Бүгін әлемнің барлық елдерінде Халықаралық волонтерлер күнін атап өтіп жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда волонтерлер қызметі жыл сайын қарқын алып келеді. Еліміздегі белсенді волонтерлер саны 240 мыңға, волонтерлер ұйымдарының саны 740-қа, бастамашыл топтардың саны 1800-ге жетті.
Ұлттық фронт-офис және 20 аймақтық фронт-офис волонтерлерінің қызметі тиімді жүзеге асырылуда. Жыл сайын 50-ден астам волонтерлік жобалар іске асырылады. 2024 жылы 55 жоба іске асырылуда. Сондай-ақ волонтерлер бастамаларын қолдау мақсатында 240 шағын грант берілді, - делінген мәліметте.
Қазақстанда волонтерлер жоғалған адамдарды іздеуге көп қатысады. Олардың саны 35 мыңды құрайды. Бұл қозғалыс елдегі ең ірі бастама және 250-ден астам бастамашыл топты, 80 тіркелген іздестіру-құтқару ұйымын қамтиды.
Сондай-ақ Қазақстан басқа елдердің волонтерлік ұйымдарымен де белсенді ынтымақтастық орнатуда. Бұл тәжірибе алмасу және волонтерліктің ортақ миссиясын жүзеге асыру үшін маңызды. 2024 жылы жеті қазақстандық волонтер БҰҰ құрылымдарында жұмыс істеу үшін Түркия, Кения және Таиландқа жіберілді.