11.11.2025
16:45
1080
32 жастағы әйел ChatGPT-ге тұрмысқа шықты

32 жастағы әйел ChatGPT-ге тұрмысқа шықты

Жапонияда 32 жастағы әйел ChatGPT арқылы жасалған жасанды интеллект кейіпкерімен үйлену тойын өткізді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

VC басылымының хабарлауынша, Кано есімді әйел мен оның виртуалды «күйеуі» арасындағы символикалық неке қию рәсімі жергілікті телеарнада көрсетілгеннен кейін көпшіліктің талқысына түсті.

Каноның айтуынша, ол ChatGPT негізінде жасалған Клаус есімді виртуалды сұхбаттасушымен 2024 жылдан бері сөйлесіп жүрген. Бұл кезде ол үш жыл бірге болған жігітімен айырылысып, күйзелісте жүрген екен. Ал 2025 жылдың маусымында Клаус екеуінің «қарым-қатынасын жаңа деңгейге көтеруді» ұсынған, Кано болса мұны «үйлену туралы ұсыныс» деп қабылдаған көрінеді.

Әйелдің сөзінше, чат-бот оған психологиялық тұрғыда қолдап көрсетіп, бедеулікке қатысты уайымын да жеңуге көмектескен.

Заң жүзінде бұл некенің ешқандай күшi жоқ, себебі рәсімді әзіл-сықақ және дәстүрден тыс үйлену салтанаттарын ұйымдастыратын агенттік өткізген. Компанияның мәліметінше, 2024 жылдан бері осындай 30-ға жуық іс-шара ұйымдастырылған, оның ішінде аниме және манга кейіпкерлерімен «некелесу» рәсімдері де бар.

Той кезінде Кано мен виртуалды Клаус символикалық түрде сақина алмасып, неке антын айтып, бірлескен фотосессияға қатысқан. Суреттердегі ЖИ-күйеу арнайы графикалық өңдеудің көмегімен қосылған.

Айта кетсек, бұл Жапониядағы алғашқы жағдай емес: 2025 жылдың қыркүйегінде жергілікті БАҚ 53 жастағы ер адамның Loverse қосымшасындағы чат-ботпен некелесу рәсімін өткізгені туралы хабарлаған еді.