26.03.2026
17:30
2278
ЖИ жаңалықтары

41 рет “жоқ” дегенді естіген қазақ жастары 36 сағатта 21,5 млн доллар тартты

Қазақстаннан шыққан мамандар құрған Nace.AI стартапы Кремний алқабында 21,5 млн доллар инвестиция тартты. Қаржыландыру раундын әлемдік деңгейдегі венчурлық қорлардың бірі – General Catalyst қолдаған.

Келісім небәрі 36 сағатқа жетпейтін уақытта жабылған. Алайда бұл нәтижеге жету үшін команда екі ай бойы инвесторлармен ондаған кездесу өткізген. Соның ішінде 41 рет бас тартуға тап болған. Стартаптың бас директоры Дос Бақытжанның айтуынша, бұл жол оңай болмаған.

Біз 41 рет “жоқ” деген жауап алдық. Бірақ тоқтаған жоқпыз. Соңында бір ғана кездесу сәтті өтті. Сол арқылы 36 сағат ішінде инвестициялық раундты жаптық. Біз жай хайп қуып жүрген жоқпыз. Нақты бизнес мәселелерін шешетін жасанды интеллект жасап жатырмыз, – дейді ол.

Nace.AI деген не?

Nace.AI – бұл бәріне ортақ нейрожелі немесе қарапайым чат-бот емес. Жоба нақты компанияларға арналған жасанды интеллект жүйелерін әзірлейді. Яғни, әр бизнеске жеке бейімделген AI жасап, олардың жұмысын автоматтандыруға көмектеседі. Стартаптың басты ерекшелігі – тек «сөйлейтін» модель емес, нақты нәтиже беретін, бизнес-процестерді жеңілдететін жүйелер жасау.

Алғашқы өнім не істейді?

Компанияның алғашқы өнімі – қаржылық аудит жүргізетін AI-агент. Бұл жүйе:

  • үлкен көлемдегі құжаттарды талдайды    
  • тәуекелдерді анықтайды
  • транзакцияларды тексереді
  • инвесторларға арналған есептерді автоматты түрде дайындайды

Компания мәліметінше, мұндай шешім жұмысты 20 есеге дейін жылдамдатуға мүмкіндік береді.

Кімдер жасап жатыр?

Жобаның артында тәжірибелі қазақстандық мамандар тұр. Стартаптың бас директоры Дос Бақытжан бұған дейін 10 миллионнан астам қолданушысы бар GOAT.AI жобасын жасап, оны шетелдік компанияға сатқан. Техникалық директор Жәнібек Датбаев Meta AI-да жұмыс істеп, жасанды интеллект модельдерін үйрету инфрақұрылымымен айналысқан. Ал ғылыми жетекші Әбілқайыр Сапаров – АҚШ-тағы Purdue University профессоры, халықаралық деңгейде танылған зерттеуші.

Компания әуел бастан-ақ АҚШ нарығына бағыт алған. Қазір стартап Кремний алқабында дамып жатыр. Мұндай таңдау кездейсоқ емес. Себебі бұл жерде ірі клиенттер көп, инвестиция тарту мүмкіндігі жоғары және шешім қабылдау үдерісі әлдеқайда жылдам жүреді. Тартылған 21,5 млн доллар команда санын арттыруға, технологиялық инфрақұрылымды дамытуға және деректермен жұмысты күшейтуге жұмсалады. Алдағы уақытта Nace.AI кәсіпорындардың жұмысын жеңілдетіп, көптеген процестерді автоматтандыратын жаңа AI шешімдерді іске қосуды жоспарлап отыр.

Жобаның негізгі мақсаты – жасанды интеллекттің мүмкіндігін нақты бизнеске тиімді енгізіп, оны жай теория емес, күнделікті жұмысқа нақты пайда әкелетін құралға айналдыру.