«33 жасында өмірден өткен». Мәскеу Олимпиадасында алтын алған Шәміл Серіков туралы не білеміз

29 Шілде, 15:10 3194

Өмірден ерте озған қазақ балуаны Шәміл Серіков жайында қалың жұртшылық біле бермейді. Ол кім еді? Қандай додаларда топ жарды? Неге өмірі ерте үзілді?

Әлем чемпионатын екі рет жеңген, Мәскеуде өткен Олимпиада ойындарында алтын алған біртуар спортшы жайлы халықаралық күрес федерациясының мүшелері: «Шәміл – фантастика! Мұндай дарынды балуанды көрерменге көрсетпеу күнәмен пара-пар», – деген екен. Өзі арық қағілез Шәмілдің анасы бастауыш сыныптарда жүріп-ақ күреске ынтасы бар болғанын, сабақтан келе сала кішкентай сөмкесін асынып, жаттығуға асығатынын айтады. Анасы арықтығына қарап, атақты балуан шығатынына сенбесе керек. Бір күні Серіков марапат қағазын әкеліп анасына көрсетеді. Оның жеңіс жолы осылай басталған екен.

Алғашқы жеңісі

Шәмілдің талай додада топ жаруына жаттықтырушысы Анатолий Жарковтың қосқан үлесі көп. Ол Серіковтың қарсыластарының күресу тәсілдерін көріп алып, шәкіртімен солар болып күресе біледі екен. Міне, осындай бапкердің арқасында ол кілемге шыққан бойда қарсыластарының жауырынын жер иіскететін болған. Сонымен қатар, Жарков туралы жағымсыз пікірлер де бар. Ол Шәмілден тек жеңісті талап етіп, аямай жаттығуға салатын болыпты. Спортшының жеке бас мәселелері туындаған тұста да, еш көңіл бөлмей қойған екен. «Оның бір ауыз сөзі Серіков өміріндегі біраз проблемалардың бетін қайтарар еді» дейді Шәмілдің тағы бір бапкері Псарев.

1977 жылы Шәміл Серіков Одақ біріншілігінде екі рет жеңіліс тауып, өзінің басты қарсыласы Константиновтың чемпион болуына жол ашты. Осы сәтсіздіктен кейін құраманың бас жаттықтырушысы Псарев Шәмілдің барлық айланы қолдана алатындығын біліп, басты проблемасы да осында екенін көреді. Оған жаңа әдістерді үйретеді. Зерек Серіков ол тәсілді де тез-ақ үйреніп, жаңа жеңіс жолын бастап кетті. Ол көптеген елдерде өткен жарыстарда топ жара бастады. Тіпті, Одақтағы басты қарсыласы саналған Олимпиада чемпионы Константиновтен екі рет басым түсті. 1978 жылғы Мехикодағы, 1979 жылы Сан-Диегода өткен әлем чемпионаттарында топ жарып, даңқын асқақтата түсті. Қазақтың ішінен грем-рим күресі бойынша әлемді бағындырған алғашқы қазақ осы – Шәміл Серіков болды.

Ал Константинов болса, Олимпиада алдында оны сапқа қоспай қойғанын айтып, шағымданды. Екі рет Олимп тұғырын бағындыруға мүмкіндік бермегеніне налып, спорттық жолын аяқтауға мәжбүр болады.

1980 жыл. Олимпиада алтыны

Айтулы доданың басталуына санаулы күн қалғанда Шәмілдің қолына сыздауық шығып, оның спорттық жолын біраз тығырыққа тіреді. Беті бері қайтпаған соң, тіпті Константиновтың өзінде де үміт оты жарқ ете қалғаны анық. Бірақ, дәрігерлер Серіковтың дертіне дауа таба алды. Ол үш күннің ішінде қолына шыққан сыздауықтан құлан таза айығып кетті.

Шәміл алғашқы белдесуінде қарсыласын бір-ақ айналымда жеңіп, дұрыстап терлеп, бабына келе алмағанын айтады. Мәскеудегі төрткүл дүниенің тарландары бас қосқан сында Шәміл жолындағы барлық қарсыластарды оңай ұтып келе жатқан болатын. Оның жолын Италия елінің өкілі кесе-көлденең өтуге шақ қалады. Қалай дейсіз ғой? Ол үстіне май жағып алыпты. Еуропалық балуанға май да сеп бола алмады. Нағыз шебер Шәміл, әйтеуір қарсыласынан басым түсіп, жеңіске жетті.

Оның бір ерекшеліктері аз уақыттың ішінде жеңісті жұлып әкетсе, екіншісі айтарлықтай басымдылықпен ұтатын болған. Олимпиададан кейін «Лениншіл жастың» «Олимпиада чемпионы болған қандай екен?» деген сұрағына, Шәміл «Соны әзір түсінсем бұйырмасын, баяғы Шәмілмін ғой деймін» депті.  

Дегенмен, Шәмілдің әкесі ұлының бұл тұғырда тұрған сәтін көре алмады. Ал анасы болса, теледидардан оны көрген сайын егіліп жылай беріпті.

Мәскеу олимпиадасындағы Шәмілдің қарсыластары 
1. бірінші белдесуде бельгиялық Жульен Мевисті кеудесінен асыра лақтырып, 2 минут 28 секундта таза жеңді.
2. Екінші кездесуде румын Михал Боцилды 1 минут 25 секундта ұтты.
3. Үшінші қарсыласы итальяндық Антонио Кальтабианоны ұпай санымен жеңді.
4. Төртінші белдесуде чех Иожеф Кристаны 15:3 есебімен ойсырата ұтты. 
5. Шәміл жартылай сында швед Бенни Лунгбекті 2 минут 42 секундта таза жеңді.
6. Финал. Шәміл Серіков – Юзеф Липень (Польша) – 11:4 есебі тіркелді.

Өмірінің соңғы жылдары

Олимпиададан кейін Шәміл 2-3 ірі турнирлерде мүлде жарқырап көріне алмады. Осылай оны 1982 жылы Одақ құрамасына алмай қояды. Шәмілдің өзі «осы жылы ересектер арасындағы Қазақстан біріншілігінде бірінші рет жеңіске жеттім. Бұл турнир Одақтың жиынымен тұспа-тұс келетін еді. Бірақ бұл атақ маған ешқандай жеңіс сезімін сыйлай алмады. Сол сәтте мен өзімнің спорттық жолымды тоқтату керектігін түсіндім» – дейді.

Құрамадан шығарылған соң, Шәмілдің жағдайы қиындай түсті. Ай сайынғы степендиясынан қағылды. Спорт маңына мүлде жолатпай қойды. Тіпті, оны ауған соғысына да жібергісі келген екен. Осы ортада Серіковке жанашыр адам табылып, оны Қапшағайдағы спорт мектебіне жұмысқа алады. Бұл орында үш жыл қызмет жамсайды. Жарының айтуы бойынша, даңқты спортшы отбасын асырау мақсатымен кәуап та сатқан, жеміс те тасыған екен.

1988 жылы Шәміл Мәскеуге барып спорт комитетінің төрағасымен кездесіп, жағдайын түсіндіреді. Ал ол кезегінде спорт басқармасындағы, бапкерлік орның мен айлығың дайын деп қайтарады. Шәміл еліне оралып, ол орынға басқа адамның тағайындалып қойғанын біледі. Бұл қазан айының соңы болатын. Қарашаның 22-сі күні біртума спортшы өмірден озды. Шыдамның шегі таусылған күн сол болған шығар деп топшылайды жары. Сол күндері ол ішімдікке де жақындау болып кеткен екен.

Оның артында Тимур, Елдар атты екі ұлы қалды. Қазірде Олимпиада чемпионы атында турнир өткізіледі, Алматыдағы бір көшеге есімі берілді. Сондай-ақ, деректі фильм түсірілді.

Өмірдерегі мен жетістіктері:
Шәміл Серіков 1956 жылы наурыздың 5-і күні дүниеге келген.
Грек-рим күресінен 57 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен.
1970 жылы күреспен айналыса бастаған.
1975 жылы КСРО спорт шебері дәрежесін алған.
1978 жылы халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын алған.
1979 жылы еңбегі сіңген спорт шебері атағын алған.
1978, 1980-82 жылдары КСРО чемпионатына қатысқан.
1978 жылы КСРО чемпионы атанды.
1979, 1980 жылдары халықаралық турнирлер жеңімпазы атанды.
1979 жылы Еуропа чемпионы атанды.
1978, 1979 жылдары әлем чемпионы атанды. (Мексика, АҚШ)
1980 жылы Олимпиада чемпионы атанды. (Мәскеу)
1980 жылы «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған.
1988 жылы 22-қарашада дүниеден озды.

Шәміл татар ма?

Оның ұлты туралы көптеген әңгімелер бар. Шәмілдің әкесі – қазақ, ал анасы – татар! Бұлай әңгіме таралуына Шәмілдің Мәскеу Олимпиадасынан кейін жеңімпаздар мен жүлдегерлерді Дінмұхаммед Қонаев қабылдағанда ұлты жайлы сұраққа «татармын!» деп жауап қатқаны болса керек. Бұлай айтуына  ЦК КПЛСМ бастығының ескертпесі себеп екен. Тәртіпке бағынатын спортшы, Қонаевтың алдында солай жауап берсе керек.

Шәміл Серіков бар болғаны 33 жасында өмірден өтіп кетті.

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: