«4-5 сынып оқушылары насыбай атып жүр». Депутат дабыл қақты

13 Наурыз, 16:09 797

Депутат Жарқынбек Амантайұлы ҚР Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға және  Ішкі істер министрі Ержан Саденовқа жолдаған депутаттық сауалында насыбай қолданушылардың жасарып бара жатқанына алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды EL.kz aқпарат агенттігі.

Депутат 4-5 сынып оқушыларының еш кедергісіз насыбай атып жүргенін көріп, еріксіз дабыл қағуға мәжбүр болғанын жеткізді.

Заңда шектеу қойылғанына қарамастан, бұл зиянды зат сауда орындарында, базарлар мен дүкендерде бала деп, жас деп қарамай, еркін сатылуда. Бағасы да қолжетімді, ал зияны шаш етектен. Оның үстіне, бүгінде формасын өзгертіп, кәдімгі қалташадағы шай секілді қораптап, шақшалап, түрлендіріп ұсынуда. «Жевательный табак», «Снюс», «Шайба» деген атаулармен таралуда. Насыбай – не мәдениетке, не әдепке, не гигиенаға сай келмейтін жиіркенішті қалдықтардан жасалатын зат. Өкінішке қарай, бұрын оны тек үлкен адамдар ататын болса, қазіргі кезде мұнымен балғын жастар, тіпті болашақ ана болар қыздар да әуестенетін болған. Олардың саны жыл сайын артуда, - дейді ол. 

Бұған қоса, ел үміт күтіп отырған спортшы жастар арасында да бұл кері әдеттің қалыпты жағдайға айналғанын айтады.

Кейбір деректер бойынша, халықтың 10 пайыздан астамы насыбайды қолданады екен.  Ең қауіптісі – оның құрамында қандай улы заттардың бар екенінің белгісіз болуы.  Әдетте, оның құрамында химиялық заттар, әк, сексеуіл, арша, тобылғы ағаштарының күлі болады. Уытын арттыру үшін тауықтың саңғыры, түйенің тезегі де қосылады екен. Насыбайды мұқият зерттеген мамандар бұдан бөлек, оған есірткі мен психотропты заттардың да қосылғанын анықтаған. Бұлардың тұтынған адамды тез тәуелділікке ұшырататыны сөзсіз, - дейді ол.

Швед ғалымдары да бұған зерттеу жүргізіп, насыбайдың құрамынан хром, никель, кадмий, қорғасын, күшәла секілді химиялық заттарды тапқан. Бұлардың барлығы да қалыпты мөлшерден әлдеқайда артық болған. Еліміздің дәрігерлері насыбай атудың адамды тәуелділікке ұшыратумен қатар, түрлі ауруларға да душар ететінін айтады. Тіпті ол қатерлі ісікке, ұрпақсыздыққа апаратыны ғылыми дәлелденген.

Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты мамандарының айтуынша, насыбай тұтыну ауыз қуысының қатерлі ісігінің дамуына әкеледі екен. Олар соңғы кездері насыбайдың салдарынан қатерлі ісікке шалдыққандар арасында жастардың көбейіп кеткенін жеткізді.  Сондықтан елді улап отырған бұл қатерлі дертті ауыздықтап, оның таралуына мүлдем тосқауыл қою қажет. Атап өткеніміздей, елімізде насыбайға заң жүзінде шектеу қойылғанымен, орындалуында осалдық танытып отырмыз, – дейді депутат.

Мәселен, насыбай саудасымен ұсталғандарға әуелі ескерту жасалып, кейіннен небәрі 5 айлық есепті көрсеткіш мөлшеріндегі айыппұл салынады екен. Ал шағын және орта кәсіпкерлерге салынатын айыппұл мөлшері – 20 айлық есептік көрсеткіш қана. Саудагерлер мұны шыбын шаққан құрлы көрмей отыр.

Сондықтан ұлт денсаулығына нұқсан келтіретін, ұрпағымызды улайтын, қазаққа жат әдеттен арылуымыз керек. , - деді Жарқынбек Амантайұлы.

Арнайы органдар сауда орындарына қатысты шешім шығарып, жас ұрпақты улап отырғандарға қатысты кешенді шара қабылдауы тиіс деп санайды депутат.

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: