Қазақстанда АИТВ-мен ауыратын 31 мыңнан астам адам тұрады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Денсаулық сақтау ведомствосы таратқан ақпаратқа сүйенсек, індетті жұқтырудың негізгі жолы 74% жағдайда жыныстық қатынас болып саналады.
Соңғы жылдары ЖИТС-тан өлім-жітім 100 мың халыққа шаққанда 2018 жылғы 1,4-тен 2022 жылы 0,9-ға дейін төмендеген. Оның ішінде, 12 жылда антиретровирустық терапиямен қамту 19 есе өскен.
Былтыр АИТВ-ға шалдыққанын білетін адамдардың 84%-ы емделді. АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың 87%-ында вирустық жүктеме басылады, яғни олар вирусты басқаларға жұқтырмайды.
Республикамызда АИТВ-ның анадан балаға берілуі профилактикасына ерекше назар аударылады, бұл берілу жағдайларының 2,6%-ын құрайды.
Халық үшін АИТВ-дан қорғау бойынша ақпараттық-білім беру жұмыстары жүргізілуде.
Айта кететін жайт, мамырдың үшінші жексенбісінде бүкіл әлемде халықаралық үкіметтік емес ұйымдардың бастамасымен дәстүрлі түрде ЖИТС-тен қайтыс болған адамдарды еске алу күні өткізіледі.