4 наурыздан бастап сайлаушылар өзінің тізімде бар-жоғын тексере алады

3 Наурыз 2023, 11:30 1479

«Адал сайлау үшін» штабының мүшелері БАҚ үшін брифингі өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

«Адал сайлау үшін» штабының мүшесі Жанар Бұқанова сайлау заңнамасына сәйкес сайлаушылар тізімін азаматтардың тұрғылықты жері бойынша әкімдіктер жасайтынын және сайлау комиссияларына жіберілетінін айтты.

«Сайлаушылардың тізімі тұлғалар туралы мемлекеттік база арқылы құрылады. Бірақ ол жерде азаматтың аты-жөні, мекен-жайы қате жазылуы мүмкін. Сондықтан сайлау учаскелері сайлаушылардың тізімін 15 күн бұрын ұсынуы керек», - деді ол.

Әкімдіктер барлық деректерді жеке тұлғалардың мемлекеттік деректер базасы негізінде қалыптастыратынын атап өткен жөн.

Бұдан бөлек, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына сәйкес сайлау құқығын іске асыру және азаматты сайлаушылар тізіміне енгізу тұрғылықты жері, ғимараты немесе үй-жайы меншік иесінің өтініші негізінде тұрғылықты жері бойынша тіркеуден шығарылған адамдарды сайлау күні сайлау учаскесінің мекенжайы бойынша ғимаратта немесе үй-жайда тіркеуге жол беріледі.

Басқосуда Думан Жампейісов сайлаушылар тізіміне белсенді сайлау құқығы бар азаматтар енгізілетінін атап өтті.  Дауыс беруден 15 күн бұрын азаматтарға тізімдермен танысуға және өз деректерінің дұрыстығын тексеруге мүмкіндік беріледі. 

«Ертең 4 наурыздан бастап сайлау заңнамасына сәйкес әрбір сайлаушы сайлау учаскесіне барып, тізімде бар-жоғын анықтай алады. Ол үшін арнайы мүмкіндіктер берілген. Яғни Telegram-дағы чат-бот, Call орталықтарының көмегіне жүгіне алады», - деді ол.

Сонымен қатар Думан Жампейісов Астана және Алматы қалалары бойынша өзін-өзі ұсынған кандидаттар арасында қолданыстағы заңнаманы бұзу жағдайлары жиі кездесетінін атап өтті. Мәселен, ӘҚБтК-нің 104-бабына сәйкес сайлау қорытындыларына ықпал ету мақсатында жалған немесе ар-намысқа нұқсан келтіретін мәліметтерді тарату құқық бұзушылық болып табылады және әкімшілік жауаптылыққа әкеп соғады. Сот үгіт талаптарын бұзды деп тану негізінде сайлау комиссиясы кандидатты тіркеудің күшін жоюға құқылы.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: