – облыс халқының 50,7 пайызы. Облыс әкімдігі аналарды қолдау өңірдің әлеуметтік саясатының басым бағыты екенін атап өтті.

Басқа өңірлердегі жағдай

2025 жылы 8 наурызға орай еліміздің түрлі аймақтарында төмендегідей төлемдер жасалды:

  • Шымкент қаласы – «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері, «Батыр ана» және I-II дәрежелі «Ана даңқы» ордені бар аналарға 5 АЕК (19 660 теңге).
  • Түркістан облысы – 63 мыңнан астам көпбалалы анаға орта есеппен 7 864 теңге (жалпы 484,8 млн теңге).
  • Абай облысы – 19 575 көпбалалы анаға 15 000-19 660 теңге аралығында (жалпы 285 млн теңге).
  • Қарағанды облысы – 21 мыңнан астам әйелге біржолғы төлем.
  • Ақмола облысы – шамамен 6 мың көпбалалы анаға 2-5 АЕК көлемінде.
  • Ұлытау облысы – 9 165 анаға 20 000 теңге.
  • Алматы қаласы – 8 наурызға орай біржолғы төлем қарастырылмады.

Осылайша, 8 наурыз мерекесіне орай аналарға берілетін ақшалай сыйақы республикалық деңгейде міндетті төлем болып саналмайды. Әр өңір өз бюджетіне қарай шешім қабылдайды. Бұл шара мерекелік күнде аналарды қолдаудың тұрақты дәстүрінің тетігі деуге болады.