22.08.2025
15:01
430
384 зауыт тексерілді: Үкімет автожолдарды қалай өзгертпек?

384 зауыт тексерілді: Үкімет автожолдарды қалай өзгертпек?

Үкіметте Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен автокөлік жолдарының сапасын арттыру мәселелері бойынша жиын өтті. Көлік желісін жаңғырту бойынша Президент қойған міндеттерді ескере отырып, саланың ағымдағы жағдайы мен даму жоспарлары қаралды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Жиын барысында көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров, «ҚазЖолҒЗИ» АҚ президенті Арман Әлібаева баяндама жасады.

Көлік министрлігінің мәліметінше, еліміздегі автокөлік жолдарының жалпы ұзындығы 185 мың шақырымды құрайды, оның ішінде республикалық маңызы бар жолдар 25 мың шақырым, жергілікті деңгейде 70 мың шақырым жол және елді мекендердің 90 мың шақырым көшелері бар.

Мақсат Қалиақпаров автожолдардың сапасын арттыру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады. 2025 жылы 13 мың шақырым жол қамтылмақ. Оның ішінде республикалық 2 мың шақырымнан астам жол реконструкцияланып, облыс орталықтары арасындағы 6,6 мың шақырым жол жөнделмек, ал жергілікті жерлерде 4,1 мың шақырым жол жаңартуға жатады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша республикалық маңызы бар жолдардың нормативтік жай-күйін 94%-ға, жергілікті жолдардың нормативтік жай-күйін 91%-ға дейін жеткізу жоспарлануда.

Заңнамалық деңгейде бірқатар түзету қабылданды. Соның негізінде сапа орталығының ескертулерін жоймай нысандарды пайдалануға қабылдауға тыйым салынды, ал 2023 жылдан бастап барлық орташа жөндеу жобалары жобалық шешімдердің және олардың құнының дұрыс қолданылуына қатысты ведомстволық сараптамадан өтуге міндетті.

Жүргізіліп жатқан жұмыстар шеңберінде 2025 жылдың 7 айынының қорытындысы бойынша сапасыз жол-құрылыс материалдары мен ақаулар санының 2%-ға төмендегені, жергілікті жолдарды қиыршық тастан асфальтбетон төсеміне ауыстыру 14%-ға өскені байқалды. Сонымен қатар, жобалық шешімдерді оңтайландыру 1 млрд теңгеден астам қаржы үнемдеуге мүмкіндік берді, ал жергілікті жолдарды диагностикамен қамту 50%-ға жетті.

Жол-құрылыс үдерісіне қатысушылардың жауапкершілігін арттыру үшін жұмыстың барлық кезеңдерінде сараптаманы автоматтандырудың цифрлық жүйелері мен тетіктері енгізілді, 384 асфальтбетон зауытына кешенді тексеру жүргізілді, сондай-ақ «ҚазЖолҒЗИ» АҚ институтымен «кілтті тапсырғанға дейінгі» келісімшарттар жасалып және жобалау құжаттамасына сараптама жүргізу енгізілді.

«ҚазЖолҒЗИ» АҚ президенті Арман Әлібаева жол саласына цифрлық технологияларды енгізу туралы хабардар етті. Соңғы 5 жылда институт автожолдарды салу және жөндеу технологияларын жетілдіруге бағытталған 20-дан астам ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізген. Бүгінде елімізде бірнеше цифрлық жобалар жүзеге асырылуда.

Жобалау сапасын арттыру мақсатында жол-құрылыс материалдарының бірыңғай базасы мен нақты климаттық жағдайларға және қозғалыс қарқындылығына материалдарды дәл таңдау есебінен берік және сенімді жол төсемдерін пайдалануға бағытталған Superpave технологиясы енгізілді.

Жалпы саны 2 мыңнан астам пайдаланушысы бар Jolshy жол саласы мамандарының базасы талдамалық ақпарат алуға, кадрлық өзгерістерді бақылауға және жол-құрылыс жұмыстарын орындаудың сапасын қамтамасыз ету үшін мамандардың біліктілік деңгейін қадағалауға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта «ҚазЖолҒЗИ» апаттардың себептерін жүйелі бағалауға және жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға бағытталған ЖКО талдау порталын әзірлеуде.