Батыс Қазақстан облысында полицейлер кешенді жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу нәтижесінде Бөкей ордасы ауданының Сайқын ауылында мал ұрлығына қатысы бар қылмыстық топты ұстады, деп хабарлайды Polisia.kz-ке сілтеме жасап El.kz интернет порталы.
Белгілі болғандай, күдіктілер 2024 жылдың қараша айынан 2025 жылдың 13 маусымына дейінгі аралықта күдіктілер қыстақтар маңындағы еркін жайылымнан 49 бас ірі қара малды ұрлаған. Келтірілген материалдық шығын көлемі шамамен 20 миллион теңгені құрайды. Олардың мал ұрлығымен байланысты төрт дерекке қатысы бар екені анықталды. Аталған факті бойынша төрт күдікті ұсталды. Қазір алдын ала тергеу амалдары жүргізілуде.
Айта кетсек, Ішкі істер министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес мал ұрлығына қарсы күреске бағытталған кешенді шараларды жүзеге асыруды жалғастыруда. Биыл жеті айда республика аумағында мал ұрлығымен айналысқан 55 қылмыстық топтың әрекеті тоқтатылды. Соңғы бес жылда бұл қылмыс түрінің деңгейі 59,2%-ға төмендеген.