Ұлытау облысының Сәтбаев қаласында «Сәтбаев жұмыскер» жеңілдетілген ипотека бағдарламасына өтінім қабылдау басталды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы Krisha.kz порталына сілтеме жасап.
Бағдарлама жұмысшы мамандық иелеріне арнап әзірленіп, тұрғын үй алуға тиімді шарттармен мүмкіндік береді.
Ипотекалық несие жылдық 5% мөлшерлемемен беріледі. Бастапқы жарна көлемі кемінде 10%, ал несие сомасы – 20 миллион теңгеге дейін.
Бағдарлама қала үшін маңызды саналатын өндіріс, инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы, құрылыс және қызмет көрсету салаларында жұмыс істейтін мамандарға арналған. Қаржыландыру көлемі – 250 миллион теңге, оның ішінде 200 миллионы қала әкімдігі тарапынан, 50 миллионы Отбасы банкі есебінен бөлінген.
Бағдарламаға машина жасау, электр және жылумен жабдықтау, су және газ жүйелері, қалдықтарды өңдеу, көпқабатты үйлерді күтіп-ұстау, құрылыс, ауыл және балық шаруашылығы, жеңіл өнеркәсіп, көлік пен логистика салаларында жұмыс істейтін азаматтар қатыса алады.
Қатысушылар Сәтбаев қаласында тұрақты немесе уақытша тіркеуде болуы тиіс. Айлық табыс көлемі 200 АЕК-тен (шамамен 777 мың теңге) аспауы қажет. Соңғы бес жылда өтініш беруші мен оның жұбайының атында тұрғын үй болмағаны талап етіледі.
Өтініштер Сәтбаев қаласы әкімдігінде қабылданады. Бағдарлама қаланың әлеуметтік-экономикалық салаларын дамытуға үлес қосып жүрген еңбек адамдарын тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған.