3,6 млн теңге жиналады. «Келешек» бағдарламасының қандай ерекшеліктері бар?

Бүгiн, 17:01 187

10 қаңтарда президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Келешек» жинақтаушы жүйесіне қатысты заңға қол қойды. Мемлекет балалардың білім алуына арналған біржолғы старттық капиталды бюджет есебінен аударуды бастайды. Жиналған қаржыны магистратура немесе докторантура деңгейінде жұмсауға рұқсат беріледі. El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі осы тақырыпты зерттеп, шоттағы ақшаны қандай жағдайда шешіп алуға болады жаңа бағдарлама ерекшеліктерін анықтауға тырысты.

«Келешек» жүйесі білім алу үшін қаржы жинақтауды көздейді. Оған мемлекет, ата-аналар мен қаржы институттары қатысады. Мақсат – жоғары білім, колледж немесе магистратураға түсу үшін қажетті қаражатты жинақтау. Атап айтқанда, әр ата-ана баласының атына кез келген банкте немесе өмірді сақтандыру компаниясында есепшот ашуға құқылы дегенге саяды.

Жаңа бағдарламаның ерекшеліктері қандай?

Жаңа бағдарлама шарты бойынша мемлекет, екінші деңгейлі банктер мен ата-аналар өзара ынтымақтастықта болады. Мемлекет тарапынан бала бес жасқа толған кезде оған бюджет есебінен старттық капитал бөлінеді. Бұл Президент жолдауын орындауға арналған ерекше бағдарлама десек болады.

Бастапқы капитал «Келешек» жүйесі бойынша старттық білім капиталы бюджеті есебінен бөлініп, 5 жасқа толған балалардың шотына аударылады:

Барлық балалар үшін – 60 АЕК (2024 жылы 221 520 теңге);

Балалар үйінде тәрбиеленетін балалар үшін – 120 АЕК (2024 жылы 443 040 теңге).

Заң жобасында ата-аналарға баласының шотына жыл сайын минималды жарна салуға қатысты талаптар да белгіленген:

Әлеуметтік осал топтардан (ӘОТ) шыққан балалар үшін – 12 АЕК (2024 жылы 44 304 теңге);

Басқа балалар үшін – 24 АЕК (2024 жылы 88 608 теңге).

Шот ашылғаннан кейін ата-аналар мен басқа да отбасы мүшелері, мәселен, әжелері мен аталары қосымша жарналар енгізе алады.

Банк сыйақысымен немесе сақтандыру компаниясының инвестициялық табысымен қатар, бұл жинақтарға жыл сайын мемлекеттік сыйақы да қосылады:

Барлық балалар үшін – 5 пайыз;

Әлеуметтік осал топтар санатындағы балалар үшін – 7 пайыз.

Заң жобасында банктерге депозит бойынша минималды табыс шегі белгіленеді. Бұл шек ең төмен дегенде 2-3 пайыздық тармақ болуы тиіс. Мысалы, қазіргі кезде банктер жай депозиттерге 14 пайыздық сыйақы төлесе, «Келешек» салымдары бойынша ең төменгі сыйақы 11 пайыз болуы тиіс.

Қаражатты қандай мақсатта қолдануға болады?

Мектепті бітірген соң баланың шотында жинақталған ақшаны жоғары білім алуға, колледжде оқу немесе шетелде білім алу үшін жұмсауға болады.

Егер бала мемлекеттік грант жеңіп алса, жинақталған қаражатты келесі мақсаттарға қолдануға рұқсат:

Ата-аналар жарна сала алмаса не болады?

Егер ата-аналар жыл бойы минималды соманы (12 АЕК немесе 24 АЕК) төлемесе, мемлекет есепшоттағы бастапқы білім капиталын қайтарып алады. Келісім бұзылады.

Бұл - старттық білім капиталы ретінде бөлінген 60 немесе 120 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі қаражатты бюджетке қайтарады деген сөз.

Бала 18 жасқа толғанда қандай сома жинақталады?

Егер ата-аналар немесе заңды өкілдер баланың шотын үнемі толықтырып отырса, 18 жасқа толған баланың шотында едәуір ақша жинақталуы тиіс.

Мәселен, ата-аналар тек минималды жарналарды салғанның өзінде 18 жасқа толғанда 3 миллион теңге көлемінде қаражат жинақталады. Ал егер ата-аналар тұрақты түрде үлкен сомада қосымша жарна енгізсе, 18 жасқа дейін баланың шотында 5-11 миллион теңге және одан да көп қаражат болуы мүмкін.

Бала қайтыс болған жағдайда жинақталған қаражат жақын туыстарына беріледі.

«Келешек» жүйесін іске қосу мерзімдері жүйе туралы заң қабылданғаннан кейін 60 күн ішінде күшіне енеді.

Жүйе тиімді жұмыс істеу үшін заңға сәйкес қосымша нормативтік актілер қабылданып, барлық қатысушылардың (ата-аналар, банктер, мемлекеттік органдар және әлеуметтік қызметтер) ынтымақтастығын қамтамасыз ететін инфрақұрылым дайындалуы қажет болады.

Айнұр Оспанова
Бөлісу: