40-қа жуық сотталған азамат диплом алды

2 Шілде 2022, 23:26 2026

Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің ЗК-169/5 мекемесінде кәсіптік-техникалық колледжін бітірушілерге диплом табыстау рәсімі өтіп, 37 сотталған С. Ықсанов атындағы Қызылорда құрылыс және бизнес колледжін бітіргендігі туралы диплом алды, деп хабарлайды EL.KZ.

Бұл туралы polisia.kz сайты жазды.

Диплом алған 37 сотталғанның 18-і Ағаш ұстасы және паркет жұмыстарының шебері, 19 сотталғанға Құрылыс әрлеу жұмыстарының шебері біліктіліктері берілді. 

Мерекелік шараға С. Ықсанов атындағы Қызылорда құрылыс және бизнес колледжінің мұғалімдері қатысып, алған дипломдарын игі кәдеге жаратуларына тілектерін білдіріп, білімділігімен көзге түскен бірнеше сотталғанды марапаттады. Және де сотталғандарға білім беруге жан-жақты көмек көрсеткені үшін мекеме басшылығына алғысын білдірді. 

Ағаш ұстасы және паркет жұмыстарының шебері мамандығы бойынша білім алған Алмат ҚР ҚК-нің 188-бабының 3-бөлігінің 3-тармағымен кінәлі деп танылып, 6 жылға сотталған. 

Өзімнің жасаған іс-әрекетіме өкінемін. Ата-анамды тындамай бұзақы боп өстім. Білім алудың ерте-кеші жоқ екендігін түсініп, білім алуға өтініш беріп, міне бүгін 47 жасымда диплом алдым. Босап шыққан соң қоғамға өз пайдамды тигізетін боламын, – деді сотталушы. 

Мекеме бастығының орынбасары Б.Наурызбаевтың айтуынша, түзеу мекемесіне жазасын өтеуге жіберілген әрбір сотталғанның жаза мерзімі аяқталғанша олармен тәрбиелік жұмыстар жүргізілуімен қатар, кәсіптік білім алуына да мүмкіндік беріледі. Мекемеде кәсіптік-техникалық колледждің филиалы ашылғанына 8 жыл ішінде 300-ден астам сотталған әр түрлі мамандық иесі атанған.


EL.KZ
Бөлісу: