2026 жылдың наурыз айында Enbek.kz электрондық еңбек биржасында жұмыс берушілер 102,6 мыңға жуық бос жұмыс орнын жариялаған. Ал жұмыс іздеушілер тарапынан 107,1 мың түйіндеме орналастырылды. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлім етті.
Ведомство деректеріне сәйкес, наурыз айында ең жоғары жалақы ұсынылған мамандықтар қатарында:
– заң бөлімі басшысының орынбасарлары (шамамен 1,4 млн теңге),
– бағдарламалық жасақтама архитекторлары (1,38 млн теңге),
– тау-кен өндірісі саласындағы өндіріс басшылары (1,14 млн теңге) бар.
Сонымен қатар жұмыс іздеушілер өз түйіндемелерінде бұдан да жоғары жалақы күтетінін көрсеткен. Ең жоғары жалақыға үміткерлер:
– HR-бизнес серіктестері (шамамен 4,2 млн теңге),
– каротажшылар, яғни ұңғымамен жұмыс істейтін мамандар (3 млн теңге),
– өндірістік зертхана басшылары (2,5 млн теңге).
Еңбек нарығындағы үрдістер
Жыл басынан бері Enbek.kz платформасында 304 мыңнан астам бос жұмыс орны және 394,5 мыңға жуық түйіндеме жарияланған. Ақпан айымен салыстырғанда жұмыс берушілер белсенділігі 3,7 пайыз артса, жұмыс іздеушілер белсенділігі, керісінше, 14,3 пайыз төмендеген.
Қай салаларда сұраныс жоғары
Ең көп бос жұмыс орны білім беру саласына тиесілі – 22,6 мың вакансия. Сондай-ақ қызмет көрсету саласында 21,2 мың жұмыс орны ұсынылған.
Денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету салаларында да тұрақты сұраныс сақталып отыр – 8,7 мың вакансия. Ал ауыл, орман және балық шаруашылығында 7,9 мың бос жұмыс орны тіркелген.
Өңірлер бойынша ең көп вакансия Түркістан облысында (7,7 мың). Одан кейін Қарағанды облысы (7,6 мың), Астана қаласы (7,2 мың), Павлодар облысы (7,2 мың) және Атырау облысы (6,5 мың) келеді.
Жұмыс іздеушілердің портреті
Жарияланған вакансиялардың шамамен 40 пайызы орта білікті мамандарға арналған. Төмен білікті жұмыс орындары – 31 пайыз, ал жоғары білікті мамандарға арналған ұсыныстар 29 пайызды құрайды.
Жұмыс іздеушілер арасында 35 жасқа дейінгі жастар басым – 42 пайыз. 35-44 жас аралығындағы үміткерлер – 26 пайыз, 45-54 жас – 20 пайыз, ал 55 жастан асқандар – 12 пайыз.
Гендерлік бөліністе әйелдер үлесі 54 пайызды құраса, ерлер 46 пайызға тең.