3,8 млн қазақстандық тегін дәрі-дәрмек алады

19 Сәуір 2023, 09:32 1462

Алматыда Орталық Азиядағы миллиондаған адамға әсер ететін мәселе - арзан дәрі-дәрмекке адамдардың қол жетімділігін талқылау үшін субөңірлік саяси диалог басталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жиынға Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық аймақтық бюросы, Денсаулық сақтау жүйелері мен саясаты жөніндегі Еуропалық обсерватория және Денсаулық сақтау министрлігі ұйымдастырып отыр.

Екі күндік жиында дәрі-дәрмекті сатып алу және жеткізу тізбегі, баға белгілеу және шығындарды өтеу, қаржылық қорғау және жақында іске қосылған ДДСҰ ЕАБ-ның «Жаңа дәрілік заттар платформасы» мәселелері талқылануда.

Елімізде халықты қолжетімді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мемлекеттік денсаулық сақтау саясатының басым бағыттарының бірі. 2021 жылы негізі қаланған «Сапалы денсаулық» ұлттық жобасында республика халқының сапалы дәрі-дәрмекке қол жеткізуі басты бағыттардың бірі ретінде нақты белгіленген.

Бүгінгі жиында сөз алған ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев Қазақстан жыл сайын медициналық-санитарлық алғашқы көмек (МСАК) деңгейінде де, ауруханалар деңгейінде де дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді ұлғайтып келеді дейді.

Егер 2019 жылы МСАК деңгейінде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету 45 нозологияны және 2,7 млн адамды қамтыса, 2022 жылдың өзінде бұл көрсеткіш амбулаторлық деңгейде 126 нозологияға артып, 3,8 млн адам қамтылды. Яғни, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету төрт есе артты. Біз бүгін ДДСҰ-ның сапалы дәрі-дәрмекке қол жеткізу жиынына қосылғанымызға қуаныштымыз. Шарадағы ортақ мақсатымыз сапалы дәрі-дәрмекке қол жеткізу үшін қолдан келгеннің бәрін жасау, тәжірибе алмасу, Орта Азия елдерінен келген әріптестерімізбен тәжірибе алмасып, тығыз әріптестік орнату, - деп, вице-министр мәселенің маңызына үңілді.

Қазақстан делегациясының құрамында Денсаулық сақтау министрлігі Дәрілік саясат департаментінің өкілдері, Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің, бірыңғай дистрибьютор «СК-Фармация» ЖШС, Дәрілік заттарды сараптау ғылыми орталығы және фармацевтикалық қызмет бойынша түрлі бірлестіктердің өкілдері қатысуда.

Саясат мәселелері жөніндегі диалогқа ДДСҰ Еуропалық аймақ елдеріндегі Денсаулық сақтау жүйелері мен саясаты жөніндегі директоры, доктор Наташа Аззопарди-Мускат, ДДСҰ-ның Қазақстандағы өкілі, ДДСҰ-ның Алматыдағы медициналық-санитарлық алғашқы көмек орталығының басшысы доктор Мелитта Якаб, Денсаулық сақтау жүйелері мен саясаты жөніндегі Еуропалық обсерваторияның техникалық сарапшылары және Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан елдерінің денсаулық сақтау министрліктерінің өкілдері қатысуда.

Доктор Наташа Аззопарди-Мускат Орталық Азияға сапарын денсаулық сақтау жүйесі мен алғашқы медициналық-санитарлық көмекке инвестицияларымен көптеген елдерді шабыттандырып отырған Қазақстаннан бастап отырғанын жеткізді.

Аззопарди-Мускат ханым, сонымен қатар өзінің екі апталық сапары аясында Өзбекстан мен Тәжікстанға да баруды жоспарлап отырғанын тілге тиек етті:

Осы екі апта ішінде ДДСҰ делегациясы алғашқы медициналық-санитарлық көмек, психикалық денсаулық, дәрі-дәрмекке қолжетімділік, денсаулық сақтауды қаржыландыру және ең бастысы, денсаулық сақтау саласындағы жұмыс күші саясаты сияқты денсаулық сақтау жүйесінің маңыздылығына назар аударады. ДДСҰ Орталық Азияның барлық елдерінде денсаулық сақтау жүйесін нығайту бойынша белсенді жұмыс істеуде, ДДҰ топтары елдердегі ұлттық және аймақтық саясаткерлермен және шешім қабылдаушылармен бірлесе жұмыс істейді, - деп, өзінің негізгі жұмысы жайлы мәлімдеді.

Диалог дөңгелек үстел түрінде өтуде және саяси мәселелері ұқсас әртүрлі елдердің басы бір үстелдің басында қосылды. Осы жиын нәтижесінде нақты шешімдер қарастырылады.

Дәурен Мақсұтханұлы
Бөлісу: