57 миллион теңге жымқырды деген күдікпен «Спортты дамыту дирекциясының» бұрынғы директоры ұсталды

14 Ақпан, 16:50 3019

«Спортты дамыту дирекциясы» РМҚК директоры алаяқтық жасады деген күдікке ілінді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Батыс Қазақстан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің «Спортты дамыту дирекциясы» РМҚК бұрынғы директорына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізуде.

Тергеу деректері бойынша, күдікті 2021-2022 жылдары алдау арқылы жалпы сомасы 57 млн теңге бюджет қаражатын жымқырған. Бұл қаражатты БҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасы «Artsport» бағдарламасы бойынша жан басына қаржыландыру шарты шеңберінде балаларды оқыту бойынша көрсетілетін қызметтерге «Ақжайық ФК» ЖШС-не бөлген.

Соттың санкциясымен ол қамауға алынды.

Қазіргі уақытта қалған адамдардың қылмысқа қатысы тексерілуде және жымқырудың қосымша эпизодтарын анықтау жұмыстары жалғасуда.

Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.

Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: