"46 оқушы мен 2 мұғалім". Жамбылда мектеп асханасынан ас ішкендер жаппай уланды

8 Қараша 2023, 10:38 1199

Жамбыл облысы Байзақ ауданында балалар мен ересектер жаппай уланды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен хабарлағандай, Байзақ ауданының орталық аудандық ауруханасына 48 адам келіп түскен. Олар мектеп асханасында түскі ас ішкеннен кейін уланған. Оның 35-і ауруханаға жатқызылды. 

Негізінен 7-10 жасар балалар келіп түсті. Бәрі — Байзақтағы Н. Киікбаев атындағы орта мектептің оқушылары. Зардап шеккендерге «жіті тамақ токсикоинфекциясы» диагнозы қойылды, - делінген басқарма ақпаратында.

Дәрігерлер ауруханаға жатқызылғандардың жағдайын орташа ауыр және бірқалыпты деп бағалап отыр.

Облыс әкімдігі арнайы комиссия құрылып, мектеп толығымен оқшауланғанын мәлімдеді. Онда бактериологиялық зерттеулер жүргізіледі. Ал мектепте тамақтануға жауапты "Токсеитов" ЖК жұмысы толығымен тоқтатылды.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: