09.04.2026
18:14
316

41 млн теңге: Алматыда түлектерден ақша жинауға қатысты дау шықты

Алматыдағы мектептердің бірінде бітіруші түлектерге арналған кешке қатысты дау қоғамда қызу талқыланып жатыр. Әлеуметтік желіде 11-сынып оқушыларының ата-аналары ірі көлемде қаражат жиналып жатқанын айтып шағымданған болатын. Осыдан соң соң тиісті органдар тексеріс жүргізді.

Даудың басталуына ата-аналардың бірі жариялаған бейнеүндеу себеп болды. Оның айтуынша, мектеп бітіру кешін ұйымдастыру үшін ата-аналардан қомақты қаржы талап етілген. Жарияланған мәліметке сәйкес, 138 түлектен және олардың отбасыларынан жалпы сомасы 41 миллион теңгеден астам қаражат жиналуы тиіс болған. Оның ішінде шамамен 9 миллион теңге ойын-сауық бағдарламасына жұмсалады деп жоспарланған.

Ата-ананың айтуынша, ол шығындарды жеке есептеп, кешті әлдеқайда төмен бюджетпен өткізуге болатынын дәлелдеуге тырысқан. Алайда бұл ұсыныс қолдау таппаған. Сонымен қатар әр отбасына түсетін қаржылық жүктеме де көпшіліктің наразылығын тудырған: кей деректерде бір адамнан 200-300 мың теңге көлемінде ақша сұралғаны айтылды.

Мәселе қоғамда резонанс тудырғаннан кейін қалалық білім басқармасы тексеріс жүргізді. Алдын ала қорытындыға сәйкес, қаражат жинау бастамасы мектептің ресми алаңында емес, ата-аналардың бейресми чаттарында талқыланған.

Оқу-ағарту министрлігі өкілдері мұндай бастама жеке ата-аналар тарапынан көтерілген күннің өзінде, оқу орнындағы процестердің ашықтығы мен заңдылығына мектеп әкімшілігі мен білім бөлімдері де жауапты екенін атап өтті.

Ведомство мәліметінше, мектеп басшылығы мен аудандық білім бөлімі бұл жайтты бақылаудан тыс қалдырған. Осыған байланысты тексеріс қорытындысы бойынша білім беру ұйымының басшысы мен аудандық бөлім жетекшісі тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Министрлік заңсыз ақша жинауға, оның ішінде ата-аналар комитеттері арқылы да қаражат талап етуге жол берілмейтінін ескертті. Мамандар мұндай жағдайлар білім беру саласындағы ашықтық пен әділдік қағидаттарына қайшы келетінін алға тартады.

Бұл оқиға қоғамда мектеп бітіру кештерін ұйымдастырудағы шығын мәселесін тағы да күн тәртібіне шығарды. Сарапшылар пікірінше, мұндай шаралар ата-аналар үшін ауыр қаржылық жүктемеге айналмауы тиіс, ал білім беру ұйымдары бұл процесті қатаң бақылауда ұстауы қажет.