7 қыркүйек кинопремьералары

7 Қыркүйек 2017, 15:26 2121

Осы аптада ұсынылатын фильмдерге шолу

Биыл Стивен Кингтің жылы деп сеніммен айтуға болады. Оның қолынан шыққан шығармалардың негізінде екі сериал («Мгла», «Мистер Мерседес»), екі кинокартина («Темная башня», «Оно») шықты. Жыл соңына дейін тағы бірнеше экранизация жарық көріп қалуы мүмкін. Осы киноуикендтің хедлайнері – жазушының аттас романына негізделген «Оно» үрейлі драмасы. Одан басқа Стивен Содербергтің жаңа туындысы, Брюс Ли туралы байопик, жапон анимесі мен басқа да жаңа дүниелер бар.

Андрес Мускетти («Мама») режиссерлік еткен «Оно» фильмінің оқиғасы Дерри қаласында болады. Бұл елді мекенде балалардың жоғалуы көбейіп кетеді. Бірнеше оқушы бірігіп, осы қылмысқа қатысы бар "Әлдекім" атанып кеткен құбыжықты табуды көздейді.

Клоун Пеннивайз рөлінде - швед актері Билл Скарсгард. Ол кино әлемінде әйгілі Скарсгардтар отбасынан шыққан.

Америка сценарийшісі және режиссері Джордж Нолфи қытай продюсерлердің қолдауымен кино мен жекпе-жек өнерінің аңызы Брюс Лидің өміріне негізделген картина түсірді. «Брюс Ли: Рождение дракона» Брюс Лидің өмірінде орын алған шын оқиға баяндалады. Әңгіме шебердің 1965 жылы Сан-Францискода кунг-фу шебері Вонг Чек Манмен болған жасырын жекпе-жегі туралы. Басты рөлде – Гонконгтан шыққан актер Филип Нг.

Көптен көрінбей кеткен Стивен Содерберге «Удача Логана» деген жаңа дүниесін ұсынады. Оның бұған дейінгі режиссерлік жұмысын 2013 жылы («Побочный эффект») көрген екенбіз. Жаңа картинасы қылмыстық комедия жанрында жасалған және Дэниэл Крэйг, Ченнинг Татум, Адам Драйвер секілді жұлдыздардың басын қосады.

Фильм "Coca-Cola 600" автобәйгесі кезінде ақша ұрламақ болған ағайынды Джимми мен Клайдтың басынан кешкендерін баяндайды. Айласын іске асыру үшін ол өз ісінің білгірлерін жинай бастайды, ал аса қажет маман түрмеде отыр еді. Алдымен соны бостандыққа шығарудың амалын қарастырады.

«Твое имя», яғни «Сенің есімің» деген жапон анимесі Токиода тұратын бозбала мен шағын қалада тұратын қыз туралы баяндайды. Олардың арасында біртүрлі байланыс бар еді. Олар ұйықтаған кезде бір-бірінің денесіне енеді, яғни жігіт түсінде өзін алыстағы қалашықта тұратын қыз ретінде көрінеді, ал қыз токиолық жігіттің рөлінде. Екеуі қалай болғанда да бір-бірін іздеп таппақ болады.

«В гостях у Элис» - «Оскарлы» Риз Уизерспун басты рөлде ойнаған комедия драма. Картина карьерасын актриса ретінде бастаған Холли Мейерс-Шайердің режиссер һәм сценарийші ретіндегі алғашқы жұмысы.

Картина нағыз махаббатын табу үшін аса батыл қадамға барған әйел туралы. Элисжарты жыл бұрын күйеуінен ажырасқан, екі қызы бар. Өз туған күнінде думандатып жүріп, бірден үш жігітпен танысады. Ол үшеуіне де бір шаңырақ астында бірге тұрып көруді ұсынады. Осыдан бастап әйелдің өмірінде көп өзгеріс болады.

Энтони Дж. Коэн есімді кино әлемінің дебютанты алғашқы жұмысын «Секс-трип» деп атапты. Оқиғасы қысқаша былай: әйелдердің басын айналдырып, өзіне қаратудың хас шебері бір күні әйел болып оянады. Шамасы басты месседжі әйелдерді бағалай білу, олардың жанын түсінуге тырысу болса керек.

«Дозор джунглей» - француз киномамандары жасаған мультфильм. Басты кейіпкері – ерекше пингвин. Ерекше деген себебіміз – пингвиннің сыртқы түрі әдеттегідей ақ ала емес, жолбарыстың түсіндей және ол орманда өмір сүреді. Пингвин өзін джунглидің қорғаны деп есептейді. Орманға коала бастаған зұлым жасақ баса-көктеп келгенде, ол достарымен бірге келімсектерге қарсы тұрады.

Ернар Бекенов
Бөлісу: