Биылғы Азия чемпионатын еліміздің ерлер құрамасы 4 алтын, 5 күміс, 1 қола медальмен жалпы командалық есепте 2-орында аяқтады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Санжар Ташкенбай 48 кг дейінгі салмақтың аса тартысты өткен финалында өзбекстандық қарсыласы Шодиержон Меликузиевке есе жіберді. Төрешілер есебі: 1-4.
Бокшымыз Махмұд Сабырхан 54 кг дейінгі салмақта Азия чемпионатының жеңімпазы атанды. Ол Таиландтың Чиангмай қаласындағы финалда өзбекстандық Шахзод Музаффаровты айқын басымдықпен жеңді. Төрешілер есебі: 4-1.
Ұлттық құрама боксшысы Оразбек Асылқұлов 57 кг дейінгі салмақта күміс жүлдегер атанды. Ол финалда өзбекстандық Миразизбек Мирзахалиловке жол берді. Есеп: 0-5.
Бокшымыз Дулат Бекбауов Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Ол 67 кг дейінгі салмақтың финалында өзбекстандық Мужибилло Турсуновтан ұтылып қалды.
Тәжірибелі боксшы Абылайхан Жүсіпов Азия чемпионатын күміс медальмен аяқтады. Ол финалда (71 кг) өзбекстандық қарсыласы Хавасбек Асадуллаевтан айласын асыра алмады.
Диас Молжігітов 75 кг дейінгі салмақтың тартысты өткен финалында өзбекстандық қарсыласына есе жіберді.
Боксшы Бекзат Нұрдәулетов Таиландта өтіп жатқан бокстан Азия чемпионатында алтыннан алқа тақты. Бұл оның сары құрлық бәсекесіндегі алғашқы жүлдесі. 86 кг дейінгі салмақта сынға түскен отандасымыз шешуші жекпе-жекте өзбекстандық Жасурбек Юлдошевті жеңді.
Отандасымыз Сағындық Тоғамбай Таиландтың Чиангмай қаласында өтіп жатқан бокстан Азия чемпионатында топ жарды. Ұлттық құрама спортшысы 92 келіде ақтық сында Парвиз Каримовтің (Тәжікстан) осал тұсын тапты.
Азия чемпионатында ел қоржыны тағы бір алтын медальмен толықты
Аса ауыр салмақтағы (+92 кг) Айбек Оралбай 2 жыл бұрынғы Аммандағы жетістігін тағы қайталап, жеңімпаз атанды. Ол финалда Қытай өкілі Абудурешит Ремуланы сан соқтырды. Осылайша, Айбек командаға 4-алтынды салды.
1/2 финалда Ерасыл Жақпеқов жастар арасында Әлем чемпионы, Париж Олимпиадасының ширек финалисі, көрші Өзбекстан спортшысы Тұрабек Хабибуллаевпен жолықты. Алма-кезек басымдықпен өткен айқаста төрешілер тек bout review нәтижесі бойынша шешім қабылдап, Өзбекстан өкіліне жеңісті берді.