66 жастағы зейнеткер ішкі туризмінің дамуына үлесін қосып жүр

31 Наурыз 2022, 18:17 4586

Экскурсовод Мағрифа Сейітбатталова үш тілде еркін сөйлейді

Елімізде көздің жауын алатын   көрікті орындар мен бабаларымыздың табанының табы қалған киелі мекендер өте көп. Бүгінде республиканың түкпір-түкпіріндегі әсем мекендерге экскурсия ұйымдастырып жүрген адамдар жетерлік. Қазақстандықтармен қоса шетелдік азаматтарды апарып, жан-жақты таныстырып, еліміздің ішкі туризмінің дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген халықаралық экскурсовод, балалар мен жасөспірімдер туризмінің инструкторы, саяхатшы, және бүгінде ардагер ұстаз, 66 жастағы Мағрифа Сейітбатталовамен әңгімелескен едік.

Мағрифа Тасыбайқызының экскурсия жұмысымен айналысып жүргеніне шамамен он алты жылдан асқан. Бұл істі ерікті ретінде 2006 жылы бастаған екен. Еліміздегі әсем әрі киелі орындардың көрікті екенін ел және шетел азаматтарына паш етуді мақсат еткен. Зейнеткер қазіргі уақытта көбінесе отбасылы адамдарды бала-шағасымен және жастарды апаратынын жеткізді. Тіпті араларында қариялар бар.


– Туризм сапарлаушыларға не береді? Ең әуелі ұялы телефонға тәуелділік жоқ. Себебі біз көбінесе тау-таста, табиғат аясында жүреміз. Әр сапарға барар алдында міндетті түрде шағын әрі жеңіл кітаптарымызды бірге ала шығамыз. Мәселен, Жидебайға жол тартсақ, Хәкім Абайдың өлеңдер жинағын аламыз. Ал кейбіреулері сол жақтан сатып алып жатады. Сосын оларды сапарлаушылармен бірге жаттап отырамыз. Ұлы ақынның табанының ізі қалған мекен адамға ерекше сезім сыйлайды. Сондай-ақ біз сапарға шатыр, самаурын, қазан-ошағымызды және т.б. қажетті затарымызды ала шығамыз,- дейді Мағрифа Сейітбатталова.

Кей уақытта әсіресе тау-тасты аралағанда шатырда түнейтін сәттер де болады екен.

–Ұлдар жағы отын жарумен айналысса, ал қыздар жағы самаурынмен шай демдейді. Бір айтатыны, біз оларды «Осы жұмысты істе» деп мәжбүрлемейміз. Керісінше олар өздері осыларды істеуге ниет білдіреді. Осылайша апарған қазанымызға ет асып, үлкен дастархан басында жиналып, ас ішіп, әңгіме-дүкен құрамыз, - дейді зейнеткер.


Бір ерекше атап өтерлігі, кітапта айтылған еліміздің табиғаты жайындағы дүниелерді шынайы өмірде көрсетеді. Сапарлаушылар қазақтың дархан даласының тау-тасын аралап, жаяу қара жерін басып, суын ішіп, көңілін позитивті энергияға толтырып қайтады. Сондай-ақ далада спорттық ойындардан түрлі жарыстар өткізеді.

Мағрифа Сейітбатталова әр сапар сайын барушыларға арнайы туризмнің сабақтарын өткізіп тұруды әдетке айналдырған. Әсіресе тауда жүрудің ережелері жіті айтылады. Кейіпкеріміз де тау-тасты аралағанды жақсы көреді. Сол жаққа әр барған сайын әсіресе таудың басына шығып, айналаға асықпай көз жүгіртетінін айтады.


–Таудың басына шыққанда балаларға қанша айқайлағың келсе, сонша айқайла деймін. Неге? Өйткені оларда үйлерінде және көшелерде ондай мүмкіндік жоқ. Мектепте тіптен айқайлауға рұқсат етілмеген. Демек, олардың ішіндегі даусы қай уақытта сыртқа шығады? Сондықтан балалар табиғат аясында дауыстары қарлыққанша айқайлайды. Кейін соған өздері мәз болып күледі. Әрдайым тауға шыққанда айқайлап тұруды ұмытпаймыз, - дейді зейнеткер әже.

Сапар кезінде күніне сегіз мың тіпті кейде он бес мың шақырымға дейін жаяу жүретін бағыттар болады.


–Күні бойы табиғат аясында жүріп келген соң кешкілік дөңгелек үстел басына жиналамыз. Мұнда қызықты әрі езуге күлкі сыйлайтын әңгімелер айтылады. Кейін оған балалар ішек-сілесі қатқанша тіпті көздеріңе мөлтілдеп ыстық жас келгенше күледі. Сосын шөптің үстінде аунап-домалап, асыр салып ойнайды. Адам көзінен жас аққанша күлген уақытта бұлшық еттері қимылдайды. Күнделікті күйбең-тіршілікпен жүріп, қозғалыстың аз болатыны рас. Қимыл-қозғалыстың аз болуынан адамдар түрлі дертке шалдығуы мүмкін, - дейді Мағрифа Тасыбайқызы.

Зейнеткер әже ұзақ жолға шыққанда жолда түрлі оқыс жағдайлар болып тұратынын айтады.

–Далада жүрген уақытта тосыннан әртүрлі жағдайлар болады. Мәселен, балалар құлап, аяқтарын жарақаттап алуы мүмкін. Сондай уақытта жедел жәрдем шақыра алмайсыз. Сондықтан алғашқы медициналық жәрдем көрсетуден хабарымыз болуы қажет. Тағы бір айта кетерлігі, қазіргі кезде мектеп жасынан бастап балаларға имани тұрғыдан білім беру қажет. Демалыс уақытында ата-аналар балаларын ертіп, еліміздің көптеген көрікті орындарына апарып, көрсетудің көп пайдасы бар. Балаларының таным көкжиегі кеңейіп, еліңе, жеріңе деген сүйіспеншілігі арта түседі. Бастысы еліміз бойынша сапарлау – қолжетімді.

Тағы бір айта кетерлігі, сапарлаған өңірдегі тарихи музейлерге де барып тұруды әдетке айналдырған. Осы орайда ерекше атап өтерлігі, бір адамға шамамен бес-жеті күнге сапарлауға кемінде 70 мың теңгедей қаржы кетеді. Ал сапардың бағдарламасын Мағрифа Тасыбайқызы өзі құрастырады екен.

Республикадағы киелі орындарға бастауыш сынып оқушылары ата-аналарымен бірге барады екен. Бастысы саяхат жасауға әзір адамға ешқандай шектеу жоқ. Мағрифа Сейітбатталованың айтуынша, ел ішін сапарлап жүргендердің арасында бір жастағы балаларын ертіп баратын аналар да, жетпістен асқан әжелер де бар екенін айтады.

Олар Оңтүстік, Шығыс, Батыс Қазақстан облыстарына, Алматыға және т.б өңірлерге экскурсия жасайды. Мәселен, былтыр олар Шығыс Қазақстан өңіріндегі Семей қаласына сапарлап қайтқан. Мұнда әсіресе Хәкім Абайдың туған жеріне, Жидебайға және жазушы Мұхтар Әуезовтың елі Бөріліге және Қоңыр әулиеге барған.

–Жол серіктеріміз бен балалар бұл сапардан тамаша әсер алады. Эмоцияны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Балалар сапарға шықпас бұрын әуелі ғаламтордан баратын өңір туралы түрлі видеолар көріп танысады. Сапарға шыққан уақытта олардың кейбіреуін «Топ командирі» етіп қоямын. Жол бойы олар өңір туралы естіген-білген ақпараттарымен бөліседі. Сонымен қоса, ата-аналарымен бірге түрлі кештер және жарыстар ұйымдастырамыз. Ал үздік шыққандарды медальдармен марапаттаймыз, - дейді зейнеткер.

Сапарлаудың балаға тигізер пайдасы мол. Біріншіден, оның деңсаулығын нығайтады. Екіншіден, болашақ мамандығын таңдауға септігі тиеді. Үшіншіден, әке-шешесімен, туған-туысқандарымен қарым-қатынасы одан сайын жақсара түседі.

Мағрифа Тасыбайқызының айтуынша, экскурсияның балаға берері көп. Жаз мезгілінде көп сапарлаған адам қыста тұмаумен ауырмайды екен. табиғат аясында көп уақыт өткізген адам ауру-сырқауға көп шалдықпауға көмегі тиеді. Бастысы тау-тасты аралаған уақытта ата-аналар мен балалары бір-біріне одан сайын жақындай түседі.

Мағрифа Сейітбатталова адам әрдайым табиғатпен жақын байланыста болу қажеттігін айтады. Ара-тұра тау ауасымен тыныстап, өзен суына шомылып, табиғаттан энергия алып отыруы қажет. Әсіресе қаланың адамдары ауыл-аймаққа жиі барып тұрғаны абзал. Мұнда балалар тек теледидар мен видеолардан көрген аң-құстарды, төрт түлік малды, үй жануарларды ауылға барған уақытта өз көздерімен көреді. Алғашында жатырқап, оларға үркіп қараса, кейіннен үйренісіп кетеді. Тіпті кейбір жеткіншектер эмоциясын жасыра алмайды. Қуанғаны соншалық күлкілерін тыя алмай қалады. Бастысы – тау-таста барлығы шынайы.

–Тағы бір айта кетерлігі, сапар барысында балалар бойындағы жаңа қырларын ашады. Ал біз болсақ, сол талантын ұштауға сеп болуға тырысамыз. Олардың біреуі әсем табиғатты көрген уақытта бірден суретін ақ қағазға түсірсе, ендібіреуі өлең шығарады. Сондай-ақ жол бойы барлығымыз ән шырқаймыз, - дейді Мағрифа Сейітбатталова.

Осындай сапардан алған әсерін әр бала ешқашан ұмытпайды. Керісінше ел көруге, жер тануға қызығушылығы одан сайын арта түседі екен.

Ересектер де ел аралап, жер тануға, экскурсия жасауға көп қызығушылық танытады. Тек астаналықтар ғана емес, өзге өңірлерден келушілер де бар.

– Ересектер де қазіргі күнделікті күйбең тіршіліктен бір рет босағысы келеді. Сондықтан көбісі сапарға балаларымен бірге барады. Осылайша өздері де демалып қайтады. Сондай-ақ егде жастағы қариялар да барып тұрады. Мәселен, дамыған елдердегідей елде зейнетке шыққандарға уақытын пайдалы өткізуге арналған клубтар жоқ деуге болады. Еліміздегі мегаполис саналатын басты қалаларда тек бірнешеу ғана екені белгілі. Мәселен, Германияда аптасына жеті күн жұмыс істейтін осындай клубтар бар екенін көріп қайттым. Біздің елде де солардың саны артса, жақсы болушы еді, - дейді зейнеткер.

Мағрифа Тасыбайқызының айтуынша, көрікті өңірлерге сапарға шыққан уақытта танысқан қыздар мен жігіттер болған. Таныстық мөлдір махаббатқа ұласып, отбасын құрып, бүгінде перзенттерін тәрбиелеп отырғандар да бар. Осылайша бір жағынан екінші жартысын тапса, бір жағынан ел демографиясын арттыруға үлестерін қосып келеді.

–Қазір неге көп адамның бүйрегі ауырады? Өйткені біз ән салуды ұмыттық қой. Қазақ баяғыда алтыбақан теуіп, ән шырқаған. Ән айтқан уақытта адамның эмоциясы өзгереді. Мысалы, жақсы әнді орындаған кезде адамның көңіл-күйі көтеріледі. Ал қайғылы ән болғанда көзіңе жас келеді. Мұның барлығы – адамның эмоциясы.

Балалар мен жасөспірімдер туризмінің инструкторы адамға ең әуелі көп қозғалыс қажет екенін айтады.

– Жиі-жиі   ән айтпағандықтан көптеген аурулар пайда болады. Сондықтан арасында ел мен жер аралап тұруға кеңес беремін. Мәселен, Жидебайға барып, Абай ата мен Шәкәрімде түнеңізші. Ал жол бойы ән шырқайсыз. Сапардан қайтқан уақытта бойдағы аурудың бәрін ұмытасыз. Суға шомыласыз, жаяу жүресіз. Расында бұл өте керемет нәрсе ғой. Мың рет естігеннен гөрі бір рет сезінген жақсырақ, - дейді зейнеткер.

Мағрифа Тасыбайқызының айтуынша, Германияда балалар шаруа қожалықтарына жиі барып тұрады.

– Бір айта кетерлігі, Германияда ата-аналар мен ұстаздар мектеп оқушыларын шаруа қожалықтарына апарып тұрады. Мұнда олар үй жануарларын көріп, оларды қолдарымен сипап, жанында жүреді. Тіпті жоғары сынып оқушылары осында жұмыс істеп, аздаған табыс та табады екен. Бұл әуелі олардың болашақ мамандық таңдауына сеп болады дейді сол жақтағы кісілер. Меніңше, ит-құсқа, төрт түлік малға қамқорлық болу үшін балаларды оң-солын таныған кезден шаруа қожалықтарына апарып тұру қажет. Немерелерім басында әтеш-тауықтан қорқатын және атауларынан қателесетін. Кейін ауылға жиі-жиі барып көріп тұрғаннан олқылықтың орнын толтырды.

Бір айта кетерлігі, шетелдіктер көбінесе далада киіз үйлерде қонғанды ұнатады екен. Мағрифа Сейітбатталованың айтуынша, өзге елдің азаматтары ұлттық мәдени мұраларымызға, қасиетті орындарымызды, тарихи музейлерімізді көрген сәтте таңдай қағады. Еліміздің табиғатына қызығушылық танытатындар жетіп артылады. Әсіресе АҚШ, Канада, Германия, жалпы Еуропа елдерінен елімізге отбасыларымен бірге туристер көбірек келеді.

–Сапарға баруға көбінесе Германиядан келген адамдар көп қызығушылық танытады. Ал «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі кезінде бізбен бірге Даниядан, Бельгиядан, Швеццариядан, Нидерландыдан келген шетелдік азаматтар көп саяхаттады. Оларға қазақтың ұлттық салт-дәстүрін, мәдениетін және т.б. кеңінен насихаттадық. Бір ерекше атап өтерлігі, олар далада киіз үйлерде ұйықтағанды ұнатты. Содан біз қазақтың текеметін төсеп, сол жерлерге төсек-жабдықтарын жасадық, - деп еске түсірді Мағрифа Тасыбайқызы.

Еліміздің ішкі туризмінің дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген халықаралық экскурсовод Мағрифа Тасыбайқызы сапар барысында көптеген қызық оқиға болып тұратынын айтады.

–Бір күні Германиядан келген 25 адамды қазақтың мәдениетін жақынырақ көрсету үшін елорда маңындағы бір елдімекенде апардық. Мұнда киіз үй құрып, келген шетелдік меймандарды соған бір-бірден кіргіздік. Бір уақытта архитектор бір келіншектің белі ауырып, жүре алмай қалды. Содан не істедік? Қолымызда бұған қажетті заттарымыз болмады. Ал мұнда әр күніміз белгілі бір бағдарламаға негізделген ғой. Сондықтан үй иесінен балта мен сыпыртқы сұраттым, - дейді зейнеткер.

Осы орайда айта кетейік, Мағрифа Тасыбайқызын көпшілік рухани емші ретінде де жақсы біледі.

– Сосын қазақтың заңы бойынша қамшымен, асатаяқпен зікір салдым. Төсекке жатып, шамамен отыз минуттай тынықты. Ал оянған кезде ауырғаны басылғанын айтты. Қазіргі уақытта маған бүйрек, асқазан ауруларымен және ұйқысыздық мазалаған уақытта адамдар келіп, ем-дом алып жатады.

Зейнеткер әр сапарға өзімен бірге Қоңыр әулиенің суын ала жүретінін айтады. Мағрифа Тасыбайқызының айтуынша, Қоңыр әулие үнгірінің температурасы - 4 градус. Бірақ та аяқты батырсаңыз, тісіңізді салқындататындай суық екен. Бір қызығы, осындай суға бірнеше рет шомылған адам судан шыққысы келмейді. Экскурсоводтың айтуынша, сапарға бірге барған адамдардың арасында бір емес, жиырма-отыз рет шомылғандар да болған.

Салқын судың бір кереметі – шомылып шыққан адамның бойындағы жағымсыз энергиядан арылады. Осы Қоңыр әулиедегі судың емдік қасиеті жайында ел аузында көп айтылады. Тіпті білетін адамдар сәбилерді де суға бір матырып алып шығатын көрінеді.

Алдағы уақытта Мағрифа Тасыбайқызы рухани емшілікті одан сайын жіті меңгеруді жоспарда бар екенін айтады. Бастысы осы істі ары қарай жалғастыруға бекініп отыр. Сондай-ақ қазіргі уақытта өз әулетінің тарихы жайында көлемді кітап жазумен айналысып жатыр.

Зейнеткер қазақ, орыс, неміс тілдерінде еркін сөйлейді. Сондай-ақ көрші Қырғызстан мен Өзбекстан елдеріне барғанда олардың сөйлеген тілдерін де түсінетінін айтады. Алдағы уақытта қажылық сапарға баруға ниеттеніп отыр. Бастысы Мағрифа Тасыбайқызы Құран кітапты араб тілінде оқып шығуды мақсат еткен. Сол арқылы оның шариғаттарын айналасындағыларға кеңінен насихаттамақшы. Сондықтан зейнеткер қазіргі кезде араб тілін үйреніп жатқанын жеткізді.

– Әлбетте, көп тіл білсеңіз, сонша әлемнің кілті ашылады. Әрине, туған тіл яғни ана тіліміз әрдайым бірінші орында болуы қажет. Одан кейін өзге тілдерді меңгерген сайын адамның ішкі әлемі одан сайын кеңейе түседі. Тағы бір айта кетерлігі, екінші-үшінші тілді меңгеру жеңілдей береді, - дейді Мағрифа Тасыбайқызы.

Бүгінде ол кісінің немерелері Алматыда тұрып жатыр. Өмірге құштар зейнеткер адам үнемі ізденісте болу керектігін айтады және өскелең ұрпақты сапалы білім алуға бағыттайды.

Басты армандарының бірі – Қасиетті Рамазан айында Құран кітапты оқып шығу және имандылықты жүрекке орнату. Мағрифа Тасыбайқызы қажылыққа бару, мешіт-медресе салу, жастарға үлгі-өнеге көрсету және ғибратты әрі мәнді өмір сүру ата-бабаларының алдындағы парызы деп біледі.

 

«Жағымды эмоция мен энергия сыйлады»

– Мағрифа Тасыбайқызының экскурсия ұйымдастырумен айналысатыны туралы жақын құрбым арқылы білген едім және бұл мені қатты қызықтырды. Сол кісінің ұйымдастырумен алғаш рет отбасымызбен 2010 жылы күз кезінде киелі Түркістан өңіріндегі тарихи орындарға сапарлап қайтқан едік. Бұл сапар бізге ұнады. Жақсы әсер алдық, - дейді елордалық тұрғын Марал Рахимжанова.

Осы сапардан соң Марал Әбдуалиқызы бала-шағасымен жыл сайын барып тұруды әдетке айналдырған.

–Ол кісі әр сапарға барған сайын қасиетті мекендер жайында қызықты әрі пайдалы ақпараттарды айтып отырады. Бір ерекше атап өтерлігі, еліміздің тарихы, мәдениеті, салт-дәстүрі жайында сағаттап айта беруден де жалықтпайтын адам екенін байқадық. Өзіміз әр барған сайын жаңа дүниелерді бойымызға сіңіріп қайтамыз. Рухани тұрғыдан таным көкжиегін арттыруға септігін тигізді. Бастысы бізге көп жағымды эмоция мен энергия сыйлады, - дейді елордалық тұрғын.


Тағы бір айта кетерлігі, Марал Рахимжанова алғашында сапарға тек отбасымен барып тұрса, кейіннен туған-туыстары мен достарын да ертіп апаратын болған.

– Әр өңірге сапарлауда   ертегілер әлеміне саяхаттағандай сезімде боласыз. Өйткені мұнда адам басқаша қырынан ашылады және өзгеше күйде жүресіз. Жаңа әлемді тануға аттанған уақытта күнделікті күйбең тіршілікті бір уақытқа ұмытасыз. Тек табиғаттың, тау-тастың айналасында боласыз. Сол жақтың ауасын жұтып, суын ішесіз. Мағрифа Тасыбайқызы айтқандай, Қоңыр Әулие үнгіріне барған сайын емдік қасиеті бар суға шомылып тұрамыз, - дейді Марал Әбдуалиқызы.

Сондай-ақ елордалық тұрғын әр сапарға барып қайтқан сайын балаларының жақсы жаққа өзгеріп жатқанын байқағанын айтады.

–Осы уақытқа дейін көптеген киелі әрі тарихи орынға барып қайттық. Алдағы уақытта да осы дәстүрімізді жалғастырып тұрамыз деген сенімдемін. Өйткені мұндай сапарлардың адамға тигізер пайдасы мол екенін байқадым. Әр сапар адамның ішкі жан дүниесін жаңа әрі позитивті энергияға толтырады. Ата-балаларының бұрынғы өмір тіршілігін кітаптан ғана оқып өскен балалар өз көзімен көреді әрі ақпараттармен сусындайды. Байқағаныңыздай, бұл адамның ішкі әлемін өзгертуге септігін тигізеді, - дейді Марал Рахимжанова.

Саяхаттағанды ұнататын Марал Әбдуалиқызы алдағы уақытта еліміздегі құпияға толы көптеген көрікті жерге бару жоспарда бар екенін айтады.

– Бір айта кетерлігі, бұл экскурсияларға бізбен бірге шетелдік азаматтар да барып тұрады. Мәселен, мен көрші Ресейден және Германиядан арнайы келген туристтерді көрдім. Олар біздің елдің халқының тарихына қатты қызығушылық танытады. Сапарлауға шыққан алғашқы уақытта елімізде осындай көздің жауын алатын әсем әрі тарихи орындар бар екеніне таң қалдық. Жыл сайын шетелге демалуға шыққанша анда-санда еліміздегі жақсы орындарға барып, неге демалып тұрмасқа? – дейді Марал Рахимжанова.

Турист еліміз бойынша сапарлау адамның қалтасына қатты ауырлық түсірмейтінін айтады.

–Әр сапар сайын міндетті түрде тауларға шығамыз, табиғаттың таза ауасымен тыныстаймыз. Сондай-ақ өзендерде балалар суға шомылып, асыр салып ойындар ойнайды. Сол арқылы баланың денсаулығы да одан сайын нығаяды. Тағы бір айта кетерлігі, осы сапарлар баланың болашақ мамандығын таңдауға да көп көмектеседі және баланың ойлау шеңбері кеңейетін болады, - деп сөзін түйіндеді елордалық турист Марал Рахимжанова. 


Сабина Кәкімжан
Бөлісу: