32 жасында 8 баланың анасы атанған

14 Қыркүйек 2018, 10:20 11797

Жылылық пен шуақ жайлаған шаңырақ

Түркістандық Ерімбетовтер отбасы «Бала – бақытым» деп санайды. Киелі шаһарға арнайы барған сапарымыздың бірінде осы шаңыраққа бас сұғуды жөн көрдік. Табалдырықтан аттағанымыз сол еді, бойы мен жасы шамалас ұл-қыздар жүгіріп келіп, бірінен кейін бірі  амандасты. Түрін жаттап үлгермедік.

Бұл отбасының отанасы Жанат Ерімбетова батыр ана. «Алтын алқа» иегері. 30 жасында сегіз ұл-қызды аман-есен дүниеге әкелген. Қазір жасы – 32-де. Тоғызыншы сәбиін күтіп отыр. Ай-күні жақын қалыпты.

- Ақ босағаны 18 жасымда аттадым. Жарыммен танысуымның өзі қызық әрі кездейсоқ болған. Жақын құрбыларымызбен бірге Түркістандағы дәмханалардың бірінде бас қосып, отырыс ұйымдастырмақшы болдық. Соған бару үшін жол бойында қолымызды көтеріп, такси тоқтатып тұрғанбыз. Алыстан байқап тұрса керек, көлік тізгіндеген бір жас жігіт тоқтап, қайда баратынызды сұрап, сосын жеткізіп салуға ниет білдірді. Межелі жерге жеткенімізде дәмханаға кіріп, бізбен бірге отырысқа қатысуын өтінді. Осылайша Айдармен танысып, жақын араласып кеттік. Үш айға жетер-жетпес қыз-жігіт боп кездесіп жүрдік. Ол үйленуге ұсыныс жасады. Осылайша анамның алдынан өтіп, шаңырақ көтердік. Бұл 2004 жыл еді. Ата-енем алтын адамдар. Еркелетті, білмегенімді үйретті, ұл-қызыма қарайласты, жұмыс істеуіме мүмкіндік берді, - дейді Жанат.

Көпбалалы отбасының тұңғышы Арафат 13 жаста, Нұрай 12-де. Мұхаммед 10 жаста. Арай 8-де, Ибрахим 7-де, Кәусар 6-да. Жетінші перзент Інжу 4 жаста болса, отбасының кенжесі Гаухар 2 жаста. Үлкен бес перзенті мектепте оқиды, екеуі балабақшаға барады. Ал кенжесі үйде. Үлкендері анасының қолғанаты. Бірі дастархан жайысып, бірі ыдыс-аяқ тасысып, енді бірі кішкентайларына қарайлап жүр.

- Тұңғышым Арафат дүниеге келгенде атамның әпкесі «мен сияқты батыр ана бол» деп бата берген еді. Ол кісі алтын құрсақты ана. 15 ұл-қызды дүниеге әкеліп, тәлім-тәрбие беріп, қатарға қосқан. Ақ жаулықты ананың тілегін Құдай қабыл етті. Ұл-қыздарым дүниеге келгенде оларға есім беруге туысқандар таласады. Алла қаласа, тоғызыншы перзентіміздің есімін өзіміз қойсақ деп отырмыз, – деп күлді Жанат.

Жанат пен Айдардың отбасы мемлекеттен берілген үш бөлмелі пәтерде тұрады. Бір жыл бұрын көшіп келген. Ал оған дейін ата-ененің қолында тұрып, ененің мектебінен өткен. Бір қалада тұрған соң демалыс күні қарашаңыраққа асығады.

- Аллаға шүкір, 17 немере, 1 шөбереміз бар. Сенбі, жексенбі күндері бәрі осында жиналады. Үйде сол немерелердің аспазымын. Ал құрбыларым болса, «Сен бір балабақшаның меңгерушісің ғой» деп қалжыңдайды. «Немере баладан да тәтті» деген рас екен. Барлығы үйге жиналғанда айналамыз у-шуға толып, қуанышқа бөленеміз. Ұлым Айдар мен келінім Жанаттың отбасына мемлекеттен үй берілген соң, талап бойынша сол жерде тұру керек. Сол үшін оларды біраз уақыт бұрын бөлек шығарған болатынбыз. Бірақ сәл көрмей қалсақ, сағынамыз. Немерелерім «Мен атамның», «мен апамның баласымын» деп таласады. Әрқайсысы бізді меншіктеп алған. Келініме «денсаулығың болса, Алланың берген баласын дүниеге әкелуден қашпа. Қазақтың санын көбейтіп, өрісімізді кеңейте бер» деп үнемі айтып отырамын. Инабатты, ибалы келініммен мақтанамын, -  дейді Жанаттың енесі Құмархан апа.

Жанат қаладағы ауруханалардың бірінде медбике болып істейді. Арманы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесу, тілдесу.

- Президентіміз жыл сайын 8 наурыз Халықаралық әйелдер күні қарсаңында қоғамның әр саласында белсенді еңбек етіп жүрген әйелдермен дөңгелек үстел басында кездеседі ғой.  Танымал болмасам да, көпбалалы ана ретінде сол отырысқа қатысқым келеді. Елбасының алдында сөз сөйлеп, алғысымды жеткізсем деймін. Күндердің күнінде бұл арманымның да орындалатынына сенемін. Былтыр облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың құттықтау хатын алдым. Мерейімді тасытып, көңілімді көкке көтергенін жасырмаймын. Бұл да бір қуаныш қой, - дейді Жанат.

Жанаттың жары Айдардың қолынан келмейтіні жоқ. Тұрақты жұмысының жоқтығына қарамастан пысықтығы мен еңбекқорлығының арқасында, ұл-қыздарын қатардан қалдырған емес. Бала тәрбиесіне байыппен қарайды.

- Бала үйде нені көрсе, соны қайталайды. Өзің темекі шегіп, балаңа темекі шекпе, ол өкпеңе зиян деп қалай айтасың? Немесе, ішімдік ішіп, балаңа өскенде ішпе деп қалай айтасың? Балаңа құр ақыл айтып қана емес, өз ісіңмен үлгі болу керек деген ұстанымдамын. Үйде қандай да бір шаруа атқарылса, бәріміз бірігіп жасаймыз. Мәселен, мен бау-бақшаны суғарып немесе көліктің бұзылған жерлерін жөндесем, ұлдарым үнемі қасымда көмектесіп жүреді. Анасы екеуміз балалардың көзінше бір-бірімізге қатты сөз айтпаймыз. Ата-ананың бір-біріне және ұл-қызына деген құрметін көріп өскен бала мейірімді, тәрбиелі, еркін болып өседі деп ойлаймын. Бес қыз, үш ұлым бар ғой. Кейде үш ұлым, «мама екі ұл тусыншы, сонда біз 5:5 болып теңесеміз» деп айтады. Үшеуін мығым болсын деп дзюдоға апарамын, - дейді Айдар.

Жылылық пен шуақ жайлаған шаңырақтан ерекше көңіл күймен шығып, Шымкентке аттандық.

Фотосуреттер автордікі

Әйгерім Бегімбет
Бөлісу: