Астанада ерлі-зайыпты Дәулет пен Толқын Тотақановтарға қайырымдылықты желеу етіп, алаяқтық жасады және қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастырды деген айып тағылып, қылмыстық іс қозғалды. Бұл істің мән-жайы мен негізгі деректеріне тоқталдық, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Қылмыс қалай жасалған?
Ерлі-зайыптылар 2020-2024 жылдар аралығында Instagram және Facebook әлеуметтік желілерінде балалары Альтаирдің ауыр сырқатына қаражат жинау үшін жалған ақпарат таратқан. Олар әсерлі жазбалар мен бейнероликтер арқылы қоғамның жанашырлығын пайдаланып, 1,3 миллиард теңгеден астам қаражат жинаған.
Жиналған қаражаттың тек 6,4 миллион теңгесі баланың еміне жұмсалған, ал қалған бөлігі жеке қажеттіліктерге, соның ішінде құмар ойындар, қымбат киімдер, саяхаттар, 3 пәтер, жер телімі және 5 автокөлік сатып алуға кеткен, - делінген Қаржы мониторинг агенттігі таратқан ақпаратта.
Жарнамаға ақша жұмсау
Ерлі-зайыптылар жиналған қаражаттың 481 миллион теңгесін (шамамен үштен бір бөлігін) әлеуметтік желілердегі парақшаларын жарнамалауға жұмсаған. Meta Ads арқылы жүргізілген таргеттелген жарнама қайырымдылық көлемін ұлғайтуға мүмкіндік берген.
Түркиядағы LIV Hospital клиникасында 84 миллион теңгеге ота жасалатыны туралы жалған ақпарат таратып, әуежайдағы «ұшып бара жатқан» бейнероликпен халықты алдаған. Тергеу барысында қаражаттың Тотақанованың, оның анасының және тіпті 2021 жылы қайтыс болған әжесінің шоттарына аударылғаны анықталды. Сотқа дейінгі тергеу басталғанын білген соң, күдіктілер жер телімін үшінші тұлғаға рәсімдеп, активтерді жасыруға әрекеттенген, бірақ тергеу бұл мәміленің жалған екенін дәлелдеді, - делінген полиция ақпаратында.
Қылмыстық жолмен алынған мүліктерге тыйым салынды, ал күдіктілер үйқамақта. Іс Астанадағы Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотта қаралуда. Айып Қылмыстық кодекстің алаяқтық және ақшаны заңдастыру баптары бойынша тағылған. ҚР Конституциясы мен Қылмыстық-процестік кодекске сәйкес, соттың заңды күшіне енген үкімі шықпайынша күдіктілер кінәсіз деп есептеледі.
Алаяқтықтың ауқымы
1,3 миллиард теңге жинап, оның тек 0,5%-ға жуығын (6,4 миллион теңге) баланың еміне жұмсау – қоғамның жанашырлығын асыра пайдаланудың ашық үлгісі. Бұл қайырымдылыққа деген сенімді әлсіретуі мүмкін. Күдіктілердің жарнамаға 481 миллион теңге жұмсауы олардың қылмысты жоспарлы түрде ұйымдастырғанын көрсетеді. Meta Ads сияқты заманауи құралдарды пайдалану алаяқтықтың кең ауқымда таралуына мүмкіндік берген.
Instagram және Facebook-тегі таргеттелген жарнамалар халықтың эмоциясына әсер етіп, қомақты қаражат жинауға ықпал еткен. Бұл әлеуметтік желілердегі қайырымдылық науқандарын реттеу қажеттілігін көрсетеді.