7 тілді меңгерген мектеп директоры: «Бала күнімде хиргург болғым келген»

Бүгiн, 12:30 184

«Көп тілген білген көпті ілер». Бұл Түркістан облысындағы ұстаз Смадияр Каримовқа арналып айтылғандай. Қазығұрт ауданында тұратын педагог қазақ, орыс, ағылшын, түрік, өзбек, араб және кәріс тілдерін меңгерген. Еңбек жолын аудармашы болып бастаған ол кейін туған жеріне оралып, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналасады. Бүгінде Қ.Тұрсынқұлов атындағы мектеп-гимназиясында директорлық қызмет атқарып жүр. Полиглот ұстаздың жұбайы да өзі сияқты ағылшын пәнінің мұғалімі. “Ұстаз ізденуін тоқтатқан кезде ұстаз болудан қалады” деген қағиданы ұстанған мектеп директорымен El.kz тілшісі сұхбаттасып, тіл үйренудің жолдары мен білім саласына қатысты бірқатар сұрақтарға жауап алды.

El.kz: Алдымен өзіңіз туралы аз-кем тоқталып өтіңізші.... Білім саласына қалай келдіңіз? Ұстаздық жолды таңдауыңызға не түрткі болды?

Смадияр Каримов: Мен 1980 жылы 10 қарашада бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы, қазіргі Түркістан облысы Қазығұрт ауданында дүниеге келдім. Алтыншы сыныпқа дейін осы аудандағы жалпы орта мектепте білім алып, жетінші сыныпта Шымкенттегі қазақ-түрік лицейіне ауыстым. Аталған білім ұясын 1999 жылы бітіріп шықтым. Кейін  Шымкенттегі халықаралық қазақ-түрік университетіне ағылшын және араб тілдерінің оқытушысы мамандығы бойынша оқуға түстім. 2003 жылы жоғары оқу орнын тәмамдадым. Қолыма диплом алған соң Шымкентте үш жылдай түрлі компанияларда аудармашы болып еңбек еттім. Кейін ойлана келе туған жеріме еңбек етемін деп шешім қабылдап, Қазығұрт ауданына оралдым. 2006 жылы аудандағы Қ.Тұрсынқұлов атындағы мектеп-гимназиясына ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болып жұмысқа қабылдандым.

El.kz: Білуімше, қазақ-түрік лицейі ағылшын мен түрік тілдерін тереңдетіп оқытады. Демек бұл қос тілді сол білім ұясында оқып жүргеніңізде меңгерген болып тұрсыз ғой? Ал қалған тілдерді қайдан үйрендіңіз? Әсіресе кәріс тілі  қызық боп тұр...

Смадияр Каримов: Негізі мен өзімнің туып-өскен ауылымда орта мектепті бесінші сыныпқа дейін орыс сыныбында оқыдым. Кейін лицейге ауысқан соң түрік пен ағылшын тілдерін тереңдетіп меңгердім деуге болады. Арабшаны жоғары оқу орнында білім алғанымда толықтай үйрендім. Қазақша – өз ана тілім, мен үшін  бірінші орында. Ал өзбек тілін бала күнімде көршілерімнен үйреніп алғанмын. Мен өскен жерде орыс, неміс, өзбек секілді көп ұлт өкілдері тұратын. Баламыз ғой, қатарластармен ойнап жүріп, өзбек тілін оп-оңай үйреніп алғаным бар. Оның үстіне біздің Қазығұрт ауданы шекараға жақын болғандықтан ес білгенімізше өзбек телеарналары көрсетіліп, өзбек тіліндегі фильмдерді көріп өстім. Кәріс тіліне келсем, орысша айтқанда «самоучка» дейді ғой, оны өздігімнен үйренгенмін. Жоғарыда айтып өткенімдей, Шымкентте үш жылдай жеке компанияларда аудармашы болып жұмыс істедім. Сол кезде зауыт салынып, кәріс ұлтының өкілдері жұмыс істеген болатын. Солармен әңгімелесу, араласу арқылы кәрісшені меңгергенім бар. Негізі мен алдыма мақсат қойдым ба, соған жетпейінше тынбайтын адаммын. Сонымен қатар көп ізденіп, жақсы дүниелерді үйренуге талпынып тұрамын. Бәлкім көп тілді меңгеруім сол қасиетімнің арқасында да шығар...

El.kz: Көп тіл үйренуге деген қызығушылықты қай кезде байқадыңыз? Бәлкім бала күніңіздегі арманыңыз болды ма?

Смандияр Каримов: Шынымды айтсам, бала күнімде полиглот болуға қызықтым дей алмаймын. Ел қатарлы мектепте білім алдым. Бірақ сабақ үлгерімім өте жақсы болды. Бізде шет тілі ретінде неміс тілі оқытылды. Бірақ оған аса қызықпайтынмын. Жалпы орта мектепте оқып жүргенімде математикаға жақын болдым. Оқу озаты болуымның арқасында шығар, Шымкенттегі қазақ-түрік лицейіне оқуға қабылдандым. Өзіңіз білесіз, бұл білім ұясында білім алу екінің біріне бұйыра бермейтін бақ. Лицейге қабылдану үшін бірнеше сынақтан өтесің, біліміңді дәлелдейсің. Лицейге келіп, түрік, ағылшын тілдерін тереңінен меңгеріп, тіпті тест тапсырғанымда жоғары көрсеткішке қол жеткізіп жүрдім. Сөйтіп жүріп тілге деген қызығушылығым ашылды ғой.

(Фото: Смадияр Каримовтың жеке мұрағаты)

El.kz: Көп тіл білетін адамның дүниетанымы өзгереді, өмірге деген көзқарасы басқаша болады деп жатады. Келісесіз бе?

Смадияр Каримов: Шынымды айтсам, ол туралы ойланып көрмеппін. Мүмкін басқаша ойлайтын да шығарсың. Бірақ «Бірнеше тіл білемін, біреуден артықпын» деген ойдан аулақпын.  Мен де өзгелер секілді қарапайым адаммын. Өзге әріптестерім сияқты ұстазбын.

El.kz: Бала күніңізде кім болуды армандайтын едіңіз?

Смадияр Каримов: Менің анам бүкіл еңбек ғұмырын медицинаға арнаған адам. Сол саладан зейнет жасына шықты. Бала күнімде анамның жұмысына қатты қызығатынмын. Ақ халат киіп, мен де болашақта медицина маманы боламын деп армандайтынмын. Әлі есімде төменгі сыныпта оқып жүргенімде хирург боламын деуші едім. Бірақ есейе келе өзімді жаңа қырымнан танып, шет тілі мамандығын таңдадым.

El.kz: «Қаншама ақылы курстарға қатыстым, өздігімнен үйренуге де тырыстым. Бірақ шет тілін еш үйрене алмадым» деп жататындарды жиі естиміз. Айтыңызшы, көп тілді меңгеру генетикаға байланысты ма?

Смадияр Каримов: Тікелей байланысты немесе жоқ деп нақты айта алмаймын. Себебі ондай зерттеу жүргізіп көрмеппін. Жаңа айтып өткенімдей, анамның тіл мамандығына мүлдем қатысы жоқ. Ал әкем баяғыда «райком» дейтін едік, қазіргі әкімшілік деп жатамыз, сол жақта еңбек еткен. Сол саладан зейнеткерлікке шыққан. Бүгінде 84 жаста.  Дегенмен әкем орысшадан бөлек кәрісшені біледі. Ол кісі де бұл тілді кезінде кәріс ұлтының өкілдерімен араласу арқылы өздігінен үйренген.

El.kz: Тіл үйреніп жүрген кезіңізде есіңізде қалып қойған қызықты жағдайлар да болған шығар? Бәлкім бір сөздің аудармасын айта алмай, қатты қиналған кезіңіз болды ма?

Смадияр Каримов: Әрине, талай қызықты бастан өткердік қой (күліп). Соның ішінде қазақ-түрік лицейінде оқып жүрген кездегі мына бір оқиғаны әлі күнге дейін күле еске аламын. Лицей болған соң біз сол жерде жатып білім аламыз. Тек демалыс күндері ауылға қайтамыз. Білім мекемесіне қабылданғаныма әлі көп уақыт бола қоймаған, тілді де жақсы білмеймін. Бізде тәрбиешілер түрік ұлтының өкілдері болатын. Бір күні сабаққа кіре бастағанымда түрік ағайымыздың бірі маған қарап, түрік тілінде «Kravat nerede?» деп сұрайды. «Nerede?»  деген сөз қазақ тілінде «қайда?» дегенді білдіретінін біліп тұрмын. Әлгі «Kravat» дегенді кәдімгі «кровать» деп түсінгенмін ғой. «Кроватың қайда?» деп менің төсек-орнымды не үшін сұрап тұр деймін жаңағы түсінбей. Сөйтіп «жоғарыда, бөлмемде тұр» деп жауап бердім. Содан «Алып кел де мойныңа тағып ал» деп қояды. Мен аң-таңмын. «Оны қалай әкелемін? Үлкен әрі ауыр ғой» деп қазақша айтып қоямын. «Алып кел, мойныңа тағып ал» деп қоймайды. «Мына кісінің ақыл-есі дұрыс па? Кровать дегенді не істемекші? Оны қалай көтеріп әкелемін?» деймін. Қасымда сыныптас бір-екі жігіт тұрды. Олар да ол кезде түрікше жақсы түсінбейтін. Содан қасымызда бізден бір-екі сынып жоғары оқитын балалар тұрған, солар ду ете қалды. «Галстугыңды сұрап тұр, түрікше галстук деген мағына береді» деп түсіндірді. Сондай қызық оқиға болған (күліп). Түрікші «Kravat» - галстук, ал «ranza» - төсек-орын деген мағына береді. Сол жағдайдан кейін  «Kravat» деген сөзді естісем, сол бір оқиға дереу еске түседі.

El.kz: Сіз үшін осы шет тілдерінің ішінде қайсысын үйрену қиынырақ болды? Себебі неде?

Смадияр Каримов: Шыны керек, мен үшін араб тілін меңгеру аздап қиындық туғызды. Неге? Себебі жоғарыда айтып өткенімдей қазақ-түірк лицейінде түрікшені, ағылшыншаны тереңірек оқыдым. Еркін сөйлейтінмін, оның үстінде бұл тілдерді емін-еркін сөйлесетін ортам да болды. Ал араб тілінде сөйлейтін жоғары оқу орнында бір-екі ғана мұғаліміміз болды. Солармен ғана сөйлесесің, басқа орта болмағандықтан тілді дамыту аздап қиынырақ болды.   

El.kz: Ал қазір күнделікті өмірде өзге тілдердің ішінде қайсысын үйренгеніңіздің пайдасы көп тиіп жатыр?  

Смадияр Каримов:  Әрине, ағылшын тілінің пайдасы көп тиеді. Түрлі жағдайларға да тап болатын кездерім болады. Мәселен, осыдан біраз уақыт бұрын мынандай бір оқиға болды. Дүкенге барайын деп үйден шыққанмын. Күн суық, жаңбыр жауып тұрған еді. Бір жігіт қасыма келіп, әлденені түсіндіріп әлек. Өзі велосипедпен жүр, жеңіл киініп алған. Түріне қарасам, шетелдік азамат екені анық көрініп тұр. «Do you speak English?» деп сұрағанымда «Yes» деп қуана жауап берді. Сөйлесе келе мешіт қай жерде орналасқанын сұрады. «Оны қайтесің?» десем, күн суып кеткен соң түнейтін жер іздеп жүр екен. Сөз арасында өзі Аустралиядан келе жатқан саяхатшы екенін айтты. Содан дереу үйге ертіп барып, шай бердік. Өзі жаурап қалған екен. Бір күн үйде қонақ етіп, кейін шығарып салдық. Біраз әңгіме-дүкен құрдық. «Ағылшыншаны қайдан білесің?» деп таңданып отырды. Ағылшын тілі пәнінің мұғалімі екенімді айттым. Осындай кезде тіл білгеннің көп көмегі тиеді ғой. Одан бөлек мектепте сайлау болатын кезде шетелден бақылаушылар келеді. Сол кезде де ағылшын тілін білгеннің пайдасы тиіп жатады. Тек ағылшын емес, жалпы көп тіл білгеннің еш зияны жоқ.

El.kz: Әлгі саяхатшы туралы тоқталып өтіңізші... Қашан кездесіп едіңіз? Қайда бара жатыр екен? Не үшін?  

Смадияр Каримов: Биыл жылдың басы болатын. Қаңтар немесе ақпан айы-ау шамасы, әйтеуір күн суық еді. Жаздық шорти киіп алғаны есімде. «Жаурап қалатын болдың, шалбар сатып алып берейін» деп айтқанмын (күліп). Ол жылы киімі барын, тек жауыннан су боп қалғанын айтты.  Жасы шамамен 30-дан асқан жігіт. Есімі – Дэвид. Өзі Аустралия азаматы екен. Айтуынша, ата-анасының туып өскен жері Ирландиядағы  Кашиндал деген ауыл деді-ау қателеспесем. Сол жаққа бару үшін Аустралиядан велосипедпен шыққан. Өзі саяхатты жақсы көретін жігіт екен. Қазақстанға Қырғызстан арқылы кіріпті. Содан Меркі арқылы біздің Түркістан облысынан өтіп, Өзбекстаннан асып, ары қарай Иран, Түркияны кесіп өтпек ниетте екенін айтты. Аман-есен діттеген жеріне жетіп, өз еліне оралыпты. Осыдан бір ай бұрын хабарласып, қал-жағдайымды сұраған болатын. Тіпті мені Аустралияға қонақ болып кетуге шақырды. Одан бөлек Facebook, Instagram секілді әлуметтік желілерде де хат алмасып отырамыз.

(Фото: Смадияр Каримовтың жеке мұрағаты)

El.kz: Шетелдік саяхатшының Қазақстан, қазақ халқы туралы ойы қандай екен?

Смадияр Каримов: Әрине, бірінші кезекте қазақ халқының қонақжайлығына ерекше риза болды. Жолда кездескен адамдар барын беріп, шығарып салған екен. Көбі тілді түсінбесе де қолдарынан келгенін аямады деп айтты. Жалпы Қазақстан туралы өте жылы лебізін білдірді.  

El.kz: Ал өзіңіз жұмыс бабымен немесе отбасылық демалыс болсын шетелге жиі шығып тұратын шығарыз? Сондай кезде әріптестеріңіз, отбасыңыз сізбен мақтанатын шығар?

Смадияр Каримов: Иә, Оңтүстік Корея, Түркия елдерінде демалыста болғанмын. Ондай кезде, әрине, тіл білгеннің оң тұстары болады ғой. Кез келген елдің мәдениетін, тұрмыс-тіршілігін білгің келсе, алдымен халқымен тілдес деген бар емес пе? Сондай кезде сондағы халықпен емін-еркін тілдесу арқылы көп мағлұмат аласың. Аудармашының қажеті болмайды.

El.kz: Айтыңызшы, мәселен сізбен бір адам сұхбаттаса бастады. Сіз ол адамға жауап беру үшін қай тілде ойланасыз? Себебі көп тіл меңгерген кейбір азаматтар алдымен өзінің жанына жақын әрі күнделікті өмірде жиі қолданатын тілде ойланып, кейін өзіне қажет тілге аударатындарын айтады. Ал сізде қалай?

Смадияр Каримов: Әрине, өзім қазақ болған соң ана тілімде ойланамын. Бірақ кейде болып қалады, аяқ асты қазақша сөзді есіңе түсіре алмай, ойланып қаласың. Тілімнің ұшында тұр деп абдырап қаласың. Бұрындары мұндай жағдай көп болатын, түрікше араластырып сөйлеп жіберетінмін. Қазір ондай өте сирек.

El.kz: Өкінішке қарай, арамызда қазақшаға шорқақ өз азаматтарымыз жоқ емес. Олардың кейбірі Кеңес Үкіметінің тәрбиесін алғанын алға тартып, орысша ойлап, орысша сөйлеуге дағдыланған соң қазақ тілін үйрену тым кеш деп жатады. Қалай ойласыз, тіл үйренуде жас ерекшелігіне шектеу бар ма? Әлде кез келген уақытта бастауға бола ма?

Смадияр Каримов: Меніңше, ешқандай шектеу жоқ. Орыстарда «В основе любого успеха – 99 процентов труда и 1 процент таланта» деген сөз бар ғой. Ол үшін еңбектену керек, талпыныс қажет. Қызығушылықтың да рөлі маңызды, себебі адамның ішкі жан дүниесі соны қалап тұруы керек. Сондықтан адам 60-қа, 70-ке келсе де тіл үйрену кеш емес.

El.kz: Айпақшы, сіздің жұбайыңыз да ағылшын тілі пәнінің мұғалімі екен.  Бір саланың маманы болу кездейсоқтық па? Ол кісі де сіз секілді көп тіл біле ме?

Смадияр Каримов: Жоқ, тек ағылшын тілін біледі. Жоғары оқу орнын бітіріп, Шымкентте аудармашы боп жұмыс істеп жүрген кезім болатын. Жұбайыммен сол кезде таныстым. Ол кісі студент еді. Өзі біздің оңтүстіктің, көршілес Мақтаарал ауданының тумасы. Әйелімді көптің ішінен іздеп жүріп тапқан жан-жарым деп атаймын (күліп).

El.kz: Бәлкім үйде балалар түсініп қоймасын деп тек ағылшынша сөйлесетін шығарсыздар?  

Смадияр Каримов: Иә, ондай жағдай боп тұрады. Кейде қалжыңдасып жатамыз. Аллаға шүкір, балаларымыздың да ағылшын тілін меңгеруге деген зейіндері басым. Жұбайым екеуміз екі ұл, екі қыз тәрбиелеп отырмыз. Барлығы мектеп жасында. Үлкен қызым биыл 10-сыныпта оқып жатыр. Болашақта біз сияқты ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болғысы келеді. Ол үшін осы бастан тыңғылықты дайындалып жүр.

El.kz: Ал енді ұстаздық жолыңыз туралы сөз қозғасақ. Қазіргі таңда өзіңіз туып-өскен жердегі мектеп-гимназияда басшылық қызметтесіз. Онымен қоса балаларға сабақ та бересіз...

Смадияр Каримов: Жоғарыда айтып өткенімдей, 2006 жылы ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болып қабылдандым. 2020 жылдан биыл жазға дейін мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары болдым. Ал биыл шілде айынан бастап басшылық қызметке тағайындалдым. Басшы болған соң мектептің ішкі шаруалары, есеп беру деген сияқты жұмыстар көп болғандықтан қазір тек 7-сынып оқушыларына ағылшын тілі пәнінен сабақ берудемін. Жалпы біздің білім ұямызда гуманитарлық пәндерге басымдық берілген. Бүгінгі таңда мектепте 1436 бала оқиды.

El.kz: Сіз білім беру кезінде оқушылардың сөздік қорын көбейтуге септігін тигізетін түрлі әдістерді қолданады екенсіз. Егер құпия болмаса, ол қандай әдістер? Өйткені әр ұстаз білім беруде белгілі бағдарламадан бөлек өзіндік методиканы қолданып жататыны белгілі. Себебі біркелкі білім беру әдісін бала қабылдамауы мүмкін...

Смадияр Каримов: Иә, дұрыс айтасыз. Педагог әр баланың қабілеті мен берілген білімді қабылдауына қарай түрлі тәсілдерді қолданғаны дұрыс деп санаймын. Мәселен, кейбір ұстаздар бір сабаққа, яғни 45 минутқа барлығын енгізіп жібергісі келеді. Түрді әдіс-тәсілді қолданып, ақырында бала не үйреніп, не қойғанын түсінбей қалады. Ал мен ондай әдісті қолданбаймын. Мысалға айтар болсам, бүгінгі сабақ бағдарламамызда оқу бойынша тапсырма берілсе, бүкіл сабақты сол оқуға арнаймын. Егер сөйлеу немесе тыңдау берілсе, тура сол әдісті қолданамын. Яғни тек сол тақырып төңірегінде білім беремін. Өйткені көп ақпаратты жеткізіп, оқушылардың миын ашытқым келмейді. Бала белгілі бір тақырыпты тереңінен меңгеруі үшін сол сұрақтан ауытқымау керек. Бір сабақта жаңа 10 сөз үйретіп, бірақ еш нәтиже болмағаннан гөрі тым болмағанда екі сөзді баланың бойына сіңіре алсаң,  ол - үлкен көрсеткіш.  Тіл үйретуде көп әдістерді арнайы сайттардан алып, оны оқушыларыма үйретемін. Балаларға қызықты әрі нәтижеге қол жеткізуге болатын тапсырмалар берілсе, ұстаз білім берудегі өз мақсатына жетеді деп ойлаймын. 

El.kz: Қазіргі балалардың білімге деген қабілеті қандай?

Смадияр Каримов:  Әрине, жақсы. Небір озат, білімді балалар өсіп келеді. Бірақ бір әттеген-айы қазір технология дамыған заман. Кейбір балаларды сол смартфон құртып жатыр көз алдымызда тәуелді боп барады.

(Фото: Смадияр Каримовтың жеке мұрағаты)

El.kz: Өзіңіз басшылық ететін білім ұясында балалардың сабақта смартфон ұстауына болмайды деген шектеу жоқ па?

Смадияр Каримов: Иә, мектеп жарғысымен шектеледі. Жаңа оқу жылы басында ата-аналармен арамызда келісімшарт болады. Онда мектептің ішкі тәртібі таныстырылады. Соның аясында біз оқушыларымызға сабақ уақытында сматрфон ұстатпауға тырысамыз.

El.kz: Қазір шыны керек, кей жағдайда ата-ана бүкіл жауапкершілікті мектепке, ұстазға іліп қойғысы келеді. Ата-аналармен қарым-қатынас орнатуда нендей әдіс-тәсілдерді қолданасыздар?

Смадияр Каримов: Өкінішке қарай, ондай жағдайлар жоқ емес. Бірақ бұл тұрғыда тек ата-ана немесе мұғалім кінәлі деуден аулақпын. Кейде екі жақтан да қателіктер кетіп жатады. Жұмыс болған соң әртүрлі ситуацияларға тап боламыз. Біз ата-аналармен қарым-қатынас орнатуда тұрақты түрде Ашық есік күндерін өткізіп тұрамыз. Сонымен қатар бекітілген жұмыс жоспарына сәйкес түрлі коучинг, семинарлар ұйымдастырылады. Бұдан өзге былтыр білім ордамызда ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығы ашылған. Онда арнайы бекітілген жетекшілер бар. Олар ата-анамен жеке байланыс орнатып, көтерілген мәселелер жеке-дара қаралады. Ата-аналарымыздың  түсінігі мол, ұстаздардың еңбегін түсінеді.

El.kz: Қалай ойлайсыз, мемлекеттің қала мен ауыл мектептеріне деген көзқарасы бірдей ме?

Смадияр Каримов: Әрине, бірдей. Ешкімді бөле-жармайды. Қайта қазіргі таңда керісінше, ауыл мектептеріне көп көңіл бөлініп отыр ғой. Ауылдағы білім ошақтарының әлеуетін көтеру бағытында түрлі бағдарламалар бар. Бұл енді жеке өз ойым.

El.kz: Мектепте тәртіп мен мәдениетті қалыптастыруда басшы ретінде бірінші неге назар аударасыз?

Смадияр Каримов: «Театр – киім ілгіштен, тәлім – табалдырықтан» демекші, кез келген білім ұясындағы ұстаздар өзгелерге үлгі болуы керек деп ойлаймын. Сондықтан педагог деген атқа кір келтірмейтіндей абыройлы қызмет атқару – біздің басты міндетіміз.

El.kz: Оқушылардың болашақ мамандық таңдауына бағыт-бағдар беру үшін қандай іс-шаралар немесе жоспарлар қарастырылған?

Смадияр Каримов: 2023 жылдан бастап біздің білім беру мекемемізде кәсіптік бағыт-бағдар беруші деген қосымша штат ашылған. Ондай арнайы маманымыз бекітілген. Қандай мамандықтар бар? Қай мамандыққа қандай пән таңдау қажет? Қай университетке түсуге болады? Осы сұрақтардың барлығы бойынша сол маманымыз 11-сынып оқушыларымен  жұмыс істейді. Яғни, аты айтып тұрғандай мектеп бітіруші түлектерге бағыт-бағдар беріп отырады.

El.kz: Қазіргі балалардың көпшілігі қай мамандыққа қызығушылық танытады?

Смадияр Каримов: Басым көпшілігі нақты мына мамандыққа қызығады деп айту қиын. Әртүрлі. Бірі физиканы таңдап, болашақта ғалым болғысы келеді. Енді бірі биологияны таңдап, дәрігер болуды қалайды. Дегенмен қазіргі таңда мұғалім боламын дейтіндер көбейіп жатыр. Әрине, бұл қуантарлық жайт. Баяғыда сабақ үлгерімі нашар балалар тым болмағанда мұғалімдік оқуға түсер деген ұғым қалыптасқан еді ғой. Ал қазір бұл сала бойынша жоғары оқу орнына түсу үшін тестілеуде жоғары балл жинау керек. Былайша айтқанда, педагог мамандығы сұранысқа ие. Бәлкім бұл ұстаздар қауымының қоғам арасында мәртебесі артып отырғандықтан шығар. Оның үстіне өздеріңізге белгілі жыл өткен сайын білім саласы қызметкерлерінің жалақысы да артып отыр. Меніңше, бұл жерде материалдық жағдай да көп рөл ойнайды.   

El.kz: Ауыл мектептеріне жұмысқа орналасқысы келетін жас мамандарға қандай қолдау көрсетіледі?

Смадияр Каримов: Негізі тек білім саласы емес, кез келген бағыт бойынша ауылда еңбек етемін деген жас маманды барлық жағынан қолдау керек деп ойлаймын. Ал мектепке келсем, бізде кез келген жас маманға тәжірибелі педагогтар арасынан тәлімгер бекітіледі. Ол әлгі жас маманмен бір жыл бойы жұмыс істейді. Сабақ өту методикаларын, оқушылармен, ата-аналармен қарым-қатынас орнату сияқты барлық қажеттілікті үйретеді. Былайша айтқанда, бір жыл бойы тәжірибе жинақтауына жетекші болады. Бағыт-бағдар береді.  Сондықтан ауылдық мектептерде жұмыс істеуден қорқудың қажеті жоқ. Тек тәлімгері емес, ұжым болып қолдау көрсетіледі, ақыл-кеңес беріледі.

El.kz: Сұхбатыңызға көп рахмет!

Жансая Ақбала
Бөлісу: