30 Шілде, 11:07
«Грэмми» айналасындағы дау: BTS байқауға қатысудан неге бас тарттыSolo саяхат соңғы жылдары саяхаттаудың танымал форматтарының біріне айналды. Айдана Қуанышқызы да әлемді аралауды бала күнінен армандаған. Алғашқы шетелдік сапарына 2023 жылы шыққан ол бүгінде 16 елде болып, олардың басым бөлігін жалғыз аралаған. Саяхатшы El.kz тілшісіне соло саяхаттың ерекшелігі, қауіпсіздік, бюджет және сапар кезінде ақша үнемдеу жолдары жайлы айтып берді.
– Жалғыз саяхаттауды алғаш рет қашан бастадыңыз? Бұл қадамға баруыңызға не себеп болды?
– Саяхаттауды мен бала кезімнен армандайтынмын. Кішкентай күнімде аспанда ұшып бара жатқан ұшаққа қарап, «Қайда бара жатыр? Ол жақта не бар? Жердегі адамдар ұшақтағыларға көріне ме екен?» деген сұрақтар болатын… Бала қиял ғой. Әлемнің арғы жағында адамдар қалай өмір сүреді екен деген қызығушылық менде бала кезден болды.
Тіпті шетелде оқуды, әлемді аралауды армандадым. Білмеймін, ол арманның қайдан пайда болғанын. Былай өзім кішкентай ауылдың қызымын. Бірақ бала күнгі сол арманым есейе келе де басылмады…
Шетелге оқуға кету мүмкіндігі болмады, Қазақстанда оқуымды аяқтап, кейін жұмысқа тұрдым. Мектепте мұғалім болып жұмыс істеп жүрген кезімде айлығымды жинай бастадым. 2023 жылы өзіме: «Қалай болғанда да, осы жылы міндетті түрде шетелге шығамын» деп нақты мақсат қойдым.
Сөйтіп, біраз уақыт ақша жинап, жазды толығымен саяхатқа арнадым. Алғаш рет БАӘ Дубайға бардым. Одан кейін Грузияға ұшып, Батуми жанындағы Сарпи арқылы Түркияға өттім. Осылайша бірнеше елді аралап, екі айдан астам уақытты шетелде өткізіп, елге оралдым.
Ол сапар мен үшін жай ғана демалыс емес, өзіме жасаған үлкен қадам болды. Себебі сол кезде менде қорқыныш та болды: «Бара аламын ба? Жалғыз жүре аламын ба? Ақшам жетеді ме?» деген сияқты сұрақтар көп болды. Бірақ сонда да бару керек деген ойдан танбадым.
Қазір сол шешімім үшін өзіме рақмет айтамын. Өйткені егер сол кезде ақша жинап, мақсат қойып, кейін қорқып бармай қалғанымда, бәлкім, өзімді ұзақ уақыт бойы іштей кінәлап жүрер едім.
Мүмкін мен бала кезімнен еркіндікті қалаған шығармын. Күн сайын таңнан кешке дейін тек жұмыспен өтіп жатқан өмірді қаламадым. Жас кезде бойыңда қуат, қызығушылық, іште бір ұшқын бар кезде соны өшірмей, әлемді көріп, жаңа нәрселерді сезініп, өмірдің өзін зерттеп көргім келді.
Солай бала күнгі әлемнің арғы шетіндегі өмір қалай екен деген сұрағыма жауап іздей бастаған алғашқы сапарым осылай басталған.
Саяхаттау жыл сайын қымбаттап жатыр
– Сонда алғашқы сапарыңызды ешқандай қорқынышсыз бастап кеттіңіз бе?
– Алғашқы шетелдік сапарым БАӘ болды. Абу-Даби мен Дубай қалаларын араладым. Одан кейін Грузияға ұштым, ол елді біраз аралап, шекаралас Түркия еліне бардым.
Ол кезде ұшақ билеттері қазіргіден әлдеқайда арзан еді. Мысалы Алматы-Абу-Даби билетін шамамен 20 мың теңгеге, ал Абу-Даби-Кутаиси бағытын 15 мың теңгеге алғанмын. Сондықтан қазір мүмкіндігі бар кезде саяхаттап қалу керек деп ойлаймын. Өйткені саяхат бағасы жыл сайын қымбаттамаса, арзандамайды.
Ал алғашқы сапарымдағы ең үлкен қорқынышым – шетелге жалғыз шығу болды. Шыны керек, қорқыныштан бұрын ата-анам мен бауырларымның алдында біртүрлі «кінә сезімі» болды. «Тек өзім ғана саяхаттап жүргенім дұрыс па?» деген ой болды.
Оған қоса, менің саяхаттаудан ешқандай тәжірибем жоқ еді. Тіпті ұшаққа алғаш рет мінгенмін. Ұшақтағы қауіпсіздік белдігін қалай ағыту керегін де білмей, үнсіз отыра бергенім есімде. Тілді де толық білмеймін. Сондықтан «Бір өзім, алғаш рет шетелде, қалай болады екен?» деген ой болды.
Дегенмен ақшам аз болса да, тиыннан құрап жинасам да, керек болса өте қарапайым жағдайда жүрсем де, әлемді өз көзіммен көруім керек деген шешіміммен жүре бердім. «Сен жолға шық, Алла өзі жол көрсетеді» деген сеніммен шықтым және дәл солай болды.
Жолда маған өте көп адам көмектесті. Біреуі жол көрсетті, біреуі түсіндірді, енді бірі керек жеріме жеткізіп салды. Кейде тіліңді де, еліңді де, дініңді де білмейтін адамдардан күтпеген жерден көмек аласың…Әлем мейірімге толы екен. Адамдардың тілі, діні, түрі, мәдениеті, өмір салты әртүрлі болғанымен, жүректегі мейірім бәріне ортақ.
Сондықтан алғашқы сапарым маған тек жаңа елдерді көрсетіп қана қоймай, адамдарға деген сенімімді де күшейтті. Жолға шыққан кезде бәрін алдын ала білу міндетті емес екен. Кейде ең маңыздысы – алғашқы қадамды жасау.
– Жалғыз саяхаттаудың топпен саяхаттаудан ең үлкен айырмашылығы қандай?
– Топпен саяхатта мен мына жақын елдерге – Өзбекстан мен Қырғызстанға барғанмын. Ал қалған шетелдік сапарларымның басым бөлігін жалғыз өзім жасадым.
Меніңше, топпен және жалғыз саяхаттаудың ең үлкен айырмашылығы – еркіндік пен жауапкершілікте.
Топпен саяхаттағанда көп нәрсе алдын ала дайын болады: қонақ үй, транспорт, маршрут, көретін жерлер, экскурсиялар. Сен тек дайын бағдарлама бойынша жүресің. Сондықтан көпшілікпен жүргенді ұнататын, уақытын жоспарлап, артық ұйымдастырумен айналысқысы келмейтін адамдар үшін бұл өте ыңғайлы формат.
Ал менің өзіме solo travel көбірек ұнайды. Мен аса көпшіл адам емеспін, интроверттігім басым. Сондықтан жалғыз жүргенде өзімді еркін сезінемін.
Маған бір қаланы асықпай аралау ұнайды. Міндетті түрде туристер баратын жерлердің бәрін тізіп шығу шарт емес. Кейде ешқандай жоспары жоқ көшеге кіріп кетіп, сол жердің атмосферасын сезініп, жергілікті адамдардың қалай өмір сүретінін бақылаған әлдеқайда қызық.
Жалғыз саяхатта ең ұнайтыны – өз уақытыңа өзің төрешісің. Қай уақытта тұратыныңды, қайда баратыныңды, қанша уақыт жүретініңді, бүгін бір жерге бармай-ақ қоятыныңды да өзің шешесің. Біреудің жоспарына бейімделудің қажеті жоқ.
Бірақ бұл еркіндікпен бірге үлкен жауапкершілік те қатар жүреді. Барлық ұйымдастыру өз мойныңда: билет, қонақ үй, маршрут, транспорт, бюджет, қауіпсіздік – бәрін өзің ойластырасың. Бір жерде адасып қалсаң да, мәселені өзің шешуге тура келеді.
Сондықтан solo travel мен үшін жай ғана жалғыз жүру емес. Бұл – өзіңе жауап беруді, шешім қабылдауды және өзіңе сенуді үйрену.
Топпен саяхаттаудың өз артықшылығы бар, бірақ мен үшін жалғыз саяхаттың ең үлкен сыйы – сол еркіндік. Және өзіңді бұрынғыдан да жақсырақ танып қайтасың.
Қытайда таңғалдырған дүниелер көп болды
– Қазірге дейін барған елдеріңіздің ішінде қайсысы сізге ерекше әсер қалдырды? Неліктен?
– Осы сұрақ қойылса біраз тосырқап ойланып қаламын, жауап беру мен үшін қиын. Себебі әр ел өзінше ерекше. Әр елде өзінше бір естеліктер бар. Жақын достарым, түрлі жағдаяттар, біріне табиғатына тамсансам, енді бір елде заттарымды ұрлатсам да, далада қонсам да жылы естеліктерімен жұбатып алатын сәттерім қанша.
Сондықтан «қай ел ерекше әсер қалдырды?» дегенде біреуін бөліп айту маған қиын. Дегенмен міндетті түрде бір елді таңдау керек болса, Қытайды айтар едім.
Себебі Қытайға қатысты бізде стереотип өте көп. Ұзақ уақыт бойы сырт көзге біршама жабық ел ретінде қабылданып келді. Сондықтан өзім барып көрген кезде мені таңғалдырған дүниелер өте көп болды.
Елдің ауқымы ғана емес, даму қарқыны, технологиясы, білім беру жүйесі, қалалардың ұйымдастырылуы, халықтың күнделікті өмірі, тіпті мемлекеттік басқару жүйесі де.
Саяхаттың ең құнды тұстарының бірі – бұрын қалыптасқан көзқарастарыңа қайта қарап сүзгіден өткізе бастайсың . Қытайға барған кезде дәл сондай сезім болды: сырттан естіп, елестетіп жүрген Қытайым мен өз көзіммен көрген Қытайдың арасында айырмашылық бар екен… Кейде бір ел туралы пікір қалыптастырмас бұрын, барып өз көзіңмен көрген дұрыс… Әлемге деген көзқарасымды кеңейткен сапардың бірі болған.
– Қыз баланың жалғыз саяхаттауына қатысты пікірлерді жиі естисіз бе? Жақындарыңыздың бұған көзқарасы қандай?
– Иә, қыз баланың жалғыз саяхаттауына қатысты пікірлерді жиі естимін. Тіпті қазір құлағым үйреніп те кетті.
Жақындарым, ата-анам кейде: «Күйеуге шық, сосын баратын жеріңе бірге барасың» деп айтып жатады. Бірақ менің саяхаттауыма ешқашан қарсы болған емес.
Меніңше олар саяхатыма қарсы болғандықтан емес, алаңдағандықтан айтылады. «Жалғыз жүрмей, жаныңда жарың болса, көңіліміз тыныш болар еді» деген ата-аналық уайым шығар.
Әрине, ата-ананың баласы үшін алаңдауы табиғи нәрсе. Мен де олардың уайымын түсінемін. Бірақ сонымен бірге өз өміріңе қатысты шешімдерді өзің қабылдауды үйрену керек деп ойлаймын.
Мен үшін қыз баланың жалғыз саяхаттауы – біреуге бір нәрсені дәлелдеу емес. Бұл өзіңді тану, өз бетіңмен шешім қабылдау және әлемді өз көзіңмен көру мүмкіндігі.
Еркіндік – ойланбастан кету емес
– Жалғыз жүргенде қауіпсіздік үшін қандай ережелерді ұстанасыз?
– Шынымды айтсам, менде жалғыз саяхаттауға арналған арнайы бір қатаң ережелер тізімі жоқ. Бірақ әр сапардың алдында міндетті түрде ескеретін бірнеше нәрсе бар.
Ең алдымен, баратын елдің заңдары мен талаптарын қарап шығамын. Құжаттарымның, визамның мерзімін тексеремін, жолға шығар алдында чемоданымды да бір қарап шығамын. Баратын елде қандай да бір ауру таралып жатыр ма, денсаулыққа қатысты қандай да бір қауіп бар ма – оны да алдын ала білген дұрыс деп ойлаймын.
Мысалы, биыл Непалға барып, Эверест базалық лагеріне дейін жеткім келген еді. Эверест шыңын бағындыру, әрине, басқа деңгейдегі мақсат, ал менің жоспарым базалық лагерьге дейін бару болатын. Бірақ дайындық барысында таудағы биіктік, ауа қысымы, тау ауруы сияқты мәселелер туралы оқыдым.
Сонда сапардың жай ғана «билет алып, кете салатын» нәрсе емес екенін түсіндім. Мұндай биік таулы бағыттарға денені дайындау керек, денсаулықты алдын ала қолға алу керек екен. Сондықтан бұл сапарды асықпай, дайындықпен жасаған дұрыс деп шештім.
Әдетте мен медициналық сақтандыруды әр сапарымда жасай бермеймін. Бірақ адам өз өміріне тікелей жауап беретін, физикалық тұрғыдан қиын сапар болса, мұқият дайындалу керек деп ойлаймын.
Жалғыз саяхаттаудың өзі маған осыны үйретті: еркіндік деген – ойыңа келген жерге ойланбастан кету емес, өз шешіміңнің жауапкершілігін де өз мойныңа алу.
– Соло саяхат қымбат па, әлде керісінше, кей жағдайда үнемдеуге мүмкіндік бере ме?
– Соло саяхат міндетті түрде қымбат деп ойламаймын. Жалпы саяхатқа 100 мың теңгемен де, 1 миллион теңгемен де шығуға болады. Барлығы адамның бюджетіне, саяхаттайтын еліне және қандай форматты таңдайтынына байланысты.
Меніңше, жалғыз саяхаттаудың бір артықшылығы – барлық шешімді өзің қабылдайсың. Қымбат қонақ үйде тұрасың ба, хостел таңдайсың ба, қоғамдық көлікпен жүресің бе, такси пайдаланасың ба – бәрі өз қолыңда.
Сонымен қатар қазір түрлі қосымшаларды тиімді пайдалана білу де көп көмектеседі. Билет, қонақ үй, транспорт бойынша жеңілдіктерді іздеу, акцияларды пайдалану, жергілікті сервистерді білу арқылы біраз ақша үнемдеуге болады.
Тіпті коммуникацияның өзі маңызды. Кейде жеңілдік сұрай білу, жергілікті адамнан дұрыс кеңес алу немесе қай жерде арзанырақ екенін сұраудың өзі шығынды азайтады.
Сондықтан мен үшін саяхаттың қымбат немесе арзан болуы адамның қанша ақша жұмсағанынан емес, сол ақшаны қаншалықты ақылмен жоспарлағанынан көбірек байланысты.
Саяхаттау үшін міндетті түрде миллион теңге жинау керек деп ойламаймын. Ең бастысы – мүмкіндігіңе қарай жоспарлап, өзіңе қолжетімді форматта саяхаттай білу.
Ақшаны жақсы естелікке жұмсау керек
– Сонда бір сапарға орта есеппен қанша қаражат жоспарлайсыз?
– Менде бір сапарға арналған нақты бекітілген бюджет жоқ. Себебі мен көбіне саяхатқа ойламаған жерден шығамын. Мысалы, арзан ұшақ билетін көріп қалсам, сол мүмкіндікке қарай жоспар құрып, сапарға шығып кететін кездерім болады.
Әрине, қажет қаражат баратын елге, сапардың ұзақтығына және өзіңнің қандай форматта саяхаттайтыныңа байланысты. Бірақ саяхаттың сәтті өтуі және адамға жақсы эмоция қалуы үшін жеткілікті қаражатпен барған дұрыс.
Өйткені кейде ақшаны тым қатты үнемдеймін деп, өзіңнің энергияң мен уақытыңды құртып алуың мүмкін. Мысалы, ұзақ уақыт ауыр сөмке арқалап, бір елден екінші елге асығып, суықта далада түнеп, тамақтан үнемдеп, барғың келген көрнекі жерлерге билет алмай, сыртынан ғана қарап қайтсаң – қаржы үнемдегенмен, сапардан қатты шаршап қайтуың мүмкін.
Сонда үйге келгенде «Мен нақты не көрдім? Не сезіндім?» деп өзің де түсінбей қаласың.
Сондықтан мен үшін үнемдеу – әр нәрседен бас тарту емес. Ақшаны дұрыс жеріне жұмсап, қажетсіз шығынды қысқарту.
Жеке өзімнің тәжірибемде, қалтамда шамамен 500 мың теңге көлемінде сапарға арналған қаражат болса, баратын елдің бағасына қарай шетелге шығуды қарастыра беремін. Бірақ оның бәрін міндетті түрде бір сапарға жұмсаймын деген сөз емес. Баратын жерге қарай алдын ала есептеп, сол бюджетке сыя ма, жоқ па – соны қараймын.
Меніңше, саяхатта ең маңыздысы – ақша үнемдеу емес, ақшаңды өміріңде жақсы естелік болып қалатындай жұмсай білу.
– Қонақүйді, әуе билетін және саяхат маршрутын қалай таңдайсыз?
– Әуе билетін көбіне Aviasales пен Skyscanner арқылы қараймын. Кейде чартерлік билеттерді де қарастырамын. Егер тиімді, арзан бағадағы билет көзіме түссе, көп ойлана бермей алып қоятын кездерім болады. Себебі менің саяхаттарымның біразы дәл осындай спонтанды шешімдерден басталған.
Қонақүйді көбіне Booking.com немесе Trip.com арқылы қараймын. Бірнеше нұсқаны салыстырып, бағасына, орналасқан жеріне және пікірлеріне назар аударамын. Кейде ұнаған қонақүйді тауып алсам, оның өз сайты арқылы тікелей бронь жасаймын.
Ал маршрутты көбіне картаға қарап отырып құрамын. Баратын жерлерді картадан белгілеп, бір-біріне жақын нүктелерді бір күнге жоспарлаймын. Кейде интернеттен басқа саяхатшылардың тәжірибесін де қарап шығамын.
Бірақ өзіме тым тығыз бағдарлама жасағанды ұнатпаймын. Себебі саяхатта кейде жоспарсыз қалған уақыттың өзі қызық болады. Көшені аралап, кездейсоқ бір жерге кіріп кету, жергілікті атмосфераны сезіну – мен үшін сапардың бір бөлігі.
Азия елдеріне саяхаттау арзан
– Сапар кезінде ақша үнемдеу үшін қандай лайфхактарыңыз бар?
– Менің басты лайфхагым – ең алдымен салыстыру. Бірінші көрген билетке немесе қонақүйге бірден ақша төлей салмай, бірнеше жерден қарап шығамын.
Екінші маңызды нәрсе – жергілікті транспортты пайдалану. Әр жерде таксиге отыра берсеңіз, шығын тез өсіп кетеді. Сондықтан мүмкіндік болса, қоғамдық көлікпен жүремін.
Тамаққа да дәл солай қараймын. Туристер көп жиналатын жердегі қымбат мейрамхананың орнына жергілікті халық тамақтанатын жерлерді іздеген тиімді әрі көбіне қызығырақ.
Тағы бір лайфхак – барлық нәрсені алдын ала дұрыс жоспарлау. Бірақ мен шамадан тыс үнемдеуді де дұрыс көрмеймін. Өйткені алдыңғы сұрақта айтқанымдай, ақша үнемдеймін деп сапардың өзін қиындатып жіберуге болмайды.
– Ең арзан және ең қымбат саяхатыңыз қайсы болды? Ол сапарларға шамамен қанша қаражат жұмсадыңыз?
– Қалтаға қатты ауыр болған саяхат Еуропа мен Америка сапары. АҚШ-та жұмыс істегеннен кейін табатын табыс пен шығын теңесіп отырды.
Ал Еуропаға сапарымда 1 миллион теңгеден жоғары қаражат жұмсадым. Еуропада тұру, тамақтану, транспорт және елдер арасында жүру сияқты шығындар біршама қымбатқа түсті.
Ал ең үнемді саяхаттарым көбіне Азия бағыттарында болды. Азия елдерінде бюджетті дұрыс жоспарласаң, салыстырмалы түрде аз қаражатпен де жақсы саяхаттауға болады.
Мысалы, алғашқы шетелдік сапарым – БАӘ, Грузия және Түркияға жасаған сапарым. Сол кезде жолға бар болғаны шамамен 1000 доллар жинап шықтым. Әр елге жеке бюджет қойып, «бір елде 300 доллардан артық жұмсамаймын» деп өзіме жоспар жасап алғанмын.
Нәтижесінде Дубайда шамамен 190 мың теңге жұмсадым. Грузияда да шамамен сондай қаражат кетті. Ал Түркияда екі айға жуық уақыт болғандықтан, шығын көлемі, әрине, көбірек болды.
Ең бастысы – бар қаражатыңды алдын ала есептеп, қай жерге қанша жұмсайтыныңды түсініп бару.
Бірақ қазір тәжірибем көбейген сайын бюджетке көзқарасым да өзгерді. Бұрын басты мақсатым – «қалай да шетелге шығу» болса, қазір сапардың сапасына да мән беремін. Яғни артық шығыннан үнемдеймін, бірақ өзіме маңызды дүниелерден үнемдеуге тырыспаймын.
– Әңгімеңізге рақмет!
30 Шілде, 11:07
«Грэмми» айналасындағы дау: BTS байқауға қатысудан неге бас тартты29 Шілде, 13:10
Жаңа пандемия кез келген уақытта басталуы мүмкін: ДДҰ не дейді?27 Шілде, 18:09
«Бәрі қаржыға байланысты»: Неліктен «Қайрат» еурокубоктағы матчын Түркістанда өткізеді24 Шілде, 11:39
Мадина Ералиеваға құрмет: Ерке Есмахан үш жылдық үзілістен соң сахнаға оралды