12.01.2026
12:13
2383
38 градус аяз: Қазақстанда ауа райы күрт суытады

38 градус аяз: Қазақстанда ауа райы күрт суытады

Қазгидромет синоптиктері 13-15 қаңтарға арналған ауа райы болжамын жариялады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Қазақстанға суық антициклон жақындап келеді

Метеорологтар мәліметінше, қыс басталғалы ел аумағында салыстырмалы түрде жылы ауа райы сақталып тұр. Алайда алдағы күндері қыс өз мінезін көрсетпек.

Қазақстанға қарай суық антициклон жылжып келеді. Алдағы күндері ол республика аумағы арқылы жылдам өтеді, – деп хабарлады «Қазгидромет» синоптиктері.

Оқи отырыңыз:

Алдымен ауа температурасының төмендеуі солтүстік өңірлерде сезіледі, кейін суық ауа шығысқа және елдің өзге аймақтарына тарайды.

14 қаңтарда солтүстікте, ал 15 қаңтарда шығыс өңірлерде түнгі уақытта ауа температурасы -30…-38 градусқа дейін төмендейді.

Сонымен қатар антициклонның жылдам қозғалысы желдің күшеюіне себеп болады. Елдің солтүстік бөлігінде кейбір аудандарда жел екпіні секундына 28 метрге дейін жетуі мүмкін.

Қаңтар айында ауа райы қандай болады?

Жалпы, синоптиктер қаңтар айы климаттық нормадан жылы болады деген болжам жасайды. Республика бойынша орташа температура қалыпты көрсеткіштен 1-2 градусқа жоғары болады деп күтіледі.

Дегенмен қаңтардың екінші және үшінші онкүндіктерінде солтүстік, солтүстік-батыс, шығыс және орталық аймақтарда суық ауа массаларының енуіне байланысты күн күрт суытады. Бұл кезеңде түнгі уақытта температура -25…-35 градусқа, күндіз -15…-20 градусқа дейін төмендеуі мүмкін. Ал ең жылы күндері ауа температурасы -5…+3 градусқа дейін көтеріледі.

Елдің батыс өңірлерінде түнгі ауа температурасы -20…-27 градусқа, күндіз -12…-19 градусқа дейін төмендейді. Кей күндері жылымық болып, күндізгі температура 0…+5 градусқа жетуі ықтимал.

Қазақстанның оңтүстігінде түнгі температура 0…-5 градустан -10…-20 градусқа дейін, ал күндіз +2…+12-ден -3…-13 градусқа дейін ауытқиды. Қаңтардың үшінші онкүндігінің жекелеген күндерінде түнде -20…-30 градусқа, күндіз -10…-18 градусқа дейін суытуы мүмкін.