Қазақстан мен Ресей 7-ші әлемдік нөмірлеу аймағын бірлесіп пайдалану туралы үкіметаралық келісімге қол қойды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
ҚР ЦДИАӨМ баспасөз қызметінің мәліметінше, қол жеткізілген келісімге сәйкес, диапазондарды бөлу мынадай жолмен анықталды:
- Қазақстан Республикасы +7 0, +7 6, +7 7 кодтарын пайдаланады.
- Ресей Федерациясына +7 2, +7 3, +7 4, +7 5, +7 9 кодтары бекітілді.
Бұл процесс тату көршілік және өзара құрмет қағидаттарына негізделген конструктивті диалогтың нәтижесі болды. Қазақстан мен Ресей бөлінген ресурстарды азаматтардың игілігі үшін тиімді және ашық пайдалану мақсатында тығыз ынтымақтастықты жалғастырады, - делінген мәліметте.
Айта кеткен жөн, 2021 жылы Қазақстанға жеке код алу мақсатында халықаралық телефон коды +997 резервке қойылды.
Байланыс операторларымен жаңа кодқа көшу мәселесін талқылау барысында, жаңа кодқа көшу мүмкін екені, бірақ бірқатар қаржылық және технологиялық проблемалар туындайтыны анықталды. Сонымен қатар отандық байланыс операторларының барлық абоненттері мемлекеттік және банктік қызметтерді, әлеуметтік желілер мен түрлі қосымшаларды алу үшін өз деректерін жаңартуы қажет болады. Осыған байланысты көшу кезеңінде ақаулар мен жағымсыз тәжірибенің ықтималдығы жоғары, - деп қосты министрлік.
Осыған байланысты азаматтардың ыңғайлылығы үшін Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Халықаралық электр байланысы одағымен қайта келіссөздер жүргізіп, +7 халықаралық кодын өзгеріссіз қалдыру туралы шешім қабылданды.