11.03.2026
13:00
285
3,6 млн теңге: ақпан айында ең жоғары жалақы кімдерге ұсынылды?

3,6 млн теңге: ақпан айында ең жоғары жалақы кімдерге ұсынылды?

Ақпан айында Қазақстандағы Enbek.kz электронды еңбек биржасында еңбек нарығына қатысты жаңа деректер жарияланды. Бір ай ішінде жұмыс берушілер шамамен 99 мың бос жұмыс орнын ұсынған. Ал жұмыс іздеген азаматтар 124,9 мың түйіндеме орналастырған. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді.

Қай салаларда жұмыс орындары көбірек ұсынылған?

Еңбек нарығында дәстүрлі түрде әлеуметтік сала мен қызмет көрсету бағытында бос жұмыс орындары жиі жарияланады. Ең көп вакансия білім беру саласында тіркелген. Мұнда 26,9 мың бос жұмыс орны орналастырылған.

Сонымен қатар қызмет көрсету саласында 14,6 мың, ал денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету саласында 9,4 мың вакансия жарияланған. Ал өңдеу өнеркәсібінде шамамен 8,6 мың бос жұмыс орны ұсынылған. Яғни дәл осы салаларда жұмыс күші көбірек қажет.

Қандай мамандарға сұраныс жоғары?

Бос жұмыс орындарының басым бөлігі орта біліктілігі бар мамандарға арналған. Бұл санаттағы вакансиялар барлық ұсыныстың 44,2 пайызын құрайды.

Ал жоғары білікті мамандарға арналған жұмыстар 34,4 пайызды құрайды. Қалған 21,4 пайыз арнайы тәжірибені көп қажет етпейтін жұмыстарға тиесілі.

Вакансия көп өңірлер

Аймақтар бойынша ең көп бос жұмыс орны Павлодар облысында тіркелген, 8,1 мың вакансия орналасқан. Одан кейін Астана қаласында – 7,8 мың, ал Түркістан облысында – 7,4 мың жұмыс орны бар.

Сондай-ақ Қарағанды облысында – 6,6 мың, ал Алматы қаласында – 6,3 мың вакансия жарияланған.

Жұмысты көбіне қай өңір тұрғындары іздейді?

Жұмыс іздеушілердің ішінде ең белсенді өңір – Түркістан облысы. Бұл өңірден 16,8 мың адам түйіндеме жариялаған.

Ал Астана тұрғындары – 10,2 мың, Алматы облысы – 9,5 мың, Алматы қаласы – 9,2 мың түйіндеме орналастырған.

Еңбек нарығында жастар белсенді

Жұмыс іздеушілердің арасында 35 жасқа дейінгі жастар ең белсенді топ болып отыр. Олар барлық түйіндеменің 42,3 пайызын құрайды.

35–44 жас аралығындағы азаматтар – 26,7 пайыз, 45–54 жас – 19,8 пайыз. Ал 55 жастан асқан адамдардың үлесі – 11,2 пайыз.

Гендерлік көрсеткіш бойынша әйелдердің белсенділігі сәл жоғары. Барлық түйіндеменің 54,6 пайызы әйелдерге, ал 45,4 пайызы ер адамдарға тиесілі.

Ең жоғары жалақы ұсынылған мамандықтар

Ақпан айында ең жоғары жалақы мұнай-газ кен орындарын игеру бойынша инженерлерге ұсынылған. Бұл мамандарға айына шамамен 3,6 миллион теңгеге дейін жалақы белгіленген.

Сонымен қатар құрылыс жобаларының бас технологтарына шамамен 2,8 миллион теңге, ал материалтану техниктеріне 2,2 миллион теңгеге дейін жалақы ұсынылған.

Жұмыс іздеушілер қандай жалақы күтеді?

Жұмыс іздеушілердің арасында ең жоғары жалақы күтетін мамандықтардың бірі – ұшқыштар. Олар айына шамамен 3,3 миллион теңге табыс күтетінін көрсеткен.

Ал инвестициялық жобалар директорлары шамамен 2,1 миллион теңге, оқу курстарын әзірлеушілер 2 миллион теңгеге жуық жалақы күтетінін жазған.

Еңбек нарығындағы жалпы жағдай

Жалпы алғанда, ақпан айында Enbek.kz порталындағы белсенділік жыл басымен салыстырғанда біршама төмендеген. Дегенмен еңбек нарығындағы негізгі сұраныс өзгерген жоқ.

Жұмыс берушілер көбіне әлеуметтік сала мамандарын, қызмет көрсету саласы қызметкерлерін және жұмысшы мамандарды іздеуде.