31 тамыз кинопремьералары

31 Тамыз 2017, 13:15 2637

Жаздың соңғы күні еліміздің кинонарығына шығатын фильмдер.

Жаздың соңғы күні еліміздің кинонарығына «Ағайынды жеті қыз» фантастикалық триллері, америкалық екі хоррор, спорт комедиясы мен мексикалық мультфильм және ресейлік екі картина шықты. Енді толығырақ.

«Өлі қар» («Dead Snow») зомби-комедиясымен танымал болған норвег Томми Виркола 7 егіз қыз туралы фантастикалық картинасын ұсынады. «Ағайынды жеті қыз» («Тайна 7 сестер») фильмінің оқиғасы болашақта өрбиді. Адамдарға отбасында тек бір ғана бала тууға рұқсат етіледі. Алайда бір ерлі-зайыптының үйінде жеті егіз дүниеге келеді. Көпшілікке әшкере болмау үшін олар өсе келе үйден жалғыздан ғана шығып жүреді. Сәйкесінше олар аптаның күндеріне сәйкес аталады. Бірде Дүйсенбі кенеттен жоғалып кетеді де, қалыпқа айналған өмір сүру дағдысы бұзылады.

Жеті егізді швед актрисасы Нуми Рапас («Прометей») бір өзі ойнап шықты. Америкалық актер Уиллем Дефо («Өрмекші-адам») оның әкесін ойнайды.

Картина халықаралық статусқа ие, оның өндірісіне Бельгия мен Франция, АҚШ пен Ұлыбритания мамандары атсатысты.

Барда күзетші болып, кенеттен хоккейші болып шыға келетін жұдырықтасу шебері туралы 2011 жылғы «Вышибала» комедиясы есіңізде ме? Сол картинаның жалғасы жарық көріп жатыр. «Вышибала: Эпический замес» - Шонн Уильям Скотт орындайтын басты кейіпкердің хикаясын жалғастырады. Фильмге Канада актері Джей Барушель режиссер болды, бұл оның алғашқы толықметраж жұмысы.

Үрейлі кино көрермендері үшін екі фильм бар – «Квест» және «Хэвенхёрст». «Квест» - бір бөлмеге қамалып, түрлі басқатырғылардың шешімін табатын квест-ойын туралы. Төрт дос осындай ойынға жазылып, бір бөлмеге қамалады. Олардың соңына жендет түседі. Бір сағат ішінде олар барлық жұмбақты шешім, аман қалуы керек.

Ал «Хэвенхёрст» оқиғасы Нью-Йорк орталығындағы бір үйде өрбиді. Осы жерге Джеки есімді қыз өзінің із-түссіз жоғалып кеткен құрбысын іздеп келеді. Ол бұл үйдің қабырғалары талай құпияны бүгіп тұрғанын сезеді. Үй мен оның тұрғындарының сырын білмек болып терең үңілген сайын олардың қармауынан шығу да қиындай түседі.

«Гоголь. Начало» - жазушы Николай Гоголь туралы фильмдер сериясының алғашқы бөлімі. Жалпы осы сериямен 4 картина шығару жоспарланған. Жақын болашақта әлі «Гоголь. Заколдованное место», «Гоголь. Вий» және «Гоголь. Страшная месть» деген фильмдер шығуы тиіс. Аталған кинокартиналар экранға арасына ай жарым салып шығып тұратын болады.

Бірінші фильм оқиғасы 1829 жылы өрбиді. Жас Николай Гоголь Санкт-Петербургте император кеңсесінде сот хатшысы болып қызмет етеді. Сол кезде ол алғашқы шығармаларын жаза бастап еді. Алайда өзінің талантына сенімсіздігі бар жазушы өз жазбаларын өртеп тастап жүреді. Бірде ол атақты тергеуші Яков Петрович Гуромен танысады. Ол Полтава губерниясындағы жұмбақ қылмысты тергеуге жолға жиналады. Гоголь одан қасына ілестіріп алуды өтінеді. Ауылдық жерде оны тылсым күш иелерімен кездесу күтіп тұр.

Жазушы рөлінде - Александр Петров.

«Про любовь. Только для взрослых». Бұл да ресейлік жоба, Анна Меликян басқарған киноальманах. Күлкілі бес оқиғадан құралған альманах махаббат феноменін (әлде ғажабын) әрі қарай зерттей түседі. Оқиғалардың барлығы тағдырларды тоғыстыратын жазғы Мәскеуде өтеді. Фильмге Ресей киносының жұлдыздарынан бөлек Голливуд актері Джон Малкович түсті.

2011 жылы «Топ Кэт» атты мексикалық мультфильм жарық көрген еді. Соған приквел ретінде жаңа туынды еліміздің кинотеатрларына шығып жатыр. «Банда котиков» - Топ Кэттің бұрынғы басынан кешкендерін баяндайды.

Ернар Бекенов
Бөлісу: