Жаңа оқу жылына дейін 66 мектепте жөндеу жұмыстары аяқталмай қалды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
1 қыркүйекке дейін 194 мектепті тапсыру жоспарланған. Ал, қалған 66 мектептерді жөндеу жұмыстары өз мерзімінде аяқталады. Оның ішінде 48 мектепте жөндеу жұмыстары жыл соңында аяқталады, ал 18 мектеп келесі жылға ауысады.
Министрліктің жүргізген мониторингі шеңберінде Ақмола, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында жөндеу мерзімнің бұзылу тәуекелдері анықталып отыр. 14 мектепте күрделі жөндеу оқу жылы басталғанға дейін аяқталмауы мүмкін: Ақмола облысы - 7 мектеп, Павлодар және СҚО – 2, ШҚО, БҚО, Қостанай облысы – 1 мектеп, - деді Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Үкімет отырысында.
Сонымен қатар биылғы жылы іске қосылуға жоспарланған 154 мектептің құрылысы жүргізілуде. Олардың 65,6 мың орынға арналған 52 мектеп 1 қыркүйекке дейін, ал 66,4 мың орынға арналған тағы 102 мектеп жыл соңына дейін іске қосылады.
Бұл өз кезегінде 12 апаттық және 29 үш ауысымды мектеп мәселесін шешуде. Алайда, 4 өңірде құрылысты өз уақытында аяқтамау тәукелдері бар, - деді министр.