43 млн теңге тұратын құрылыс материалын ұрлағандар ұсталды

12 Қазан 2022, 17:30 1277

Қаскүнемдер қылмысты мұқият жоспарлаған

Ақмолалық полицейлер құны 43 млн теңге болатын құрылыс материалдарына қатысты ұрлықтың бетін ашты, деп хабарлайды El.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Қаскүнемдер қылмысты мұқият жоспарлап, кәсіпорынның сыртқы қауіпсіздік камераларының орналасқан жерін алдын ала зерттеп, екі жүк көлігін жалға алған. Аршалы ауданы Жібек Жолы кентінде орналасқан кәсіпорын директорының өтініші 11 қазанда жергілікті полиция бөліміне келіп түсті.

ЖШС басшысының айтуынша, түнде белгісіз адамдар аумақты қоршап тұрған тақтайшаны кесіп, кәсіпорынға кіріп, қоймадан құрылыс материалдарын шығарып алып кеткен. Қаскүнемдер келтірген залалды кәсіпкер 43 млн теңгеге бағалады. Ұрлық фактісін полицейлер ҚР ҚК 188-бабы 4-бөлігі (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде тіркеді.

Оқиға болған жерді тексеру кезінде құқық қорғау органдары қылмыстың мұқият жоспарланғанын анықтады: ұрылар қозғалатын көліктерді ЖШС аумағында орналасқан бірде-бір бейнебақылау камерасы тіркемеген. Цифрландыру процестерінің заманауи техникалық құралдары мен мүмкіндіктерін пайдалана отырып, криминалдық полиция қызметкерлері Астана қаласының айналасында орнатылған «Сергек» камераларына мониторинг жүргізді. Ақмола полицейлеріне елордалық әріптестері үлкен көмек көрсетті, олар қажетті жазбаларды ұсынды.

Мониторинг нәтижесінде жедел уәкілдер қаскөйлер жүргізген ГАЗель автокөлігін анықтады. Сол күні Астанада жүргізілген арнайы операция нәтижесінде екі күдікті ұсталды, олардың бірі – соттылығы бар 35 жастағы елорда тұрғыны, екіншісі – 32 жастағы Жібек Жолы ауылының тұрғыны. Одан әрі тергеу іс-шараларын жүргізу кезінде ұрланған құрылыс материалдары табылып, тәркіленді. Қазіргі уақытта айыпталушылар уақытша ұстау изоляторына қамалды.







Бөлісу: