74 жастағы Қарағанды облысының тұрғыны әлемдік екі рекордты жаңартты

23 Шілде 2023, 14:23 893

Қарағанды облысының Шет ауданында тұратын 74 жастағы Дәрібай Оспанов пауэрлифтингтен өткен Азия, Тынық мұхиты елдері және Африка чемпионатында екі рекорд жаңартып, жеңіске жетті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі aikyn.kz-ке сілтеме жасап. 

Бұл жа­рыста Дәрібай Оспанов 83 келі салмақ дәрежесінде пауэрлифтингтің екі түрі­мен ардагерлер арасында М-4 (70 жастан асқан) кіші топта бақ сынасты. Клас­си­када ол отыруда – 130 келіні, жатып сығымдап кө­теруде – 120 келі және бі­тімге тартуда 150 келіні, жал­пы 400 келіні бағын­дырды. Осылайша, жалпы есепте I орынды иемденді. Жаб­дықты түрде  отыруда – 140 келіні, жатып сығымдап кө­теруде – 150 келіні, бітімге тартуда – 160 келіні, жалпы есеп­теген­де, 450 келіні ырқына көндірді. Сайыстың бұл кезеңінде де бас жүлдегер атанып, ардагерлер арасында Азияның аб­солютті чемпионы ретінде танылды. Ал жабдықты түрде 150 ке­ліні жатып сығымдап көтергені және 450 келіні көп­сайыс­та көтергені үшін Азияның екі рекордын орнатты.

– Мен спортқа ойламаған жерден келдім. Ауыр жат­ты­ғу­лар­дың арқасында Азия мен әлемнің бірнеше дүркін чем­пио­ны атандым. 63 жасымда халықаралық дәрежедегі спорт ше­бері атағын алдым. Әлемдік рекордты 2021 жылы 72 жа­сым­да Теміртауда өткен Қазақстан чемпионатында қайта­ла­дым. Гонконгтағы чемпионатқа төрт ай дайындалдым. Әрине, қиын болды, бірақ жақсы нәтиже көрсеттім. Сегіз медаль жеңіп алдым, қазір он дүркін Азия чемпионы, әлемнің үш дүр­кін күміс жүлдегерімін, – дейді Дәрібай аға.

Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, пауэрлифтингтен Азия мен әлемнің екі дүркін чемпионы, Еңбек сіңірген жат­тық­тырушы Дәрібай Оспанов 1949 жылы теміржолшылар от­басында дүниеге келген. Ол ата-анасының ізін басып, бүкіл өмі­рін теміржолға арнаған. Спортпен жас кезінен айналысқан. Соңғы 18 жылда пауэрлифтингке қатты қызығушылық та­ныт­қан. Ол өзінің алғашқы жеңісін 2010 жылы Филиппинде өткен Азия чемпионатында қанжығалапты, бұл додада салмағы 140 келі штанганы көтерген.

Дәрібай Оспанов мұнымен тоқтап қалмайтынын айтады. Ол аптасына бес рет жаттығуды жалғастырып, ұлдарымен бір­ге биылғы халықаралық жарыстарда Қазақстанның на­мы­сын қорғауға әзірленіп жатыр.

– Қазан айында Моңғолиядағы әлем біріншілігіне қа­тысу­ды жоспарлап отырмыз, ал маусым айында Үндістанға бара­мыз. Жарысқа тұрақты түрде дайындаламыз. Спорттағы ұзақ өмір сүрудің басты құпиясы – жата бермей, үнемі дене­шы­нықтырумен айналысу, жақсы қан айналымы үшін сыртта жү­гіру қажет. Сонымен қатар алдымызға мақсат қойып, оларға қол жеткізуіміз керек. Менің мақсатым – еңбек сіңірген спорт ше­бері атағын алу және бірнеше рет чемпион болу, – дейді спорт ардагері.

 

Асқар Таудай
Бөлісу: