Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2026-2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспары қаралды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әзірленген құжат талқылау қорытындысы бойынша мақұлданды.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, бүгінде мал шаруашылығы саласы ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің 39 пайызын құрап отыр. Соңғы деректерге сәйкес, ірі қара мал саны 2,4 пайызға, ал ұсақ мал басы 1,6 пайызға артқан. Сүт өндірісі шамамен 3,8 млн тоннаны құрап, 5 пайызға өскен. Ет өндірісінің көлемі 1,2 млн тоннаға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 2,6 пайызға артты.
Сонымен қатар Үкіметте жыл сайынғы өсім 2-3 пайыз деңгейінде сақталғанымен, бұл қарқын саланың әлеуетін толық ашуға жеткіліксіз екені атап өтілді.
Кешенді жоспарды іске асыру нәтижесінде ірі қара мал басын 7,9 млн-нан 12 млн басқа дейін, ал ұсақ мал санын 20,2 млн-нан 28 млн басқа дейін жеткізу көзделіп отыр. Сондай-ақ ет өндірісін 1,2 млн тоннадан 1,8 млн тоннаға дейін ұлғайту және ет экспортын екі есеге арттырып, 82 мың тоннадан 165 мың тоннаға жеткізу жоспарланған.
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров саланың мақсатты көрсеткіштеріне қол жеткізу үшін қаржылық қолдаудың бірқатар тетігі ұсынылып отырғанын баяндады. Атап айтқанда, мынадай бағдарламалар қарастырылған:
Барлық ауыл шаруашылығы жануарларының асыл тұқымды малын сатып алуға жылдық 6 пайызбен жеңілдетілген несие беру. Жылдық қаржыландыру қажеттілігі – 300 млрд теңге.
Жайылымдық (отгонды) мал шаруашылығын дамыту және жайылым инфрақұрылымын қалыптастыру үшін жылдық 6 пайызбен бірыңғай жеңілдетілген несие өнімі. Биылғы қаржыландыру көлемі – 50 млрд теңге.
Мал азығын дайындайтын техника мен жабдықтарды сатып алуға жылдық 5 пайызбен жеңілдетілген қаржыландыру. Қажетті қаражат – 50 млрд теңге.
Мал шаруашылығы бағыттары бойынша айналым қаражатын толықтыру үшін жылдық 5 пайызбен жеңілдетілген несие беру. Жалпы қажеттілік – 225 млрд теңге. Қаржыландыруға қолжетімділікті кеңейту үшін «Даму» қоры арқылы несиелерге кепілдік беру тетігі қарастырылған.
Кешенді жоспар аясында саланы білікті кадрлармен қамтамасыз ету және мал шаруашылығында еңбек ететін азаматтарға әлеуметтік жағдай жасауға бағытталған шаралар да қамтылған. Атап айтқанда, қойшылар мен бақташыларға 55 жасқа толған кезде арнайы әлеуметтік төлемдер алу құқығын беру, мамандарға арналған тұрғын үй салуды қолдау және өзге де әлеуметтік бастамалар көзделген.
Сонымен қатар маркетингтік инфрақұрылымды дамыту және өткізу нарықтарын кеңейту мәселесіне ерекше назар аударылып отыр. Үкімет экспорттық нарықтарға шығудың басты шарты ретінде ветеринариялық қауіпсіздікті атап өтті. Осы бағытта ветеринариялық нысандарды жаңғырту, сауда орындарында күнделікті бақылау жүргізу, сондай-ақ мал иелерінің жауапкершілігін арттыру мәселелері пысықталуда.
Олжас Бектенов кешенді жоспардағы шаралар ішкі нарықты отандық өніммен жүйелі түрде қамтамасыз етіп, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыруға ықпал етуі тиіс екенін атап өтті. Сонымен бірге өңдеуді дамыту, қосылған құны жоғары өнім өндірісін ұлғайту және өндіріс пен айналымның барлық кезеңінде ашықтықты қамтамасыз ету қажет екенін айтты.
Премьер-министр Ұлттық ауыл шаруашылығы санағының нәтижелерін цифрлық платформаларға біріктіріп, оларды бірыңғай есеп көзі ретінде пайдалануды тапсырды.
Сондай-ақ кеңесте пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтару жөніндегі тапсырмалардың орындалуына ерекше назар аударылды. Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегінше, үш астықты өңірде 330 шаруашылық ерекше бақылауда тұр. Жерді мақсатсыз пайдалану фактілері анықталған жағдайда, учаскелер мемлекеттік қорға қайтарылып, кейін азаматтарға қайта бөлінетін болады.
Кеңес қорытындысы бойынша Үкімет 2026-2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамыту жөніндегі кешенді жоспарды ресми түрде мақұлдады.