6 жыл ішінде 3000-нан астам қызды оқытып шығардық – Қарақат Әбден

11 Қараша 2022, 21:05 1371

Президентікке үміткерлердің телевизиялық дебаты өтіп жатыр

«Ауыл» партиясы атынан президенттікке кандидат Жигули Дайрабаев теледебатта «Кәсіби әлеуметтік қызметкерлерінің ұлттық альянысы» бірлестігі атынан президенттікке кандидат Қарақат Әбденге «Қарақат Жақсылыққызы, сіз бағдарламаңызда жастар тәрбиесіне басым бағыт берген екенсіз. Мен бәрін оқып таныстым. Оның үстіне «Қазақ қызы» деген институт ашыпсыз. Бірақ байқағанымдай ел арасында көп әңгіме бар. Ол жерде тек қана қалталылардың балалары оқиды деген. Неге қалтасы көтермейтін қарапайым азаматтардың балалары оқымайды?» деген сұрақты қойды, деп хабарлайды El.kz.

Бұл қойылған сауалға «Кәсіби әлеуметтік қызметкерлерінің ұлттық альянысы» бірлестігі атынан президенттікке кандидат Қарақат Әбден өз жауабын берді.

«Менің марқұм енем «Ашуланған әйел ақымақтық жасайды» деп айтатын еді. Бірақ енді жасыңыз да үлкен, не айтсаңыз да жарасып отыр. Бірақ бір қолымен есікті, екінші қолымен әлемді тербетіп отырған әйелді төмендетудің қажеті жоқ-ау. Кішкентай ғана қойдың жілігін сындырып, біраз дауға қалдыңыз. Оны да түсініп тұрмын. Бірақ менің сізге айтар нақты жауабым бар. Қазақ қызы елдің сынын алды. Себебі 6 жылдың ішінде 3000-нан астам қызды оқытып шығардық. Оның ішінде басым бөлігі көп балалы отбасынан шыққан. Балалар үйінен оқып жүрген қыздарды оқыттық. Олардың бәрі тегін оқыды. Ақшамен оқығандардың төлемі нарықтық бағадан асқан жоқ», – деді ол.

Айта кетейік, Президенттікке кандидаттардың және олардың сенімді өкілдерінің қатысуымен телевизиялық дебат өтіп жатыр.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: